6.05.2019, 23:30
Қараулар: 143
Темірлан тағы топ жарды!

Темірлан тағы топ жарды!

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасындағы «Қазақстан барысы» жарысының  облыстық іріктеу кезеңі 5 мамыр күні Бәйтерек ауданына қарасты Октябрь ауылында жалауын желбіреткен болатын. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты  жарыс кейінге шегеріліп, 6 мамыр күні Орал қаласындағы ОЖСШМ спортзалында (Әйтиев көшесі,  72А) өтті.

Осымен сегізінші мәрте өткізіліп отырған айтулы жарысқа 12 аудан мен Орал қаласынан барлығы 14 палуан қатысты. Жарыстың бас төрешісі Артур Серғалиевтың айтуынша, жарысқа енгізілген жаңа ереже бойынша үш ескерту алған палуан жарыстан шеттетіледі.

Тартысқа толы бозкілем бәсекесін тамашалауға келген көрерменнің қарасы көп болды. Бір-бірін алып та, шалып та жыққан палуандар жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бақты. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні анық. Біреулердің бабы шапса, енді біреулердің бабы келіспеді. Сонымен жарыс нәтижесінде І орынды (500 мың теңге) Бөрлі ауданының палуаны Темірлан Көлбай иеленсе, ІІ орын (200 мың теңге) оралдық палуан Олжас Сүлейменовке бұйырды. Ал ІІІ орынға (100 мың теңге) қазталовтық Ерназар Хамзин жайғасты.

Жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлерін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева мен Бәйтерек ауданының әкімі Асхат Шахаров марапаттап, оларға «Қазақстан барысы» белдігін табыс етті.

Айта кетейік, Темірлан Көлбай мен Олжас Сүлейменов республикалық турнирде облысымыздың намысын қорғайтын болады.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.