6.05.2019, 23:28
Қараулар: 160
«ОБЕРСТ» операциясы

«ОБЕРСТ» операциясы

Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Михаил Абдолов 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында атышулы барлаушы болды.

Ол туралы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған материалдар мен ауызша айтылған әңгімелерді негізге ала отырып жазылған белгілі қаламгер Айтқали Нәріковтің «Барлаушы» атты кітабы 2018 жылы жарық көрді. Осынау очерк даңқты барлаушының майданда көрсеткен ерлік істерінің тағы бір көрінісі іспетті.

…Михаил Абдоловтың бөлімшесі үнемі орын ауыстырып тұрады. Майдандағы оперативтік жағдай осыны талап етеді. Міне, алғы шептегі атқыштар полкінің құрамына еніп жатыр. Полк командиріне мәлім болып, бөлінген оңаша блин-дажға қайтып оралды. Әрдайым сақадай сай, сауысқандай сақ барлаушылар командирді сұраулы жүзбен үнсіз қарсы алды.

– Жаңа тапсырма күтеміз. Босаңсуға болмайды. Әдеттегідей жаттығулар жалғаса береді. Кеттік орманға! – деп  бұйырды аға сержант орнынан атып тұрып. Бөлімше дүркірей көтеріліп, сырт-қа беттеді.

Майдан тірлігі сан алуан екені белгілі. Полк, дивизия кескілескен шайқастарға кіреді. Жан берісіп, жаналысқан деп осыларды айтар болар. Апта, тіпті ай бойына арпалыс толастамайды. Күн мен түннің есебінен жаңылысады жұрт. Әз-әзіл ажал салтанат құрып, дегені-не жеткендей масайрайды… Содан қатары қатты селдіреген әскерлер екінші эшелонға шығарылады. Олардың орнына тың бөлімдер мен құрамалар келеді. Ал барлаушылар демалыс дегенді білмейді. Қаза тапқан, жараланған жауынгерлердің орнына жаңа адамдар келіп, бөлімше үнемі тапсырма-ларды орындауға тұрады.

Михаил Абдолов басқаратын барлаушылар бөлімшесінің даңқы тұтас майдан көлеміне тарады. Тәжірибе алмасу үшін армия, кор-пус, дивизиялардан әріптестер келетін болды. Аға сержанттың төсіне орден мен медальдар та-ғылды. Михаил Абдоловтың аты-жөнін майдан қолбасшысы жатқа білді. Аса күрделі де жауапты тапсырмалар болғанда, маршал майдандық барлау басқармасы басшысын шақырып алып, опе-рацияны жүзеге асыруды Михаил Абдоловқа жүктеуді бұйырады екен. Бұл жолы да дәл солай болды.

Майдан штабына жау тылындағы барлаушылардан тың мәлі-мет түсті. Берлиндегі Бас штабтың ерекше тапсырмаларды орын-дайтын полковник шеніндегі офи-цері Бірінші Украина майданының қарсыласы фашистік армиялар тобы штабына келіпті. Не үшін? Қандай мақсатпен? Жау жақ не ойластырып жатыр?

1945 жылдың көктемі басталды. Кескілескен ұрыстар фашистер басып алған Польша жерінде жүріп жатыр. Дұшпанның беті қайт-са да, жанталаса қарсыласуда. Жаралы жолбарыс сияқты.

Михаил Абдолов полк штабына шақырылды. Ол майдандық барлау басқармасының бастығы, генерал-майорды көрген бойда өте маңызды тапсырма берілетінін түсінді.

– Аға сержант! Өте құпия және жауапты тапсырма бұл. Берлиннен келген полковниктің ізіне түсіп, тіл ретінде алып келу керек. Маршалдың бұйрығы. Операцияға «Оберст», яғни полковник атауы беріледі, – деді генерал-майор қысқа қайырып. Операцияны жоспарлау және жүзеге асыру аға сержант Михаил Абдоловқа әр-дайым сеніп тапсырылатын. Оның ісіне жоғарыдағы бастықтар қол сұқпайтын.

Он бір жігіт бас қосып, аса қиын тапсырманы қалай орындауға бо-латыны туралы ақылдаса бастады. Талай-талай істер атқарылды ғой.

Десе де, шаблонға баруға бол-майды. Тың айла, амал, әдіс ойлап табу керек.

– Әдеттегідей жау шебінен өту керек, – деді Михаил Абдолов отырған жауынгерлердің жүзде-ріне көз жүгіртіп.

– Жау тылындағы агентураның көмегі қажет болатын сияқты, –  деді барлаушылардың бірі.

– Өте дұрыс! Неміс полковнигінің, яғни оберстың жүріс-тұрысы қатаң бақылауға алынғанын айтты генерал-майор. Жау тылына өткен соң барлық мәлімет қолымызда болады, – деп бөлімше командирі жігіттердің көңілін бір көтеріп тастады.

Жау тылына өту ұшақпен жүзеге асырылатын болды. «ПО-2» жеңіл ұшағы жау тылына жиі ұшып, поляктарға листовкалар тастайтын. Алғашқыда немістер десант деп ойлап, ұшақ барған жерлерге рота, батальон шамасындағы әскер жіберіп, шала бүлініп қалды. Кейіннен бөлімше (отделение) мөлшеріндегі солдаттарды жіберіп, листовкаларды өртейтін болды. Осылайша екі-үш  ұшақты жау тылына листовкалармен жіберіп, іле-шала Михаил  Абдолов бастаған бес барлаушы «ПО-2-ге» мінді. Таң саз бере барлаушылар қалың орман арасындағы алаңқайға түсті. Арнайы ала шыққан листовкаларды айналаға шашып, парашюттарды мұқият жа-сырып, бір ізбен жүріп, орманға сіңіп кетті. Жеделдете жеткен жау солдаттары листовкаларды жинап, өртей бастады. Десант түсті деп ойлаған жоқ еді олар.

Барлаушылар орман ішіндегі шағын хуторға таяғанда шаруа киіміндегі орта жастағы адам терек тасасынан шыға келді. Михаил Абдолов шөптің сыбдырынан бөгде адамды тез байқап қалған бо-латын. ППШ шаруаның жүрек тұсына көзделді. Бөгде адам бас киімін қолына алды. Бұл шартты белгі болатын. Жау тылындағы барлаушы неміс полковнигі туралы толық мәлімет берді. Фото-суретін көрсетті.

Полковник бірнеше корпус, ар-мия штабтарында болып, жоғары шенді генералдармен кездесіпті. Бұл кездесулер бір сағат жарым, екі сағаттай уақыт алса керек. Жау арасында жүрген кеңес барлаушыларының хабарларына қара-ғанда, неміс полковнигі көп нәрсеге қаныққан сияқты. Көрген-білгенін Берлиндегі үлкен бастықтарға жеткізетіні белгілі болды.Әлде бір өте маңызды құжат, не карта ала баруы әбден мүмкін ғой.

Михаил Абдолов жау тылын-дағы барлаушымен оңаша сөй-лесті. Нәтижесінде оберсты, яғни полковникті Берлинге қайтар сапарында қолға түсіріп, «ПО-2» ұшағымен алып келу керек деп шешілді.

Жау тылындағы агентураның көмегімен Михаил Абдоловқа түрік майорының формасы мен құжаттары дайындалды. Неміс тіліне судай барлаушы СС капралы формасын кимек. Екеуі неміс полковнигі мінетін пойызға отыруға тиіс болды. Қалған үш барлаушыға сақтық шараларын қамтамасыз ету жүктелді.

Аға сержант Михаил Абдоловтың азиялық бет пішіні қанша тырысса да неміске келмейтін. Сондықтан «түрік» болуына тура келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Түркия үкіметі фашис-термен ниеттес болды. Неміс армиялары штабында түрік әскери миссиялары қызмет істеп тұрды.

Михаил Абдолов бастаған барлаушылар тобы жау тылында жанкешті жұмыс жасады. Агентура бұлардың іс-қимылдарын майдан штабына үздіксіз хабарлап тұрды.

Шешуші сәт те келді! Неміс полковнигі «Варшава – Берлин» жүрдек пойызына мінді. «Түрік» майоры жұмсақ вагонға, «неміс» капралы жалпы вагонға жайғасты. Екеуінің құжаттары «темірдей» болатын. Бір олқысы, Михаил Аб-долов немісше сөйлей білмейді, «Хальт! Хендеқох!»-қа ғана мығым. Мұнымен ұзаққа бара алма-сы белгілі. Сондықтан ол тістері ауырған адамдай жағын бинтпен таңып алды.

Пойыз қозғалды. Полковникті шығарып салушылар қол бұлғап қалып барады.

Михаил Абдолов, яғни «түрік» майоры келесі бірінші класты ва-гонға өтті. Неміс полковнигі купеде жалғыз екен. Есікті жартылай ашып қойып, сигара тартып отыр. Шағын денелі, маңдайы қасқалана бастаған қырық жас шамасындағы адам екен. Михаил Абдолов честь берді. Оберст басын изеді. Тістері ауырған «түрік» майорына жаны ашығандай  кейіп  байқатты  ол.

«Варшава – Берлин» жүрдек пойызы кішігірім станцияларға тоқ-тамайды. Үлкен станцияларда әскерлер, полициялар қаптап жүре-ді. Жоспар бойынша белгіленген жерге келгенде, стопкранды іске қосып, қапқа салынған оберсты қолдаса көтеріп, орманға сіңіп кету керек. Артта қалған барлаушылар бұларды атарбамен қарсы алуы тиіс.  Солай  келісілген  болатын.

Капрал формасындағы барлаушы Михаил Абдоловтың купесіне кірді. Отырған бір-екі қартаң поляк оған онша назар аудара қоймады. Барлаушының қолындағы тор дорбада адамның бойына шақталып тігілген қап бар. Екеуі тез қозғалып, өз орындарында газет оқу үстіндегі екі жолсерікті бір-бір нұқып, талдырып тастады. Вагонның сыртқы есігін ашатын кілт қолға түсті. Неміс полковнигі күпесін жауып алған екен. Жайлап қаққан кезде есік ашылды. Михаил Абдолов полковниктің өңменінен бір түйді. Ол сылқ ете түсті. Екеулеп қапқа салды. Тез құжаттарын тексерді. Сары былғары портфельді де қапқа салды. Михаил Абдолов алға озып, вагон есігін тез ашып, стопкранды жұлқи төмен тартты. Рельске үйкелген вагон доңғалақтары ысқырғандай дыбыс шығарды. Шу еткен үндер естілді. Вагоннан секіріп түскен екі барлаушы қапты қолдаса көтеріп, әу-дем жердегі орманға қарай жүгіре жөнелді. Пойыздағылар ес жиғанша, олар орман құшағына еніп кеткен болатын. Вагон терезелерінен атылған пистолеттер дыбысы естілді. Олар барлаушыларға залал келтіре алған жоқ. Артта қалған барлаушылар атарбамен күтіп алды. Қастарында аппаратымен радист бар екен. Жау тылындағы агентураға бұйрық түскен болатын майдан штабынан.

Иә, «Варшава – Берлин» жүрдек пойызындағы тосын жағдай көп кешікпей неміс армиялар тобы штабына мәлім болды. Бұл кезде барлаушылар ұзап кеткен еді. Неміс армиясы басшылығы ор-манды сүзіп шығуға бұйыратыны күмәнсіз болатын.

Бірінші Украина майданы штабы тұтқын полковникті, яғни оберсты алып келу шараларын өз қолына алды. Жау тылына бір эскадрилья «ПО-2» жібереді. Түнгі аспанға көтерілген титімдей он ұшақ жан-жаққа бытырай жөнелді. Мұндағы мақсат жауды шатастыру болатын. Жау прожекторлары аспан әлемін тінте бастады. Зениткалар үздіксіз атқылау-да. Жау истребительдері ұшып жеткенмен, өте төмен ұшқан «ПО-2»-лерге залал келтіре алмады. Сол он ұшақтың біреуі Михаил Абдолов тобына арналған еді. Қалғандары листовкалар тастауға міндетті болды.

Қолға түскен полковниктің ізін кесу шаралары кең көлемде жүріп жатты. Орман алқаптарын сүзетін топтар жасақталды. Не-містердің ротадай солдаттары капитанның, яғни гауптманның бас-қаруымен Михаил Абдолов тобы бой тасалаған жерге жақындап келе жатты. Міне, алыстан қарағанда инелікке ұқсайын «ПО-2» жақындап қалды. Ұшқыштың артқы жағында бір ғана орын бар. Полковник қайтадан қапқа сүңгітілді. Ұшақтың қос доңғала-ғы жерге тиіп, елу метрдей жүріп барып, кілт тоқтады. Тез қимылдаған төрт барлаушы, полковник салынған қапшықты төрт бұрышынан ұстап, ұшаққа қарай құстай ұшты. Полковник ұшақтың артқы орындығына «жайғастырылды».

– Жолдас маршалға арналған «қабанды» аман жеткіз, – деді Михаил Абдолов ұшқышқа. Ол қолын бұлғады. «ПО-2» ұшып кетті.

Алғы шепке таяғанда жау зениткалары «қарсы алды». Истребительдері де жетті жанұшыра. Ерекше маңызды тіл алып келе жатқан ұшақты қорғау үшін майдан командашысы маршалдың  өзі штрумовиктер мен иcтребительдерді жіберуге бұйырды.

Штрумовиктер жау зениткаларының үнін өшірді. Ал кеңес иcтребительдері неміс иcтребительдерін бытшыт етті. Полковник  штабқа аман-есен жеткізілді.

Аға сержант Михаил Абдолов бастаған барлаушылар тобы солдаттары алаңқайға жеткенше үш-төрт шақырымды артқа тастап, алғы шепке жақындап келе жатты. Маршал оларды да ұмытпаған болатын. Алғы шептен өтетін тұсқа екі бомбардировщикті жіберді. Жау окоптары мен тран-шеяларында ақырзаман орнады. Осындай жағдайды пайдаланған бес барлаушы аман-есен бергі жаққа өтті.

Майдандық барлау басқарма-сының бастығы, генерал-майор Михаил Абдоловтың бөлімшесіне арнайы келіп, неміс полковнигінің өте құнды мәліметтер бергенін жеткізді. Оның сары портфелі де «қазынаға» толы болып шықты.

– Маршал сендерге алғыс жариялады! – деді генерал-майор қоштасарда Михаил Абдоловты құшағына қысып.

Айтқали   НӘРІКОВ

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ"

Басқа да мақалалар