6.05.2019, 23:29
Қараулар: 670
Апам жайлы толғаныс

Апам жайлы толғаныс

1988 жылы Моңғолиядан шекара асып, Алматыға білім қуып келіп едім. Жайық өңіріне келін болу маңдайыма жазылып, осы  өңірдің  дәм-тұзы  тартып, 1993 жылдың шілде айында Батыс  Қазақстан облысының  Сырым ауданының  орталығы  Жымпиты ауылындағы Жоламановтар  әулетіне  келін болып  түстім.

…Әлі есімде, Шідерті ауылындағы қайын ағаның үйіне келіп, қа-лыңдықтың киімін киіп, әзірленіп, дәм татқан соң Жымпитыға қарай бет алдық. «Қайда келе жатырмын, жан жарым Мұратбектің тегі, отбасы кім?» секілді сұрақтар ойыма да кіріп шыққан жоқ. Ол кез қазіргідей тегін тектеп, зерттеп отырмайтын заман еді. Тек үйге жақын-дағанда қобалжи бастадым. Себебі үйдің айналасы толған адам, әуелеген музыка ойнап, үлкен шатыр (палатка) құрулы тұр. Бір топ жас гармонмен ән салып, бізге жақындап келеді. Сонда ғана «Мен қайда келе жатырмын?» деген бір сұрақ санамда жылт еткендей болды. Әпсәтте Мұратбектің сыныптастары қаумалап қарсы алып, құттықтап жатыр. Мұратбек пен оның вокзалда қарсылап алған інісі Әбілден өзге бір танысым жоқ, сол екеуіне қарап, жәутеңдей беремін. Сәлден соң алдымыздан «айналайын»-даған бір топ келіншек қаумалай жүріп, ша-шу шашты. Мұратбектің анасын сол жерде алғаш көрдім. Ерекше қуанышпен, маңдайымнан иіскеп, бақыт тіледі. Дүниеге әкелген анам-ның алақанынан ұшып шығып, екінші анамның қолына келген сәт осылай есімде қалды.

Мен енемді «апа» деп атадым. Себебі, мен туып-өскен елдегі қазақтар арасында қалыптасқан дәстүр бойынша келіні енесін «апа» деп айтатын. Бір қызығы – Мұратбек және оның барлық іні-қарындасы да анасын «апа» деп атайды екен. (Бұл жақта «апа» деп әпкесін атайтынын кейін білдім).

Зымыраған уақыт-ай! Содан бері тура 26 жыл өтіпті. Өмірдің ыстығын да, суығын да көріп үлгердік. Менің айтпағым – өз өмірім жайлы емес, маған ана болған адам, яғни енем туралы.

Жат жұрттық болып жаратылған қыз баланың түскен жеріне жақсы келін болып сіңісіп кетуі – тікелей енесіне байланысты. Алғаш келгеннен-ақ апамның қабағына қараумен болдым. Үндемей қалса, «Менің әрекетімді ұнатпай отыр ма, бірдеңені дұрыс жасамадым ба?» деген ойға берілетінмін. Ол көп сөйлемейтін, сөйлесе тек тоқетерін айтатын. Алды ауырлау болып көрінгенімен, ішкі дүниесі кең, жаны жайсаң, өте қарапайым жан. Уақыт өте келе апаммен оп-оңай түсінісіп, бәріне тез үйреніп кеттім, жатырқауым да басылды. Мүлдем басқа елде, басқа ортада тәрбиеленген менің бөтен ел, бөтен ортаға өте жылдам сіңісіп кетуім – апамның кеңдігінің арқасы. Осындай әзиз адамның жан дүниесінен хабар беретін үш жағ-даймен бөліскім келеді.

Біріншісі, 1993 жылдың қыркүйегінде (келін болып түскеннен кейін 2 ай өткен соң) Мұратбек Алматы театр және көркемсурет институтына оқуын жалғастыруға аттанған кезде куә болдым. Мен жұмысқа орналасып, ауылда қал-дым. Апамның зейнетке шықпаған кезі еді. Жұмысқа таңертең бірге барамыз. Бірде кешкісін апам «Бүгіннен бастап менің жанымда ұйықта» деді. Мен ыңғайсызданып, «Көршілерден ұят болады ғой» деп қоямын. Мен өскен ортада келіні енесінің қасына ұйықтамақ түгілі, оның төсек-орнына отыруға, төрге шығуға болмайтын. Сондықтан ма-ған ыңғайсыздау, ұят жағдай  секілді көрінді. Алайда үлкен бір үйде апам, кішкентай қайын інім үшеу-міз ғана қалғандықтан, кейде кешке қарай елегізіп, қорқып жүре-тінім де бар. Осылай үйдің төргі бөлмесінен бір шықтым. Содан енем тура өз анамдай болып кетті.

Екінші жағдай, 1997 жылдары орын алған еді. Өкінішке орай,  сол жылдан  бастап Мұратбек қатты науқастанып, ауылдағы үйге оралдық (1993-тің қараша айының басында Алматыға қоныс тепкен едік). Өте қиын, ауыр сәттер басымыздан өтіп жатты. Қолдан келгеннің бәрін жасап, «қайтсек те емдеп аламыз» деген үмітпен арпалыс үстінде болдық. 1990 жылдардан кейінгі тауқымет бәріне белгілі ғой. Ол кезде апам зейнетке шықты. Еңлік пен Лағылды бағып, Мұратбектің ас-суын әзірлеп қа-сында отырды. Ал мен «Аз да болса ақша табайын» деген ниетпен аудандық мәдениет үйінде жарты жалақыға (3000 теңге) жұмыс жасап жүрдім. Бірде аудандық мәдениет үйінің әртістері совхоз аралап, концерт қоюға шықтық. Ол кезде қазіргідей көлік жоқ,  автоклубтың өте жайсыз машинасымен гастрольге шықтық. Бір совхоздан шығып, екіншісіне бет ал-ғанда жаңағы машинамыз бұзылып, балшыққа батты. Күн салқын, қараңғылық түсіп кетті. Балшық кешіп жаяулап, қатып дірілдеп, сол жердегі біреудің үйіне барғанымыз бар. Қысқасы, екі күн өткенде әзер деп Жымпитыға оралдық. Құр сүл-дерім қалып, аяғымды сүйрете басып, үйге қарай келе жатқанда екі мәселе бойынша қатты уайымға салындым. Біріншісі, апамнан ұят болды. «Далада қаңғырып жүрмін. Не деп ойлайды, үйге кіріп келгенде не дер екен?» деп өзімді іштей жегідей жеп барамын. Екіншісі, Мұратбекке қалай көрінемін?! «Мен ауырып жатқанда, мұндай жұмы-сың құрысын! Үйде отыр!» деп ренжитін шығар дедім.

Үйдің ауласына келіп кіргенімде, терезеден көрген болар, алдымнан жүгіріп шыққан апамның алғашқы сөзі: «Айналайын, аман  жеттің бе, бәсе, өзім де солай ойлап едім…» деумен болды. Ал Мұратбек орнынан ұшып тұрып,  «О-о-о, жена пришла!» деді. Ренжудің орнына «Әнді қалай айттың, халық қалай қабылдады?» деп сұрап жатыр. Міне, бұл адамдардың ішкі дүниесінің кеңдігін қараңызшы. «Жақсының жақсылы-ғын айт, нұры тасысын» демей ме, апамның осы бір данышпан мінезін, кең пейілін ылғи  әңгіме етіп айтып жүремін.

2000 жылы Мұратбегімізден айырылдық. Қара жамылған ана, жар, әлі буыны қатпаған Мұрат-бектің қос бүлдіршіні, аға-бауыры-ның жай-күйі қандай екені айтпаса да түсінікті. Бір ай өткен соң қара-лы хабарды естіп, инсульт алған анамның тапсырмасы бойынша аға-жеңгем келіп, мені Моңғолияға алып кетті. «Екі кішкентай баламен жалғыз қалдың, жағдайың енді не болмақ, өзімнің қасымда боласың» деп әрең тіл қатып жатқан анамды тастап, кері қайту мүмкін болмады. Айлар өте келе анам тәуірленгенімен, мені кері жіберуге үзілді-кесілді қарсы болды. «Мұратбектің түтінін сөндіруге мүлдем болмайды. Қайткенде де кері оралып, өнерін жалғастыруым керек» деп өзіме уәде етіп, іштей бекініп қойған едім.

Осыны айтып, алты ай бойы анамның құлағының құрыш етін жедім. Ағаларым «Өзің біл, таң-дауыңа қарсы келмейміз» – деді. Осындай шешуші шақта анамның рұқсатын алуға апамның (енемнің) адамгершілігі себеп болды. Самат ағам келіп, «Анашым, неге уайымдайсыз? Гүлжәміштің Оралда сізден кем емес екінші анасы бар. «Қорықпасын» деп келінін қасына алып, жанына ұйықтатып, қызындай қамқорлық көрсетіп жүрген адамға әбден сенуге болады, жіберіңіз» деді. Міне, осыны естіген анам маған ақ батасын беріп, шығарып салды…

Апам – имандылықты, жоғары мәдениетті санасына сіңірген, өте білікті, өз мамандығының шебері, жанұясының тірегі бола алған өте қасиетті адам. Әулетті бір өзі аяғынан тұрғызып, өмірдің сын-сынақтарына төтеп бере алған қайсар жан.

Осы мамыр айында Мұратбек екеуміздің анамыз мерейлі 80 жасқа толады. Аналардың анасы, кең пейілді, басынан небір қиындықтар өтсе де, еш мойымаған қайсар да қайратты ана, отағасынан жастай жесір қалса да, әулеттің отын сөндірмей, бір өзі ұл-қызын мәпелеп жеткізді. Адалдығы мен жан дүниесінің тазалығы баршаға үлгі болған апамның ғұмыры ұзақ болса екен деп тілеймін.

Гүлжәміш   Бәкейқызы  Тауфиқкеліні,

Орал   қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.