16.05.2019, 21:12
Қараулар: 121
Барымташылар басынбасын десек…

Барымташылар басынбасын десек…

«Бәленшенің жылқыларын айдап, түгеншенің сиырларын тиеп кетіпті» деген әңгімелерді жиі естиміз. Шындығына келгенде, мұндай сөздер құлағымызға үйреншікті болып кеткендей. Мал ұрлығы, әсіресе, жаз және күз айларында, төрт түлік өрісте жүргенде жиі орын алады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай әрі мол олжаға батуды ойлайтындар көзіне түскен малды пайдасына асырып бағуда. Осы орайда ұрлықты болдырмау, алдын алу туралы қаншама рет айтылып жүрсе де, нәтиже аз.

Шынтуайтында, ауылда жұмыссыз отырған ағайын ақ адал еңбегімен тапқан азын-аулақ малымен күн көріп отырғаны жасырын емес. Ішсең, сусын, жесең, тамақ, мінсең, көлік болатын төрт түліктің бірінші жауы жаманауыз (қасқыр) болса, күні бүгінде екінші жауы – екі аяқты пенде болып тұрғаны жанымызға батады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ», сол себепті көлденең жортқан ұры-қары оңай олжаға кенелуде. Бұрын малды ит-құс жесе, қаңқасы қалып, қарға үймелеп, менмұндалап жатушы еді. Қазір жоғалған мал зым-зия, бір белгісі қалмай құриды. Демек, малдың жоғалуының басты себебі – ұрлық, яғни адамның ісі. Іздестіре келгенде, ұры да алыстан келмеген болып шығады.

Ауылдағы ағайынның малын қолды қыла-тындар саны артпаса, кеміген емес. Осы мәселеге байланысты аудандық полиция бө-лімінің берген мәліметіне сараптама жасап көрелік. Мәліметтен мал ұрлығы жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын байқадық. Мәселен, 2017 жылы 49 мал ұрлығы жасалса, өткен жылы 54-ке жеткен. Ал күні кеше табалдырықтан аттаған доңыз жылының бірінші тоқсанында 6 дерек тіркеліп үлгерген. Ауданда соңғы екі жыл және биыл-ғы жылдың I тоқсаны қорытындысында мал ұрлығы бойынша 109 қылмыс тіркелсе, со-ның 73-і ашылған. Демек, мал ұрлығының 67 пайызы ғана ашылып отыр.

Ұрының алыстан ат сабылтып келмесі анық. Содан соң  кімнің малының қай жерде жайылып жүргенін ұрылар қайдан біледі? Міне, сұрақ! Ауыл халқы бірлесіп, кезекшілікке шығып, малына мұқият болса, мұндай жағдай орын алмас еді-ау. Көбіне өрісте жүрген мал қолды болып жатса, аула-қоралардан да кетіп жатқаны аз емес. Бұл қыл-мыстардың жасалуына ықпал еткен бірнеше себеп те бар. Біріншіден, қойды, ірі қара мен жылқыны ұстауға арналған орындар бекітіліп-жабылатын құрылғылармен жаб-дықталмағандықтан, ұрылардың қораларға қандай да бір кедергісіз кіріп, арамза ойын оңай жүзеге асыруына жағдай туғызады. Ұрыларға тағы да бір көмек – мал тұратын жерде күзеттің болмауы. Мұнымен қоса мал бағудың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, яғни бақташылармен келісімшарттың жасалмауы, ауылдық округ әкімдерінің тарапынан бұл мәселенің бақылауға алынбауы халықтың өз қолындағы малына салғырт қарауының салдары болып отыр.

– Ұрлықтың ашылуын ауырлата түсетін себептердің бірі – жәбірленушілердің жо-ғалған малды өз бетімен іздеп, уақыт өткізіп алатыны. Араға бірнеше күн салып барып қана полицияға келетінін қайтесіз. Нәтиже шықпағаннан кейін ұрлықтың ізі суып кеткен соң, құқық қорғау құрылымдарына жүгінгені ақылға қонбайды. Мәселен, 2018 жылы А. және Т. есімді азаматтар (белгілі себептермен аты-жөндері жазылған жоқ) бөтен біреудің дүние-мүлкін жасырын жымқыру мақсатында алдын ала сөз байласып, Жалпақтал ауылынан 500 мың теңгеге бағаланған ірі қара ұрлап, аутокөлікпен алып шыққан. Алайда малшы қорадағы малды қанжығаларына байламақ болған екеудің алдынан шыға келгендіктен, теріс пиғылы мен арамза ойлары жүзеге аспай, оқиға орнынан бой тасалаған. Нәтижесінде, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуларына байланысты әлгі екеуі қылмыстық жауапкершіліктен бо-сатылған, – дейді Қазталов  аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция аға  лейтенанты Ернар  Хамитов.

Тағы бір мысал. Ауылдастарының малын талан-таражға салған ұры ұсталған. Малы қолды болғандар «Ауылдың баласы ғой», «атасы жақсы адам еді» дегенді желеу етіп, кешірім берген. Ал ұрлық жасаған әлгі адам медиация тәртібімен келісімге келіп, жәбірленушілердің шығындарын еселеп қайтарып, құтылып кетіпті. Заңның әлсіздігін білетін баукеспенің түнгі «жо-рыққа» тағы да шықпасына кім кепіл? Малының қолды болуына ағайындардың өз-дері де себепші болып жататынын көріп жүрміз. Кездейсоқ адамдарға малын бақ-тырып қойып, санын соғып жатқандар да баршылық. Сөзіміз дәлелді болсын, өткен жылы Қазталов ауылдық округінде бір шаруа қожалығының бақташысы көршілес Жаңақала өңірінің баукеспелерімен ымыраласып, иесінің қорасына жеті рет түскен. Ақырында тәртіп сақшыларының құрығына ілікті. «Көп асқанға – бір тосқан» деген осы.

–  Қазталов ауданында  ұйымдасқан топ 2016-2018 жылдары ірі қара малын ұрлаумен айналысып, жәбірленушілерге  5 млн. 160 мың теңге зиян келтірген. Тиісінше, бұл топ та құрықталып, темір торға тоғытылды. Осы жерде мына бір мәселені де айта кету керек. Малшының жағдайын жасап, оның еңбекақысын дұрыс берген жөн. Себебі, кейбір шаруа қожалық иелері малын баққан адамның еңбегін дұрыс төлемейді. Еңбекті қанау жақсылыққа апармайды. Оны түсінетіндер болса жақсы. «Еңбекақыңнан темекіңді, тамағыңды, тағы басқа шығындарыңды ұстадым» деп тиын-тебен ұстатып қойғасын, дұрыс ақша таппағасын, отбасына жетпегесін, ол малшы түрлі әрекеттерге барары сөзсіз, – дейді Қазталов аудандық №2 сотының судьясы Самал Оразғалиева.

Мәселен, Қазталов ауылында Миржан Нағимов деген азамат шаруа адамының субсидияға алған аталық малын алажаздай баққан. Ал сол баққан еңбегі, төккен тері әлі күнге қайтпаған көрінеді. Осылайша еңбекақының дұрыс төленбеуі ақыр соңында ұрлыққа жол ашатын бір себеп болып шыға келмей ме?! Бұған қоса ауданымыз шекаралық аймақ болғандықтан, малдың бағусыз арғы бетке өтіп кетуі де біраз қиындық тудырса, көптеген малдың сырғаланбауы да қарақшының құрығында кетуіне себепші болуда. Міне, осы жағдайлар салдарынан мал ұрлығы болған кезде құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлерін кінәлау басталады. Кейбіреулер өрістегі малды айына бір-екі рет сыртынан қарап, түгендеп тұрса, ал біреулер тіпті қарамайды. Бұдан кейін күз түскенде «малым жоғалды», «ұрланды» деп шу шығарады. Малды ұры алды ма, әлде өріс ауыстырып кетті ме немесе ит-құсқа жем болды ма, ол жағы белгісіз.

Жыл сайын көктем шыға ауылда тұрғындар жиыны өтеді. Сол жиынның күн тәртібінде малды бақтыру, бақташы шығару мәселесі бірінші кезекте қаралады. Қажеттігіне қарай мал бағатын жерге баспана (шалаш) тұрғызып беру, құдық қазу жұмыстарына қолғабыс берілетіні айтылудан кенде емес. Алайда ешкім бақташылыққа ниет білдіріп шықпайды. Ал шыққан бақташыға көптің көңілі толмайды. «Бағуынан ақша сұрауы күшті» деген тұрғындардың әңгімесін де естіп қаламыз. Ал мұнан кейін мал ұрлығына адамдардың өздері кінәлі екенін көбі мойындағысы келмейді. Ақ адал малды қорғауға тұрғындардың өздері жұмыстанбаса, даладан келіп, ешкім де бағып бермейтіні кәміл.

Күнкөрістің көзі – ақ адал малымызға өзіміз қырағылық танытпасақ болмас, ағайын! «Малжан аман ба?» деп амандасып, сол төрт түлікпен күнін көрген қазақ сан соғып қалма-сыншы.

Гүлнұр  ҚАЗБЕК,

Қазталов   ауданы