14.05.2019, 15:09
Қараулар: 115
Ынтымағы жарасқан шаңырақ

Ынтымағы жарасқан шаңырақ

Береке-бірлігі жарасқан Жалпақтал ауылының тұрғындары, тоғыз баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-өндірген  абыройлы ата-анамыз Әлібек-Уәсиля Қоңырбаевтардың шаңырақ көтергеніне 60 жыл толып отыр. Ата-анамыздың гауһар тойлары – Қоңырбаевтар отбасындағы бала-келіндер, қыз-күйеу балалар, немережиендер үшін үлкен қуаныш.

Жақсының жақсылығын айт,  мерейі өссін» дегендей, атаанамыз Әлібек пен Уәсиля-ның көрегенді өнегесіне,  жанұясының іргетасын мықты қалап, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, үлгі болып отырғандарына дән ризамыз.

Әке-шешемізден өрбіген тоғыз ұл-қыздан бүгінде 10 немере, 11 жиен, 4 жиеншар тараған. Жапырағы жайқалған отбасының тірегі әкеміз 84 жаста болса, анамыз – 83 жастағы аяулы әже. Әкеміз бен анамыз  сонау 1948 жылдан мектеп қабырғасында 5-сыныптан бастап бірге білім алып, он жылдық мектепті бірге аяқтаған. Әкеміз Алматыдағы малдәрігерлік институтта, ал анамыз Ақтөбедегі педагогикалық институттың математика факультетінде білім алған. Кейін екеуі де үлкен маман иесі болып, Жалпақтал ауылына оралып, 1959 жылы сонау балалық шақтағы сезімдері махаббатқа ұласып, отбасын құрады. Анамыз Уәсиля «Жанұя тұрмысымыз бірден жарасым тауып кетті» дейтін. Әрине, тоғыз баланы тәрбиелеп өсіру оңайға соқпаса керек. Дегенмен де заманның қиын уақыттарында қызметте жүріп, перзенттері мұқтаждық көрмей, ел қатарлы білім алып, өмірде оң-солдарын дұрыс таба білуге бағыттаған ата-анамыздың еңбегі зор. Әкеміздің ұзақ жыл қызметін адал атқарып, елінің ықыласына бөленіп жүргені  бір төбе болса, анамыздың ұстаздық ете жүріп, балаларының аманды-ғын тілеп, әулетімізге татулық орнатқаны – ерекше абырой-мақтаныш.

Әрқайсымыздың қазан-ошағымыз бөлек болғанымен, мезгілінде еншімізді беріп, жыртығымызды бүтіндеп, уыздай ұйытып отырған да өздері. Балаларына сіңірген еңбегінің жемісін бүгінде көріп отыр деп есептейміз. Өмірдің ащы-тұщысын бірге тата білген ата-анамыз алпыс жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп, қасиетті қара шаңырақтарының жылуын сөндірмей, шуағын шашып келеді. «Қарттың көзі – қазына» демекші, осы кісілердің үлгі-өнегесін асыл қазынамызға балап келеміз. Осы орайда «Ата-ананың ақылы сайрап жатқан жолмен тең» деген халық даналығы ойға оралады.

Атам қазақ бұрын «Қосағыңмен қоса ағар, өркенің өссін, жапырағың жайылсын!» деген екен. Құдайға тәубе! Сол сөз біздің үлкен шаңырағымызға жақсы дарыған десек, артық кетпеспіз. Ата-анамыз сексеннің сеңгіріне шыққанда да әлі күнге халықтың алдында үлгілі жанұя ретінде танылып келеді. Оған ауылымыздың тұрғындары куә. Олардың өзара сыйластығы жыл өткен сайын жарасымды, кей кездері әзіл-қалжыңмен өзара қамқорлықтарын көрсетіп отырады. Әкем ылғи да «Мамаң біздің үйдің әл-Фарабиі ғой» деп, әзілмен анамыздың даналығын тілге тиек етіп отырады. Әдемі қартаю осындай жандарға ғана тән!

«Ат аунаған жерде түк қалады, қонақ отырған  жерде құт қалады» демекші, біздің үйден бала кезімізден қонақ арылған емес. Әкеміз үнемі қызметбасты болып жүргенде де, қазір де қонақ шақырғанды, мейман күткенді жақсы көреді. Ал анамыз болса, оған қабақ шытпай, жылы жүзбен қарайды. Сонымен қатар әке-шешеміз ұлттық рухани құндылықтарды, халқымыздың салт-дәстүрлерін берік ұстанады. Өздерінің бойындағы жақсы мінезді ұрпақтарына сіңіре жүріп, болашақ немере-шөберелерінің дұрыс жетіліп өскендерін аңсайды. Бұл да болса, бізге көрсеткен көрегенділігі.

Бүгінде алдымыз зейнет жасына таяп қалсақ, біріміз Орал қаласындағы №12 мектепте ұлағатты ұстаз (Клара Әлібекқызы), біріміз ауылымыздағы ауруханада терапевт-дәрігер (Гүлбарам Әлібекқызы), облысқа танымал дәрігер оташы (Асылбек Әлібекұлы), Қызылорда облысындағы танымал көз дәрігері,  медицина ғылымдарының кандидаты (Айсәуле Әлібекқызы), мал дәрігері, мұнайшы, инженер және т.б. салаларда беделді маман болып, қоғамымызға еңбек етіп, жерлестеріміздің құрметіне бөленіп келеміз. Әрине, бұл – ата-анамыздың бағыттаған дана жолының, тәлім-тәрбиесінің арқасы.

Киелі қара шаңырақтың иелері – ата-анамызға бізге рухани азық болып, ақылшы-тілекші болып жүре беріңіздер, «Балаларым – байлығым» деп аңсаған үміттеріңіз өшпесін, немерешөберенің қызығына бөленіп, бәйтеректей жайылып, ұзақ ғұмыр кешіңіздер деген тілегімізді арнаймыз.

Аягөз  ӘЛІБЕКОВА,

Орал қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар