14.05.2019, 14:14
Қараулар: 35
«Өңірлерді дамыту арқылы мықты мемлекет қалыптастырамыз»

«Өңірлерді дамыту арқылы мықты мемлекет қалыптастырамыз»

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді.  Сапар барысында Мемлекет басшысы Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында болып, өңір жұртшылығымен кездесті.

Президент өзінің сөйлеген сөзінде Батыс Қазақстан облысы ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосып отырғанын, соның ішінде өнеркәсіптік өндірістер мен инвестиция көлемінің ұлғайғанын, шағын және орта бизнестің аяғынан нық тұрғанын, халықтың табысының артқанын атап өтті.

– Батыс Қазақстанды елдік пен ерліктің шежіресі тоғысқан киелі өңір деп атауымыз бекер емес.

Бұл – Жәңгір хан мен Сырым батырдың, күйші Дәулеткерейдің, әнші Мұхиттың, Шәңгерей мен Ғұмар ақынның қасиетті мекені. Ақ Жайықтан шыққан Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Ескендір Хасанғалиев сынды әдебиет және өнер тарландары – барша халқымыздың ортақ мақтаныштары. Елбасы Батыс Қазақстан облысына әрқашан айрықша назар аударып келгенін жақсы білесіздер. Орал – Батысқа шығатын басты қақпа. Сондықтан бұл өңірге жан-жақты қолдау жалғаса береді. Жалпы, облыстың географиялық жағдайы өте қолайлы, табиғи байлығы мол, өндірістік әлеуеті зор. Бүгінде Ақ Жайық – қарқынды дамып келе жатқан облыстардың бірі. Жақында облыс әкімін қабылдап, өңірдің тыныс-тіршілігі туралы білдім. Соңғы уақытта облыста көптеген оң өзгеріс көрініс алуда. Жаңа бастамалар жүзеге асуда. Бұл – облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандықтардың еңбегінің нәтижесі. Алдымызда тек облыс көлеміндегі емес, барша еліміз үшін маңызды істерді қолға алу міндеті тұр. Біз келешегі  зор экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз керек. Ел халқының өмір сүру сапасын арттыра түсуіміз үшін динамикалық дамуы қарқынды, бәсекелестікке төтеп беретін экономикалы ел қалыптастыруды жалғастыра беретін боламыз. Батыс Қазақстан – өндіріс әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Бұл өңір газ бен мұнай өндірісі бойынша алдыңғы шепте. Еліміз бойынша мұнай өндірісінің 14 пайызы, газ өндірісінің 36 пайызы сіздің облысқа тиесілі. Еліміздегі жалпы өнім өндірісінің 8 пайызы Орал өңірінің үлесінде. Сонымен қатар облыс көлемінде экспорттық әлеуетті арттыру үшін барлық мүмкіндік бар. Сондықтан келешекте өнім өңдеу саласын дамытып, жоғары технологиялармен жабдықталған кәсіпорындар ашу қажет. Өңірге инвестиция тарту жұмысы да жүйелі жүргізілуі тиіс. Шетелдік инвестиция тарту тек бұл өңірде ғана емес, еліміздің барлық облысында қолға алынуы қажет. Жақында министрлер және облыс әкімдерімен өткен кеңесте елге инвестиция тартудың маңыздылығын айтқан болатынмын. Дамуға бағыт алған бірде-бір мемлекет инвестициясыз өз жарқын болашағын елестете алмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел мен өңірдің экономикалық дамуына бағытталған бірқатар тапсырма жүктеді. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы мен орта және шағын бизнес саласын дамыту, халықты, соның ішінде көп балалы, табыс-кірісі аз отбасыларды тұрғын үймен қамту секілді  мәселелер бар. Сондай-ақ Президент аудан-ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту, жолдар салу, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, жастарға қолдау көрсету, азаматтық қоғам жұмысын ширата түсу басты назарда болатындығын алға тартты.

Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары өңірде агроөндірістік кешенді дамыту үшін Үкімет пен жергілікті әкімдікке тапсырма берді.

– Облыс әкіміне өңірде индустриалдық аймақ құруды тезірек қолға алуды, осы іске бағытталған тың жобаларды жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл өңір шет мемлекеттерге ет және ет өнімдерін экспортқа шығаруда. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге және Иран мемлекетіне жөнелтілетін қой етінің көлемі 3,5 есеге, сиыр етінің көлемі 21 пайызға артқан. Дегенмен осы саладағы еңбек өнімділігі төмендеген. Бұл мәселені Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешу қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көрсетілетін қолдауды күшейтуіміз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды халыққа дұрыс түсіндіріп, шағын және орта бизнеске кең жол ашуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ облыста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша 432 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, 200-дей тұрғын «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен баспаналы болған. Президент сөзіне қарағанда, шетелдік инвестиция есебінен екі бірдей алыс ауданның орталығына дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жұмыстарының басталуы – өте жақсы көрсеткіш. Соған орай әкімдікке Жастар жылы аясында барлық ауданды осындай дене шынықтыру кешендерімен қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру қажеттігі айтылып,  құрылыс барысын қатаң бақылау  облыс әкіміне жүктелді. Әлеуметтік жағдайы нашар және тұрмысы төмен көп балалы отбасыларды баспа-намен қамтуды жүйелі түрде реттеу керектігін де сөз етті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі ауыз су мәселесін шұғыл шешу қажеттігін де атап өтті.

– Таза ауыз су мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Елді мекендердің 45 пайызы ғана орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, 2020 жылы бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырамын. Сондай-ақ өңірдегі жол мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Облыстық маңызы бар жолдардың 70 пайызының сапасы сын көтермейді. Бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызады, сонымен қатар өңірдің экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді. Елбасының тапсырмасына  сәйкес, Орынбор тасжолын жөндеу жұмыстары, оңтүстіктегі Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында жол құрылысы басталғанын білемін. Үкіметке  жергілікті әкімдікпен бірлесіп, 2021 жылдың соңына дейін осы жұмыстарды аяқтауды міндеттеймін. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы облыстағы тозығы жеткен электр желілеріне назар аударды. Сол себепті аудандарда жарықтың жиі сөнуі орын алуда.

– Мұндай өзекті мәселелер шешілмей, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу туралы ойлауға бола ма? Осы мәселелерді Үкіметпен бірлесіп, жүйелі түрде шешуді қолға алу керек, – деді  Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ашықтық пен жариялылықты одан әрі дамытуды тапсырды.

– Барлық деңгейдегі әкімдер азаматтардың өтініштеріне дер кезінде кідіріссіз жауап беруі қажет. «Ашық әкімдік», «Ашық бюджет» жобалары – осы бағытта жасалған алғашқы қадам. Мемлекеттік құрылымдардың жұмысы «қызмет үшін адам» емес, «адам үшін қызмет» қағидатына бейімделуі керек.

Сонымен қатар жастарға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Жастар дамудың ең басты күші іспеттес. Жастардың өз кәсіптерімен шұғылдануын, олардың жұмыспен қамтылуын мемлекет басты назарда ұстайтын болады. Сондай-ақ белсенді жастардың ішінен президенттік кадрлар қорын жасақтау жоспарлануда. Конкурстық негізде таңдалатын бұл қорға барлық өңірден 300-ге жуық жас маман алынбақ. Батыс Қазақстан облысынан да білікті де білімді мамандар осы саптан табылады деп ойлаймын. Іріктеліп алынған мамандарды жауапты қызметтерге орналастырып, олардың тәжірибелерін шыңдай түсеміз. Біз жастарымыздың қолынан іс келетінін дәлелдеуіміз керек. Болашақта мемлекет тізгінін алаңсыз тапсыратын еліміздің азаматтарын қазірден бастап дайындауға тиіспіз. Бұл бағытта жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.

Мемлекет басшысы ретінде жергілікті өз-өзін басқару жүйесін қолдаймын. Ел үшін маңызды шешімдер қабылдаған кезде әр азаматтың тысқары қалмауын қамтамасыз ететін жүйені іске қосуымыз керек. Әр тұлға мемлекет қаржысына атқарылған істі бақылауға алуына мүдделі болуы шарт.

Мемлекет қаражатын есепсіз жұмсап, ысырапшылдыққа салынғандар қатаң жазаланатын болады.

Бұл бағытта жұмыстың жаңа жүйесіне көшуіміз керек. Әрбір мемлекеттік қызметші қарапайым болуы шарт. Жаңа қызметке тағайындалысымен өз жұмыс бөлмесін жөндеуге кірісетін қызметшілерді жиі естіп жүрміз. Сондай-ақ  азаматтық қоғамды жетілдірудің жаңа бағдарламасын 2025 жылға дейін жүзеге асыруды Үкіметке тапсырамын. Елдегі саясатқа немқұрайлы қарамайтын, қоғамдағы белсенді азаматтар біздің басты сүйенішіміз болмақ. Көбінесе осы азаматтық қоғамның мүшелері елдегі орын алған келеңсіздікті алғашқы болып байқап, дабыл қағады. Сондықтан бұл бағытқа да қолдау көрсетуіміз қажет.

Біздің негізгі ұстанымымыз – биліктің халықпен бірге болуы. Басты бағытымыз – сабақтастық, әділеттілік, өрлеу. Еліміздің өңірлері жақсы дамығанда ғана мықты мемлекет қалыптастырамыз. Алдағы уақытта өңірлердің дамуына бағытталған арнайы бағдар-ламаларды жүзеге асыру да жоспарымызда бар. Шағын шаһарлар мен моноқалаларда көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыта түсетін боламыз. Әрбір қалада, аудан орталықтарында, ірі ауылдарда халық жиі тұтынатын қызмет түрлерін қолжетімді ете түсуіміз қажет. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарта түсері анық. Сонымен қатар өңірлердің бюджеттік қорын арттыра түсеміз. Ендігі жерде орта және шағын бизнес саласынан түсетін салық түсімдерін басқаруды жергілікті атқарушы құрылымның құзыретіне береміз. Әр елді мекеннің өз бюджеті болады. Түскен қаржы тек сол өңірдің дамуына жұмсалуы керек. Болашағы жоқ, тиімсіз жобалардың жұмысы тоқтатылады. Біздің басты мақсатымыз – мемлекет бюджетін барынша айқын қылу. Бұл маңызды қадам деп ойлаймын,  –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттен кейін сөз алғандар облыста атқарылып жатқан ауқымды істерге қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыстарын білдіріп, бірқатар түйткілді мәселенің шешімін табуға ықпал етуді сөз етті.

– Халықтың бірлігі – еліміздің өркендеуінің басты кепілі. Бірлік пен ынтымақ туралы сөз еткенде, алдымен, Қазақстан халқы ассамблеясын құрған Елбасымыздың орасан зор еңбегі еріксіз еске түседі. Мемлекетіміз жастарға мейлінше сенім артып, ал өз кезегінде олар дамудың даңғыл жолына ұмтылуы керек. Біз жастар арасында еңбек қоғамын қалыптастыруды кеңінен насихаттауымыз қажет.

Бірлігі бекем қазақ елі аянбай еңбек етуге, қажет болса, өзге халықтан соны үйренуге талпынғаны жөн. Біз жастардың білек сыбана еңбекке араласуына, өз-өздерін дамытуларына қолдан келген барлық жағдайды жасауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы сөз соңында.

Жиын соңында Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Стройкомбинат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақытжан Нұрбаевты, «Автокомбинат» ЖШС-ның директоры Валерий Голоуховты, облыстық перинатальдық орталықтың бас дәрігері Николай Дмитриенконы және Сырым ауданындағы  Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғманованы алғысхаттармен марапаттады.

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Еліміз егемендік алғалы Елбасымен бірге сіздің ішкі және сыртқы саясатта атқарған жемісті еңбегіңіз бізге етене таныс. Бүгінгі күрделі ғасырда адамзат қоғамының тыныштығы мен берекесін сақтай отырып, ертеңгі қоғамды дамытуға өз үлесін қосу әрбір саналы адамның борышы деп түсінеміз. Өз  басым қаламгер ана ретінде еліміздің аспанының бейбіт болғанын, кең даламызда ғұмыр кешіп отырған ұлттар мен ұлыстардың сыйластықта, достықта қазақтың пейіліндей кең өмір сүргенін, өсіріп отырған балаларымыздың бақытты болашағын тілеймін. Өзіңіз айтқандай, біздің білімді, рухани бай, мәдениетті және сауатты ұрпақ ел ертеңі болмақ. Ұрпақ тәрбиелеу жолында біздер қателеспеуіміз керек. Бүгінгі ұрпақтың білімді де саналы болып өсуі мемлекеттің басты назарында болуы дұрыс деп есептеймін.

Вячеслав ВАЛИЕВ,

«Зенит»  зауытының  бас  директоры:

– Біздің кәсіпорын мемлекет тарапынан зор қолдау көріп отыр. «Зенит» зауыты 1993 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауы арқасында тәжірибесін жетілдіріп, дамып, жаңа технологияларды енгізу арқылы елімізде кеме жасау саласын ашқан болатын. Соның арқасында біздің кәсіпорын заманның қиын-қыстау кезінде өндірісті сақтап қана қоймай, қарыштап дами түсті. Бүгінде зауыт еліміздің шекара күзетін бекемдей түсіп, егемендікті сақтауға зор үлесін қосатын 30 кеме мен катер жасап шығарды. Күні кеше ғана суға түсірілген кемеге елордамыздың құрметіне «Нұр-Сұлтан» атауы берілді. Қазіргі таңда зауытта 800-ден астам адам еңбек етуде. Олардың 100-ге жуығы – инженер. Сонымен қатар зауыт күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарумен де айналысады. Бұл – Қазақстандағы сыйымдылығы 250 тонна болатын теңіз кемелері мен катерлерін шығаратын жалғыз зауыт. Бүгінгі таңда жаңғыртудан өткен зауыт сыйымдылығы 500 және 800 тонна болатын кемелерді шығаруға қауқарлы. Осы бір оңтайлы сәтті пайдалана отырып, кәсіпорында қызмет ететін барлық жұмысшының атынан мемлекет тарапынан кемелерге деген тапсырыс көлемін ұлғайтсаңыздар екен деп ұсыныс айтамын.

Ал біз сіздердің сенімдеріңізден шығуға тырысамыз деп сендіремін.

Хайролла  САБЫРОВ,

Бөкей ордасы ауданының тұрғыны, еңбек ардагері:

– Біздің аудан – тарихы бай, шежірелі, табиғаты сұлу, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан, әлеуметтік жағдайы жақсы өңірлердің бірі. Ауданның барлық елді мекені 100 пайыз көгілдір отынмен, 90 пайыз таза ауыз сумен қамтылған. Осы кезге дейін жол мәселесі өзекті еді. Өткен жылы өңірімізге келген Елбасы шалғайдағы Бөкей ордасы мен Жәнібек, Қазталов аудандарына қатқыл табанды жол төсеу мәселесін Үкіметке тапсырған болатын.

Сол кезде аудан тұрғындарының қуанышында шек болмады. Алыс-жақындағы туыстар мен дос-жарандарға хабарласып, қуанышымызбен бөлістік. Бөкейге жол тартылған жағдайда Қазақстанның қасиетті жерлері тізіміне енген Хан ордасының мұражай кешеніне туристердің ағылары сөзсіз. Бұл мекен – Бөкейдің туын тіккен, Жәңгір ханның алғашқы мектеп салып, қарағай орманын еккен тарих тарландарының мекені туризм аймағына айналатынына сенімдіміз. Сонымен қатар сапалы жол ауданның экономикасына да оң әсерін тигізбек. Негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын аудан тұрғындары өз өнімдерін жақын өңірлер мен шет мемлекеттерге шығаруға мүмкіндік алады. Аудан халқы атынан бізге көрсетілген қолдауларыңызға зор алғыс айтамын.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.