16.05.2019, 18:09
Қараулар: 255
Мейірімді жандар, шуақты орта

Мейірімді жандар, шуақты орта

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Арба» қоғамдық бірлестігінің 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. 2009 жылы өз жұмысын 10 адаммен бастаған «Арба» қоғамдық бірлестігінде қазір 280-ге жуық адам бар. Туабітті немесе тағдыр тәлкегіне ұшырап, арбаға таңылып қалған жандар бүгіндері «Арба» қоғамдық бірлестігін арқа тұтады. Өйткені басым бөлігі осы жерге келіп, өздерінің қоғамға қажет екендігін сезінгенін айтады. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қоғамдық бірлестіктің мүшелерін айтулы мерекемен құттықтады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуді мақсат еткен «Арба» қоғамдық бірлестігін бү­гінгі мерейтойымен облыс әкі­мі­нің және әріптестерімнің атынан құттықтаймын. Тәуелсіздік алға­лы елімізде әр салаға қолдау көрсетілуде. Әсіресе, мүмкіндігі шектеу­лі жандарға ерекше көңіл бөліну­де. Қоғамда түрлі жағдайлар болып жатады. Бірақ әр адам өз қай­ғысымен, өз мәселесімен жал­ғыз қалып қоймауы керек. Осы мақсатта «Арба» қоғамдық бір­лес­тігінің маңызы зор. Мүмкінді­гі шектеулі жандардың тұрмыс са­пасын көтеру және олардың құқықтарын қорғау бойынша ұлттық жоспар жасалуда. «Саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді», «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп аталарымыз бекер айтпаған. Ынтымақ-бірлігі жарасқан іргелі ұйымның қызметіне жетістіктер тілейміз. Ал­дағы уақытта сіздердің әр қада­мыңызға мемлекет тарапынан қол­дау танытып, қуанта берейік!  – деп сөзін сабақтаған Ғабидолла Абдоллаұлы «Арба» қоғамдық бір­лестігінің төрайымы Гүлмира Ас­қар­қызы мен бірлестіктің белсенді мүшелеріне облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхаттарын табыс етті.

Арбаға таңылған талай жанға кедергісіз орта қалыптастыруда «Арба» қоғамдық бірлестігінің ат­қарған жұмыстары жетерлік. Ең алдымен, төрт қабырғаға қама­лып қалған жандарға үміт сыйлаған үкі­меттік емес ұйым олардың біра­зының еңбекке араласып, табыс табуына жол ашты. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандардың кә­сіби білім алуына жағдай қа­рас­тырылған. 2012 жылдан бері Орал ақпараттық технологиялық колледжінде арбаға таңылғандар мен есту қабілеті бұзылған жандар оқуға қабылданып келеді. Салтанатты шараға арнайы келген қала әкімінің орынбасары Бақыт­жан Нарымбетов «Арба» қоғам­дық бірлестігіне қала әкімі Мұрат Мұқаевтың алғысхатын табыстады.

– Азаматтық қоғамның дамуы­на, мүмкіндігі шектеулі жер­лес­теріміздің мұң-мұқтажының барынша уақтылы шешілуіне өзін-дік үлес қосып жүрген «Арба» қоғамдық бірлестігі біздің мүмкіндігіміздің шексіз екендігін күн­­нен күнге дәлелдеп келеді. Гүлми­ра Асқарқызымен және «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен біз бірнеше жылдан бері таныспыз. Осыдан бірнеше жыл бұ­-рын Гүлмира Асқарқызының ұшақ­тан секірген сәтінің куәсі болған едік. Сол күн, сол сәт, Гүлмира­ның батылдығы санамда әдемі естелік болып сақталып қалыпты. «Арба» қоғамдық бірлестігі мен үкіметтік емес ұйымдар өздерінің мақсатты аудиторияларына демеу болып, қолдау көрсетіп, түрлі жұмыстар атқаруда. Бұл біздің жә­не сіздердің мүмкіндіктеріңіздің шексіз екендігін білдіреді, –деді Бақытжан Қаберұлы. Салта­натты шарада мүмкіндігі шектеу­лі жандар өнер көрсетті. Театр фойесінде «Арба» қоғамдық бір­лестігі мүшелерінің қолынан шық­қан бұйымдардан көрме жасақ­талып, көрермен назарына ұсынылды.

Қоғамдық бірлестікте шағын киім тігу шеберханасы, массаж бөлмесі және психологиялық кө­мек бөлмесі бар. «Арба» қоғам­дық бірлестігі арбаға таңылған жан­­дар мен онкологиялық дертке шалдыққан жандарға қызмет көрсетеді.

Бізбен ақтарылып әңгімелес­­кен Жанерке Төлеген –  «Арба» қо­­ғамдық бірлестігінің мүшесі. Бұ­рындары үйден шықпай отырған Жанерке осы ұйымға келге­лі адам­дармен тіл табысуды үй­ренге­нін айтады. Өзі кішкентайынан өнер­ге, тілге жақын болып өскен ол Гүлмира Асқарқызымен өзін өнер өлкесі табыстырды дейді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты байқауда өнер көрсеттім. Сол жерде Гүл­мира Асқарқызы маған «Арба» қоғамдық бірлестігіне келуге ұсы­ныс жасады. Бұл жерде мен өзім секілді тағдырлас, мейірімді жандармен таныстым. Бұрын тоғыз жылдық білімді үйде алдым. Осы
бірлестік өткізген сұлулық бай­қа­уына қатысып, бас жүлдені иелендім. «Көп тілегі – көл» демекші, көптің қолдауымен Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газеті­нің штаттан тыс тілшісі атандым. Осы жерге келіп, көп нәрсені ұғындым. Өмірге деген құлшы­нысым артып, көзқарасым өзгер­ді. Өзіміз секілді үйде отырған тағ­дырлас жандарды «Арба» қо­ғам­дық бірлестігіне шақырамын, – дейді Жанерке Төлеген.

Талай мүгедек жанның өмірге құлшынысын арттырып, шуақты орта қалыптастырған «Арба» қо­ғамдық бірлестігінің жоба-жоспары көп. Өмір жолдарын тағдыр то­ғыстырған мейірімді жандар мұ­рат-мақсаттарына  жете  бергей!

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар