14.05.2019, 15:13
Қараулар: 111
Үш супермаркетке қатысты іс сотта қаралуда

Үш супермаркетке қатысты іс сотта қаралуда

2018 жылғы қазан-қараша айларында «Алтындар», «Лидер» және «Анвар» супермаркеттерінде қант бағасы 195 теңгеден 213 теңгеге көтерілген еді. Бүгінде осы үш ірі супермаркетке қатысты іс сотта қаралуда.

Департамент қызметкерлері өңіріміздегі аталмыш үш ірі супермаркеттің қант бағасын көтеру және ұстап тұру фактісі бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін тергеу амалдарын жүргізген болатын. Қазір тергеу аяқталды. Іс Орал қаласы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотта қаралуда, – деп атап өтті өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында  ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Ислямов. Сондай-ақ ол департаменттің өткен  жылы атқарған өзге де жұмыстары жөнінде баяндады.

Нұрлан Ғалымжанұлы өз сөзінде Елбасы Н. Ә.  Назарбаевтың тапсырмасы бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне төмендетілген тарифтерге де тоқталды. Департамент қызметкерлері сыртқы ауаның нақты температурасын  есепке ала отырып, 2017-2018 жылғы жылыту маусымы үшін жылумен қамтамасыз ету қызметінің құнына қайта есептеу жүргізген. Нәтижесінде, тұтынушыларға берілген жылу мөлшерінің кемдігі  анықталған. «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан 1 шаршы метр үшін 25,09 теңге, жалпы мөлшері 12955,87 мың теңге қосымша құн салығымен қоса есептегенде жылу мөлшері кем берілген. Аталмыш акционерлік қоғам тарапынан тұрғындарға қайтарылатын қаражат болашақ төлемдер есебінен, яғни алдағы 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар өткен жылы табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты таңдаулы және жоспардан тыс он тексеріс жүргізілген. Тексерістер нәтижесінде табиғи монополиялар заңнамасын 17 бұзушылық анықталған. Ал табиғи монополия субъектілеріне қатысты қозғалған 18 әкімшілік құқықбұзушылық істің 17-сі департаментте, біреуі сотта қаралған. Салынған 45 884 738 теңге айыппұл толықтай өндіріп алынған.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар