16.05.2019, 20:52
Қараулар: 114
Штаб үгітке кірісті

Штаб үгітке кірісті

Қазақстан  Республикасы  Президенттігіне  үміткер  Әміржан Қосановтың  сайлауалды  штабының өкілдері  Орал  арнаулы  әлеуметтік  қызмет  көрсету орталығында үгіт жұмысын жүргізді.

Орталық ұжымы мен зейнет жасындағы сайлаушылармен кездескен облыстық штабтың жетекшісі Мұхтар Өтесов «Ұлт тағдыры» қозғалысы кандидаттығын ұсынған Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кейін үміткердің сенімді өкілі Нұрлан Сәдір негізгі бағыт-бағдарды түсіндірді.

– Қазақстандағы әр азамат сайлау құқығын еркін пайдалана алады. Әміржан Қосановтың бағдарламасында барлық салада қызмет ететін азаматтар мемлекеттік тілді білуі міндет екені жазылған. Мұндай талап өркениетті елдерде бұрыннан бар. Кандидат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге айрықша назар аудармақ. Сонымен қатар шетелдегі қандастарымыздың атамекеніне оралуын жеделдетіп, құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетуді ұйғарып отыр. Қазақстан – өте бай мемлекет. Жер асты кенін игеріп жатқан шетелдік ком-панияларға қойылатын талаптарды халықаралық деңгейде қайта қарастыру, жұмысшыларының жалақысын көбейту, ондай еңбек ұжымдарында қазақтың үлес санын арттырумен жұмыстану көзделген. Бағдарламада Қазақстанның шетелдік мемлекеттерден қарыз алуын азайту, ел аумағында АЭС салынуына түбегейлі тыйым салу, қауіпсіз, жаңартылған қуат көздерін пайдалануға көшу жайы қарастырылған. Ең бастысы, кезектен тыс Президент сайлауына үміткер Конституцияға сәйкес азаматтардың құқығының қорғалуына, бейбіт шеруге шығып, сөз бостандығын пайдалануына ерік бермек, – деді Нұрлан Сәдір.

Сайлаушылардың қойған сауалдарына жауап берген штаб мүшелері Ә. Қосановтың азаматтық ұстанымы, еңбек жолы жөнінде баяндап, сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттары жөнінде айтты.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар