14.05.2019, 15:20
Қараулар: 77
Атамызды мақтан тұтамыз

Атамызды мақтан тұтамыз

Адамзат тарихындағы ең сұрапыл зұлмат болып саналатын Ұлы Отан соғысы кезінде қасіретке оранбаған отбасы, жетім-жесір атанбаған әулет қалмағаны баршаға аян.

Сондай тағдырды басынан өткерген Құлбаба әулетінен тараған отбасылар екендігін Шыңғырлау өңірі жақсы біледі. Ұлы Отан соғысына Құлбабаевтар әулетінен Сапарғали, Жәкеш және оның үлкен ұлы Жаңабай, Медет, Ерғали есімді бес азамат аттанған.

Бір атадан тараған бес ағайындының ішінен соғыстан аман-есен елімен қауышқаны майдангер-журналист, майор Сапарғали Құлбабаев болатын.

Ол 1942 жылы Иванов қаласындағы әскери-саяси училищені бітіріп, Қызыл әскер қатарына шақырылған. Майданда жүріп «За честь Родины» газеті редакторының орынбасары қызметін қоса атқарған. Журналиске керек өткір тіл, ойды қысқа және дәл жеткізу шеберлігі оның табиғи болмысында болған.

Ол кезде жауынгерлер арасында ақпарат таратуда, ұйымдастыру іс-шараларын жүргізуде майдандық қазақ газеттерінің маңызы зор болатын. Тарихи деректерге сүйенсек, соғыс уақытында қазақ тілінде барлығы 20-ға жуық газет жарық көрген.

Мұндай басылым беттерінде екінші дүниежүзілік соғыстың барысы, елдегі хал-ахуал, қазақ жауынгерлерінің майдан даласындағы ерлік істері туралы жазылған.

Журналист Сапарғали Құлбабаев  газет бетіне тек майдан өмірін емес,  ел жаңалықтарын да жариялап отырған. «Берлин босағасында», «Ордалы жыланның ордасында» деген мақалаларында оның саяси сауаттылығы мен жағдайды толық талдай білетіндігі көрінген. Бірінші Украина майданының «За честь Родины» газетінің қазақша қосымшасын шығарып, майдандағы жауынгерлердің елге деген сағынышына арқау болған. Соғыс даласында жүрген қазақ жігіттері жарық көрген газеттерді ынтамен оқып, мұқият сақтап, бір-біріне жеткізіп отырған.

Ол соғыстағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальмен, мақтау қағаздарымен марапатталған.

Сапарғали Аманғалиұлы 1946 жылы елге аман оралып, бейбіт өмірде де қызу еңбек майданына араласқан.

1947 жылы Шыңғырлау ауданына қарасты «Ащысай» кеңшарында партия ұйымының хатшысы, «Шыңғырлау» кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып еңбек етті. Оның Құлбабаевтар әулетіне қамқоршы болып, тәрбиелеп, қатарға қосуға бар күш-жігерін жұмсағанын да  айта  кеткен жөн.

Отбасында жан жары Бәтила екеуі Зинеш, Шамиль атты қос ұлдың және Зәуреш, Сәуле есімді қарлығаштардың ата-анасы атанды. Өкінішке орай, ұлдарының көрер жарығы ұзақ болған жоқ. Зәуреш есімді қызы 2011 жылы дүниеден өтті. Ал Сәуле бүгінде Ақтөбе қаласында тұрады.

Майдангер 1962 жылы 20 мамырда өмірден өтіп, өзінің кіндік қаны тамған Қарағаш (қазіргі Ақсуат) ауылында  жерленген. Батыр  атамыздың  атына Ақсуат ауылында көше берілді.

Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан атамыздың есімі елі мен халқының, ізін жалғар ұрпақтарының есінде мәңгі сақталмақ.

Баян  ҚҰЛБАБАЕВА,

әулеттің  келіні

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ"

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.