14.05.2019, 14:58
Қараулар: 102
САЙЛАУАЛДЫ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

САЙЛАУАЛДЫ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

Өткен жұмада Оралда ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан президенттікке үміткер, БҚО аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Аманкелді Таспиховтың сайлауалды облыстық қоғамдық штабы құрылды. Үміткерге қолдау көрсететін штаб мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы БҚО филиалының төрайымы Айгүл Есекенованың жетекшілігімен жұмыс істеуде.

Штаб құрамында Ақ Жайық өңіріне танымал еңбек және кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, 152 сенімді өкіл, 194 бақылаушы бар. Олар 12 мамырдан бастап сайлау туралы заң шеңберінде үміткердің сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жұмыстарын бастады. Штаб және қоғамдық қабылдау бөлмесі Оралдағы Н. Назарбаев даңғылындағы №184/1 мекенжайындағы кәсіподақтар орталығы ғимаратында орналасқан.

– Мамырдың 12-сінде Нұр-Сұлтан қаласында республикалық штабтың жұмысы басталды. Сонда үміткердің тұғырнамасы таныстырылды. Кәсіподақтар ұйымының ауыл-аймақты дамыту жөніндегі мақсат-мұраттары сайлауалды бағдарламада көрініс тапқан. Оның ішінде лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек, тегін білім, медициналық қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Батыс Қазақстан облысындағы кәсіподақтар ұйымы қатарында 80 мыңға жуық мүше бар. Олар, негізінен, мұғалімдер, дәрігерлер, мемқызметшілер, жұмысшылар және өзге де сала қызметкерлері, олардың барлығы да сайлауға бір кісідей қатысады, – деді штаб төрайымы Айгүл Есекенова.

Басқосуда еңбек ардагерлері, сенімді өкілдер ауыл-аудандарды аралап, тұрғындарға үміткердің тұғырнамасын таныстыру жұмыстарына ауылға сыйлы ардагерлерді тартуды ұсынды. «Келешек» жастар кәсіподақ қозғалысы бірлестігінің жетекшісі Альфия Жақсығалиева сайлауалды үгітнасихат жұмыстарына кәсіподақ  құрылымына қатысы бар жастардың да белсене қатысатынын жеткізді.

Жиын барысында бір топ сенімді өкілге куәлік, еңбек және кәсіподақ ардагерлеріне белгілі ғалым-философ Ғарифолла Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» кітабы табыс етілді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар