14.05.2019, 14:19
Қараулар: 133
«Айтыстың Шолпан жұлдызы»

«Айтыстың Шолпан жұлдызы»

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын  Шолпан Қыдырниязованың 70 жас мерейтойы Қаратөбе  өңірінде  кең көлемде аталып өтті.

Еңбек жолын аудандық  “Еңбек туы” газетінен бастаған ақынның шығармашылығына арналған шара орталық алаңдағы Ғ. Құрманғалиевтің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.

АҚЫН АТЫНДАҒЫ   КАБИНЕТ

Мерейтойдың бір парасы ақын түлеп ұшқан Мұхит атындағы орта мектепте Ш. Батырқызының атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылуымен жалғасты. Кабинеттің лента қию рәсімін Ш. Қыдырниязова мен облыс әкімінің орынбасары Ғ. Оспанқұлов жүргізді.

Мектеп ұжымы мен оқушылардың, шара қонақтарының ыстық ықыласына бөленген ақын өз алғысын жеткізді.

Кабинеттің ашылу салтанатында ақын Дариға Мұштанова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев мерейтой иесін құттықтап, оның тұлғалық келбеті мен шығарма-шылығына тоқталды. Сол мектептің 11-сынып оқушысы, жас ақын Райымбек Өтепов ақын апасына арнау айтып, мектебінің атынан қолөнер шеберлері дайындаған сыйлықты табыс етті. Ақын атындағы кабинет белгілі ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бес бөлімге топтастырылған.

ӘСЕРЛІ  ӨТКЕН  КЕШ

Айтулы шараның негізгі бөлігі аудандық мәдени-демалыс орталығында кемел сөздің иесі – ақын Шолпан Қыдырниязованың 70 жас мерейтойына арналған «Туған жердің тұғырында түледім» атты әдеби-сазды кешке ұласты.

Алдымен мәдениет үйінің фойесінде М. Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Меңдешев «Өнердің жолы – өлмес жол» атты көрмемен таныстырды. Көрмеге ақынның тұтынған заттары, жыр жинақтары, марапаттары, жанұялық фотосуреттері қойылған.

Ақынның өнері мен өмірі ұштасқан шығармашылық әлеміне арналған бейнекөрсетіліммен шымылдығын түрген сазды кеш облыстық филармония әншісі Майра Хайдарованың орындауындағы  мерейтой иесінің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтың «Қоскөл кеші» әнімен жалғасты.

Тышқантайдың суын “зәмзәмім” дейтін, Қаратөбені “қастерлім” дейтін ақынның туған жерге арнаған  «Туған жерім – Аққозым», «Ақтай-сайым» сықылды туындыларына жазылған әндерін Армат Ислямғалиев, Таңат Жексенбаев орындап, кештің сәнін келтірді. «Іздедім сені» әнін шырқаған Баян Қабиева мен «Шолпанның қара өлеңін» орындаған Гүлбаршын Қасиетова көрерменнің қошеметіне бөленді.

Жас жеткіншектерді өнер жолына қалыптастырып, суырыпсалма ақындық өнерге баулыған кеш иесіне шәкірттері Ертай Бимұханов, Жандос Әмірғалиев, Райымбек Өтепов өз туындыларын арнап, бір марқайтып тастады.

Ақынның мерейтойы қарсаңында түйіндер, естеліктер мен өлеңдерінен құралған «Анадан – ақыл, әжеден – әдеп» тағылымдар жинағының тұсауын кескен ұстазы Құмарғали Ғұбайдуллин мен жинаққа ғылыми баға берген М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев лента қию рәсімін жүргізіп, ақжарма тілегін арнады.

Сахна төріне көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов облыс әкімі Алтай Көлгіновтің ықылас гүлін табыс етсе,  аудан әкімі Жанат Асантаев ақынға шығармашылық табыс тілеп, қамзол кигізді.

Туған жерінің мақтанышы – Шолпан апамызға арналған салтанатты кешке арнайы келген өнерде бірге жүрген үзеңгілес замандастары Айсұлу Қадырбаева, Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубаева, Күләш Сәлімгерейқызы, Сағынтай Бисенғалиев, Қатимолла Бердіғалиев естеліктерімен бөлісіп, сахна төрінен орын алды.

Кеш барысында жерлесіміз, ақын Айсұлу Қадырбаева тебіреніске толы жүрегімен бала күнгі, өнердегі қызықты естеліктерімен бөлісіп, апамыздың отбасына амандық тілеп, жұбайы Шоқан ағамызға шапан, ақынға орамал жапқаны да толқынысқа толы ерекше сәт болды.

Кеш соңында бақыт жайлы өлеңін тебірене оқыған аяулы ақын Шолпан Қыдырниязова:

– Менің ең бақытты, ең қуанышты есімде қалатын сәтім осы. Зор құрметке бөлеген қасиетті қаратөбелік халқым, осы кешті ұйымдастырушылар, үкілі үзеңгілестерім,  шәкірттеріме алғысым шексіз.

Мен еңбектің бақытын, тынымсыз тердің бақытын, жардың бақытын, елдің бақытын тілеп жү-ретін, қасиетіңді күзетіп жүретін, киеңе басымды иіп жүретін қызғыш құсыңмын, халқым. Менің бақытым елге, елімнің бірлігіне байланысты, халқымның тірлігіне байланысты. Қазақ халқы аман болсын, ұлтым ұлылана берсін, тілім тілінбесін, жерім бүлінбесін, ұрпағымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын, — деп мерейлі кешке жиналған қауымға алғысын білдірді.

БАС  ЖҮЛДЕ АРҒЫНБЕКТЕ

Түстен кейін мерейтой «Айтыстың Шолпан жұлдызы» атты аймақтық ақындар айтысымен жалғасты. Ата-бабадан асыл мұраның ардақтысы болып жеткен өрелі өнер аламанына шешендіктің қадір-қасиетін ардақ тұтатын қаратөбеліктердің ықыласы ерекше болды.

Өнер бәйгесіне Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан және Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәні-бек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарынан 14 ақын қатысып, қасиетті Қаратөбе елін жырға бөледі. Дүбірлі айтыста 7 жұп  жырдан шашу шашып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыссүйер қауымның  көңілінен шығып, көрермендерді желпіндіріп отырды. Айтыс жанкүйерлері жас айтыскерлердің мәнерлі мақамына, қарсы-ласын қаймықтырған әзіліне қарық болды.

Ақындар айтысының қорытындысы бойынша бас жүлдені табан астында тауып айтып, сөз өнерінің інжу-маржанын ұтымды жеткізе білген маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев қанжығасына байласа, І орынды оралдық Талғат Мықи иеленді. Ал ақтөбелік Жәнібек Бейбітов пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов  ІІ орынды өзара бөлісті. Жаңақаланың дарабозы Орынбек Меңдіқұл мен қазталовтық Естеміс Мұхамбетовке, атыраулық Алшынбек Мұханғалиевқа ІІІ орын бұйырды. Сөз сайысында көрермен ықыласына бөленіп, келісті сайыс көрсеткен өзге қатысушылар да ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Аламан додада бәйге көркін қыздырып, ел-жұртты риза еткен ең жас айтыскерлер – қаратөбелік Райымбек Өтепов пен оралдық Әділ Ахметовке Дариға Мұштанова мен Үзілдік Елеубаева атындағы арнайы сыйлықтар табысталды.

Ажаргүл  ӘЛИЕВА,

Раушан  МЕРГЕНОВА,

Қаратөбе  ауданы

Дариға  МҰШТАНОВА, ақын:

– Дүбірлі тойға табиғат-ананың өзі көмектесті. Күннің қөзі мейірін түсіріп, Қаратөбенің аппақ пейілі сезіліп тұрды.

Біз құрметке толы таңғажайып кештің куәсі болдық. Мені қайран қалдырғаны – ауа райының өзі Шолпанның мінезіне ұқсап тұрды.

Әдеби кештен бөлек, айтыс та жоғары деңгейде өтті. Жарасымды қалжың, сүбелі сөз айтылды. Ақындар ерекше жылылықпен, еркелікпен айтысып шықты.

Мұның бәрі Шолпанның еңбегінің, жасаған жақсылықтарының қайтарымы деуге болады. Шолпандай қызы бар Қаратөбе, қыздарын құрметтейтін жерлестері бар Шолпан бақытты.

 

Үзілдік  ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ, ақын:

 – Шолпан апамыздың 70 жасына арналған мерейтой Қаратөбе өңірінде өте жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Апайымыздың адами қасиеті, аналық жүрегі, педагогикалық қызметі, қоғам-дағы белсенділігі – барлығы өзіне сайма-сай деп халық баға берді ғой. Бұл – апайдың ғана емес, Қаратөбе  өңірінің  жемісі.

Апайдың маған өте ұнайтын қасиеті – қалада жүрсе де, ауылдан тамыры ажырамайтындығы. Оған дәлел – «Мен сендермен біргемін, менің тамырым сендермен бірге»  деген сөзі. Шығармашылығы елімен, халқымен бірге апайымызға арналған айтыс жоғары деңгейде өтті.

 Жас ақын  Райымбектің «Апайды үлгі тұтамын, елімнің болашағына үлесімді қосамын»  деуі ақынның ғұмырлық  еңбегінің жемісі деп ойлаймын.

Айтыс әділ бағаланды, халық риза. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.