16.05.2019, 21:22
Қараулар: 198
«Қазақстан фермерлер одағы» БҚО филиалының төрағасы Серік ЖАРЫЛҒАПОВ: «Ауыл шаруашылығы дамысын десек, кооперациялануымыз керек»

«Қазақстан фермерлер одағы» БҚО филиалының төрағасы Серік ЖАРЫЛҒАПОВ: «Ауыл шаруашылығы дамысын десек, кооперациялануымыз керек»

– Серік Әбдіғалиұлы, фермерлер одағының облыстық филиалы қандай жұмыстармен айналысады? Қандай мәселелерге назар аудармақсыздар?

– Біздің одақ шаруаларға, шаруашылықтарға қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыстануда. Сонымен қатар әрбір шаруаға ел көлемінде болып жатқан жаңалықтарды жеткізіп, мемлекет тарапынан болатын қолдау-көмектің тетіктерін түсіндіреміз. Фермерлер одағының бүгінгі саясаты – әр ауданда, әр ауылдық округте өзінің бөлімшесін ашу. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге жаны ашитын, фермерлердің түйткілді мәселелерінен хабары бар әрі тегін жұмыс істейтін адамды табу оңай емес. Өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының және «ҚазАгро» АҚ-ның еншілес ұйымдары өкілдерімен бірге облыстағы Тасқала ауданынан басқа барлық ауданды түгелдей араладық. Менің түсінбейтінім – Ауыл шаруашылығы министрлері жаңадан тағайындалған сайын еліміздегі қабылданып қойған салалық бағдарламалардың жиі ауысатындығы. Бағдарлама бес жылға есептелген  соң өзгертілмей, оған өмірдің талабына сай  аз-мұз түзетулер қаулылармен енгізіліп отырса бірсәрі. Сондықтан қолданыстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» әрі қарай жүзеге асырылғаны жөн. Мұны тек фермерлер одағының  емес, көптеген шаруаның ой-пікірі деңіз. Кооперация жұмыстары жақсы қолға алынып басталып еді, министрлер ауысқан соң кейінге сырылды, енді оны қазіргі министр  еске де алмауы мүмкін.

Кеңес одағының шекпенінен шыққан Белоруссияда ауыл шаруашылығы күйремей, сол қалпында сақталып қалды. Белорустардың президенті ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген, өзі агроном, кеңшар директоры болған. Бұл елде де қайта құру үрдісі  жүрді. 2013-2016 жылдар аралығында онда төрт рет ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Соның төртеуіне де  бардым. Сондай іссапардың бірінде Минскіден 40 шақырым жердегі Борисов ауданындағы шамалы деген шаруашылыққа апарды. Шаруашылықты аралап көріп, басқасын көрмей-ақ қояйын деп шештім.  Неге? Өйткені ол өзі малын өсіріп, егінін егіп, тұрғындарына қолайлы жағдай жасаған  колхоз екен.

Оның егісін бір кооператив келіп егіп береді, екіншісі улайды, кілең машина-трактор стансасы сияқты кооператив құрып тастаған. Біреуі егінін орса,  келесісі жинайды дегендей. Колхоздағылар 300-400 сүтті сиырын сауып, 400-500 ірі қарасын бордақылайды. Содан кейін мұндай кооперацияны бізде ұйымдастырудың тиімділігіне көзім жеткендей болды.

Ауыл шаруашылығы саласында шаруаларға берілетін несиелер, субсидиялар ұзақ мерзімге берілуі тиіс деп есептеймін. Малдан төл алып, оны әрі қарай өсіруге, игілігін көруге уақыт керек. Белоруссияда ауыл шаруашылығы несиесі 1 %-бен 30 жылға беріледі. Егер мен шаруа адамы болсам, алдағы тірлігімді ойша елеп екшеймін ғой: биыл мен  100 мал алсам, алдағы үш жылдың ішінде мынадай басын сатуға шығарамын, мал басын өсіруге мына-дай басын қалдырамын деп. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы қайтадан өзгертіліп, қабылданды. Өткен жылы күзде өңірдегі шаруаларға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 млрд. теңге шамасында несиелік қаржы берілді. Сол алынған қаржыға асыл мал табу мәселесі шаруа адамдарын қинайды. Іргедегі Ресейде карантин, шетелден мал әкелу қымбатқа шығады. Елімізде асыл тұқымды малдың түрлі палатасы құрылған, ендеше неге сол палаталар шаруаларға асыл малды іздеп табуға көмектеспейді екен деген ой мазалайды. Жалпы, біздің одақ шаруалардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды.

– Мемлекет шаруа адамына барлық жағдайды жасауда. Дегенмен шаруа адамын тағы қандай мәселелер қинайды?

 

– Иә, дұрыс айтасыз. Шаруа адамына мемлекет тарапынан лизингке техника, түрлі субсидия сықылды қолдау-көмек көрсетілуде. Фермерлер бұл қолдаудың шапағатын көруде. Бірақ бұл көмек барлық шаруаға қолжетімді және жеткілікті шамада болуы  шарт. Егіс саласында субсидияны бұрын гектарына төлейтін. Сондықтан шаруалар арпа, бидай екпей, субсидия берілетін майлы дақылдарды егуге көшіп кетті. Үкімет бертін келе, майлы дақылды май сығатын кәсіпорындарға тапсырғанда тоннасына демеуқаржы береміз деп ережені ауыстырды. Бір жылдық шөп егуге де берді субсидияны. Оны кейбір жігіттер бір мың гектарды алады да, алқаптың айналасына бір жылдық шөпті егеді де, ортасына екпей бос қалдыратын тәсілді тапты. Сонысы әшкере болып, шаталғандар да болды. Қазір оны да алып тастады. Бұрындары сырттан жем сатып алсаң, оған да субсидия беріп жүрді. Бүгінде оның барлығы өзгерді. Қазір шетелден асыл мал сатып алсаң, мал басына  225 мың теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығынан аталық мал алсаң, онда 150 мың теңге, асыл тұқымды сиырды өсіруге 20 мың теңге, тауарлық малға 10 мың теңге шамасында және бұзауға, қойға да аздаған субсидия берілуде. Сондықтан фермерлер одағы шаруалардың басын қосып,  оларға еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтарды жеткізіп, мемлекет тарапынан берілетін көмек-қолдауды біліп қана қоймай,  іс жүзінде сондай тетіктердің шапағатын көрсін деп жұмыс істейді.

Бюджет қаржысына салынған мал өнімдерін өңдеу саласындағы «Батыс Марқа Ламб», «Батыс Кроун» сынды компанияларда хроникалық түрде «қолайсыз» жағдай қалыптасты. Етке мал өткізушілердің біразы адал малының ақшасын ала алмай жүр. Осы мәселе өзекті. Бүгінде «Кублей» кәсіпорны өңірдегі ет өңдеуші алпауытқа айналды. Тірі салмағы 400 келіден асатын малды 735 теңгеден аламыз депті прайс парақшасында.  Сонда еттің келісін 1470 теңгеден  алмақ. Мал бордақылау алаңдарында семіртілген  дайын мал бар болғанмен, облыста оны етке өткізетін жер жоқ. Дайын малды алып кетумен басқа біреу жұмыстансын. Мысалға, «Кублей» мал таситын көлік сатып алған. Енді етке өткізілетін малды өзі барып тиеп алып кететін болса, міне, бұл  – дұрыс саясат. Бүгінде «Кублейде» мал өнімінің барлығы, тіпті малдың тұқайына дейін өңделеді. Бірақ етті нарықтағы бағадан арзандау алады, ол баға шаруаның мал өсіруге, семіртуге жұмсаған шығынын ақтамайды. Малды асылдандырдық. Қазақстанда өндірілген асыл малдың бұқадан басқасы сатылмайды, сонда қашарларын, төлін қайда жібереміз? Бұл да – өзекті мәселе. Шетелден мал сатып әкелеміз, малды асылдандыруға, қанды жаңартуға деп. Қош делік. Өзімізде асыл мал өндіретін шаруашылықтар тиісті палаталарға мүше болып, жарнасын төлеуде. Сонда асыл малды етке өткізгенде қандай пайда көреміз? Сол малды өсіруге мемлекеттен миллиардтаған субсидия бөлінді. Енді сол шаруашылықтар аяққа тұрғанда жергілікті асыл малды субсидиялайтын бағдарламаны жауып тастау дұрыс емес.

Бөрлі ауданының орталығы Ақсайда кезінде құрама жем зауыты болды. Онда он жылдай жұмыс істегенмін. Түрлі себептерге байланысты 2012 жылдан бері ол тұрып қалды. Облысымызда құрама жем өндірісі дамымаған. Шаруалар арпа, бидайды кебектей алады да, малға тартып береді. Бірақ ешкім оны ірі қараның асқазаны қорытып жатыр ма, жоқ па, кебек сіңімді ме, әлде түк пайдасы жоқ па деп  сараптамайды. Ақ Жайық өңірінде ешқандай жем қоспай, құрама жем шығаратын әлеует бар. Ондай заманауи технология да бар. Бірақ оған қаржы құйып, іске асыратын адам болмай тұр.

– Серік Әбдіғалиұлы, Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыру тапсырылғаны мәлім. Соған орай ауыл шаруашылығының маманы, білікті агроном ретінде ауа райы күрт құбылмалы өңір саналатын біздің облыста ауыл шаруашылығын дамытуда қандай жұмыстарды қолға алған жөн деп санайсыз?

– Қазіргі уақытта облыс аумағындағы көптеген су айдынын қамыс басып кетті. Сол қамысты кебектің орнына қосымша мал азығы ретінде майдалап, пайдалануға болады. Хлорелла деген бір клеткалы балдырлар бар. Башқұртстанда, Татарстанда, Өзбекстанда сонымен малды асырап отыр. Кезінде Атырау облысының «Ақжайық» деген шаруашылығында өткен ғасырдың 70-жылдары мал бордақылауға пайдаланып, жоғары жетістіктерге жетіскен. Сондықтан бұл – біздің  өңірге үйлесе кететін технология. Яғни балдырға ұнтақтап қамыс қосып, қазақша айтқанда, көже жасалады. Сондай жобам дайын, бірақ қаражатым жоқ. Малды сырттан тасымалданатын сіңімсіз, құнарсыз әрі қымбат мал азығымен азықтандыру ақылға қонымсыз. Биыл Татарстанға барып, осы технологиямен танысып келмекпін. Бидайды сығып бермейміз,  тартып береміз, сондықтан ол малға жұғымсыз.  2018 жылдың соңында  және биылғы жылдың басында шаруалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай дамыту қорынан» 2 млрд. теңге шамасында несиелік қаражат алды. Несиеге қол жеткізген сол жігіттерден «Қаржы алып, мал сатып аласыздар. Сонда сол малды немен асырайсыздар?», – деп сұрадым.  Жазғы мезгілде малды жайып бағарсың, ал қыста не бересің? Сонау Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов аудандарының бір қиырында тұрсаң, облыс орталығынан не тасисың? Құрама жем өндірісі жоқ, малды құр шөппен асырай алмайсыз. Мал шаруашылығын дамытуда осы жағы ескерілуі тиіс.

Шыңғырлау ауданында сырымдық үш жігіт өздерінің шаруашылықтарын ашты.  Солардың әрқайсысы трактор, прессор, орақ, шөп тиегіш сықылды техника алды. Оларға осының бәрін бірдей неге алғансыздар, әрқайсыңыздың жеріңіз 2 мың гектардан, техниканы екі кісі бірігіп алсаңыздар жарайды ғой дедім. Сонда есептеп қарасақ, 12 млн. теңге артық үнемдер еді. Қалған  қаржыға 100 баспақ алып, 30 бастан бөліп алса, дұрыс болар еді. Келесі жылы одан төл алады, оны өсіріп табыс табады дегендей. Осылайша үш дос қаржылық институттан несие алып, несие құрығын мойындарына ілді.  Былтыр солардың біреуінің 30-40 малы бруцеллезге шықты. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында кооперация құрған дұрыс. Аталған сала өркендесін десек, ауыл құрдымға кетпесін десек, кооперациялануымыз керек.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар