14.05.2019, 14:16
Қараулар: 108
Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз

Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыс әкімі Алтай Көлгінов бірқатар Ұлы Отан соғысы  ардагерлерінің үйлеріне барып, мерекемен құттықтады.

Олардың арасында Қалам Сүйіншәлиев, Мұхтар Әжіғұлов, Хамза Сафин, Алевтина Митрохина, Лидия Губанова, Иван Гапич және Меңжан Абдрахманов бар. Кездесу барысында өңір басшысы  облыс  тұрғындары атынан майдангерлердің соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтып, ұзақ ғұмыр тіледі. Өз кезегінде ардагерлер де өздеріне ұдайы  көңіл бөліп, қамқорлық танытқаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Майдан даласында Отан үшін от кешкен сол ардагерлердің өмір-дерегіне тоқталып өтейік, Қалам  Жұмашұлы СҮЙІНШӘЛИЕВ 1925 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. 1942 жылдың күзінде майданға аттанып, Закавказье майданында әуе қорғаныс бөлімінің 345-зенит полкінде әскери міндетін атқарған.

1946-1950 жылдары А. Пушкин атындағы Орал пединститутының студенті. Диплом алғаннан соң облыстық оқу мекемесінде инспектор, артынан облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды. 1955 жылдан бастап алпыс жыл бойы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан болды. Қ. Сүйіншәлиев – көрнекті педагог-ғалым,  тарих ғылымдарының  кандидаты,  доцент. Ол «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» сынды жиырмаға жуық  медальмен  марапатталды.

Меңжан  Ғабдолұлы  АБДРАХМАНОВ 1926 жылы  26 қарашада дүниеге келген. 9-сынып  аяқтағаннан  кейін  ол  кеңестік әскерге  шақыртылады.  М. Абдрахманов 1943-1944 жылдары  Кеңес әскерінің  49-резервтегі  полкінің  жауынгері  болған. Кеңес әскерінде қызмет еткеннен кейін ҚР  Ішкі  істер  министрлігінде 15 жыл еңбек етті. «Құрмет белгісі» ордені және  «КСРО  Ішкі  істер министрлігіне мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.

1922 жылы 1 мамырда дүниеге келген Мұхтар Әжіғұлұлы ӘЖІҒҰЛОВ 1942-1945 жылдары Сталинград, Калинин, бірінші және екінші Прибалтика майдандарына қатысты. Әскери құрамалардың сапында Отан қорғауға қатысты. Елге оралған соң Қаратөбе, Жымпиты аудандық партия комитеттерінде, Орал облыстық тұтынушылар қоғамында, кәсіподақ комитетінде қызмет істеді. Ұлы Жеңіс жарияланған соң еліміздің өркендеуіне үлес қосып, бірнеше рет аудандық, облыстық кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланған. М. Әжіғұлов – Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы. Сондай-ақ ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, ІІ дәрежелі Отан соғысы,  Еңбек  Қызыл  Ту,  «Құрмет  белгісі»  ордендері және  көптеген  медальмен  марапатталған.

Лидия  Игнатьевна  ГУБАНОВА 1923 жылы 3 тамызда дүниеге келген.

1942 жылдың  наурызында  9-сыныпта  оқып жүрген кезінде өз еркімен  сұранып, майданға аттанады. Л. Губанова Мәскеудегі радиомамандар даярлайтын мектепке шақыртылып, 1942 жылы Қазанға әскери бөлімге жіберіледі. Соғыстан кейін Орал радиостансасында, Бөрлі аудандық мәдениет бөлімінде, Орал қалалық кітапханада, мәдениет бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. 1963 жылдан бастап Н. Крупская атындағы облыстық кітапхананың директоры болып қызмет атқарды. 1971 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағына ие болды. Ол Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Курск шайқасына қатысқаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен  марапатталды.

Алевтина Тимофеевна  МИТРОХИНА  1925 жылы 14 тамызда өмірге келген. 1941 жылдың қараша айында медбикелердің  қысқа  мерзімді курсын  оқып,  аудандық әскери бөлімнің  нұсқауымен  №15994 әскери  бөліміне  медбике  қызметін атқаруға жіберіледі. 1942 жылдан Сталинград майданының ауруханасында медбике қызметін атқарған А. Митрохина  Жеңістің 60 жылдығына  орай  ұйымдастырылған Мәскеудегі шеруде БҚО делегациясының құрамында болды. Ұзақ жыл бойы медицина саласында қызмет еткен. 1989 жылдан М. Мәметова музейі жанынан құрылған  «Фронтовичка»  клубының  төрайымы.

Ол ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Жуков»,  «Ерен еңбегі үшін»  сынды  медальдармен  марапатталды.

Хамза Абдрахманұлы САФИН 1925 жылы 22 қыркүйекте өмірге келген. 1941 жылдың шілде айынан бастап Орал пальто фабрикасында механик, өрт сөндіруші және электр станса зауытында машинист болып еңбек еткен. 1942 жылы 17 жасында комсомолдық өтінішімен  жаяу әскер курсанты қатарына қабылданып, 1943 жылы мамырда оңтүстік-батыс майданына жіберіледі. Содан соң Балтық және үшінші Белорус майданының құрамында ортақ Отанымызды неміс фашистерінен азат етуге атсалысады. Ол қан майданда үш рет жараланған. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін Х. Сафин І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз және «Құрмет белгісі» орденімен, сондай-ақ   20-дан астам  медальмен  марапатталған.

Иван  Степанович  ГАПИЧ 1923 жылы жарық дүниеге көрінген.

1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде ол майданға өз еркімен аттанып, ІІІ Белоруссия, І Балтық майданында, Смоленск, Орша, Минск, Вильнюс қалаларын азат етуге қатысқан. И. Гапич жеңісті Шығыс Пруссияда  Кенигсбергте  қарсылады. Соғыс  аяқталғаннан  кейін  ол  тағы екі жыл әскерде қызмет атқарды. Елге оралған соң прокуратура құрылымдарында еңбек етті. Майдандағы ерлігі үшін Ұлы Отан соғысы, Қызыл  Жұлдыз ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Әскери ерлігі үшін», «Фашистік  Германияны  жеңгені  үшін»  медальдарымен  марапатталды.  1945  жылы  Мәскеудегі Қызыл  алаңда  өткен  тарихи  Жеңіс  шеруіне  қатысқан.

Облыс  әкімінің  баспасөз қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар