14.05.2019, 15:12
Қараулар: 166
Аналар қуанған күн

Аналар қуанған күн

Ұлы  Жеңіс  мерекесіне орай  Орал  қаласындағы бірқатар көп балалы отбасыға пәтер  кілті  табысталды.  Ықсанов  көшесінің бойындағы  №44Б жаңа  үйге  қоныстанушыларға  пәтерлердің  кілтін  Орал қаласының  әкімі  Мұрат  Мұқаев  арнайы  табыстады.

Баспаналы болған жандарды қасиетті Рамазан айымен және Ұлы Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс келген көптен күткен қуанышты сәттерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірген Мұрат Рахметұлы бұл игілікті іс Елбасының «Нұрлы  жер», «Бақытты болашақ» бағдарламалары негізінде жүзеге асқандығын атап өтті.

– Биылғы мамыр мерекелерінде 20 отбасыға пәтер кілті табысталды, олардың басым көпшілігі – көп балалы аналар. Жуырда тағы 50 отбасы баспаналы болады. Жалпы, облысымызда екі мыңнан астам пәтердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соның тең жартысы кезектегі азаматтарға, атап айтқанда, көп балалы және жалғызбасты аналарға беріледі деп жоспарлануда, – деді М. Мұқаев.

Баспана атты басты мәселесі шешіліп, қуанышқа бөленгендердің бірі – алты балалы ана Мәншүк Қапшығалиева пәтер кезегінде 30 жылдай тұрған екен. Ал Меңсұлу Нұркенова өз үйіне қол жеткізу үшін 32 жыл күтіпті. «Осы кезге дейін тар жатақханада бала-шағаммен, көзі көрмеуіне байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар санатына таңылған жұбайыммен тұрмыстық қыруар қиындықты бастан өткердік. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай екі бөлмелі кең пәтерге қол жеткізіп, қуанышқа бөленіп жатқан жайымыз бар. Елбасының саясаты мен жергілікті билік өкілдерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында біз секілді бақытты жандар көбейе берсін, алғысым шексіз!» – дейді ол.

– Бұл қуанышты сәтті 15 жыл бойы күттім. Бес баламмен пәтерден-пәтерге көшіп жүретін күндердің артта қалғаны – елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен ел ағалары еңбегінің арқасы. Әр мейрам сайын баспана иеленіп, бақытқа бөленетін жандар қатары көбейе берсін, – деп тілегін білдірді тағы бір көп балалы ана Жаннат  Ғабдуллина.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар