6.05.2019, 23:26
Қараулар: 104
Ұлт айбыны – Ұлттық ұлан

Ұлт айбыны – Ұлттық ұлан

Еліміздің  Ұлттық ұланы – қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететін ірі әскери құрылым. Осы құрылымда әскери міндетін өтеу – әрбір жас азаматқа мақтаныш. ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Орал қаласындағы 5517-әскери бөліміне жыл сайын еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық жігіт әскер қатарына шақырылады.

Отан алдындағы борышын өтеуге келгендердің бірі – 18 жастағы Юсуп Юсупов. Ол  – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы.  Ұлты – түрік.  Орта білім беретін мектепті тәмамдаған соң, аудандық агро-техникалық колледжде оқиды. Отан алдындағы борышын өтеуге ерте қамданған. Жасы 18-ге толмастан, құжат жинап қояды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі әскери бөлімнен шақырту алғанда, әскерге баруға қуана-қуана келісіпті.

– Әкем Полат  Қазақстанда туып-өскен. Бау-бақша егумен айналысады. Бұрыннан қазақ пен түрік қатынасының терең екенін білемін. Екі халыққа ортақ «Көрұғлы» дастаны Отанды сүюге, батыр болуға үгіттейді. Түркі халықтарының қағанат құрып, жауынгерлері Римге дейін жорық жасағаны тарихтан белгілі. Қазақстан азаматы екенімді, армия қатарында қызмет етіп жатқанымды мақтан тұтамын. Бала күнімнен спортқа құмар болғаным, колледжде оқыған кезімде еркін күреспен айналысуым әскери өмірге тез бейімделуіме септігін тигізді. Әскери бөлімде бекітілген жарғыға сай тәртіп қатаң сақталады. Таңмен кермеге тартыламыз. Жаттығулар жасаймыз. Екі айдан кейін әскери қызмет мерзімі аяқталады. Әке абыройына кір келтірмей, жарқын жүзбен оралатыныма сенімдімін, – дейді қатардағы жауынгер Юсуп.

5517-әскери бөлімдегі взвод командирі, сержант Нұрлан Нұралиев  «ұландықтардың» өр болып келетінін айтады. Оның айтуынша, әскери қызмет сарбаздарды тәртіпті сақтауға, берілген тапсырманы уақтылы, бұлжытпай орындауға тәрбиелейді. Туып-өскен жерінен ұзаққа кетіп, нағыз сынға түсетін сапарын бастайды.

Өзін бекем ұстануға, тосын жағдайда шешім қабылдауға үйренеді. «Қазіргі уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз жастардың да бары жасырын емес. Қоғамдағы бұл көрініс – отбасы тәрбиесінің босаңсып кеткенін көрсетпей ме?» деген сауал тастадық командирге.

– Ұлттық ұланның 5517-әскери бөлімінде 2006 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бөлімге әскери міндетін өтеуге келгендер еш өкінген емес. Себебі армия – өмір мектебі. Әскери тәртіпке бозбаланың бәрі бірден төселіп кете қоймайды. Қиындықты еңсерген соң, уақыт өте құрыштай бекіп, шыңдала түседі. Күш-қуаты кемеліне келіп, өз-өзіне баға береді. Отанға деген сүйіспеншілік, тәрбие бастауы – отбасынан. Шаңырағымда ұл мен қыз тәрбиелеп жатырмын. Ұлыма осы кең байтақ өлкені қорғау – ерге міндет екенін айтып отырамын, – деді сардар.

Әріптесінің сөзімен орыс қызы, сержант Юлия Жақыпбекованың  пікірі үндес. 2004 жылы Юлия Ақтау қаласында әскери қызмет жолын бастағанда, лейтенант қазақ жігіті Руслан Жақыпбеков екеуі шаңырақ құрады. Келесі жылы екеуі қызмет бабымен Орал қаласына ауысқан. Бүгінде Руслан Жақыпбеков – подполковник шенінде ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5515-әскери бөлімінде қызмет етеді. Сержант Юлия Жақыпбекова көршілес өңірлердегі әскери құрылымдармен байланысты қамтамасыз етеді, әскери бұйрықтар мен құпия ақпараттарды шұғыл жеткізеді, туралап айтсақ, рацияның «құлағында ойнайды». Әскери отбасы Диана және Алсу есімді қыздарды тәрбиелеп отыр. Жауынгерлерді ұрысқа дайындаумен шұғылданатын әкесі үлгі болғасын шы-ғар, он үш жасар Диана каратэ және қоян-қолтық күрес өнерін үйренуге ынтық.

– Елімізден Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды қаһарман қазақ қыздары қан майданда ерлермен бірге ерлік көрсеткенін үйде әңгімелеп отырамын. Әскери қызметте жүргесін, үй ішінде де тәртіпті сақтауға, айтқаныңды шұғыл орындауға, елгезек болуға тәрбиелеудеміз. Әкесі қатал болғанымен, жүрегі жұмсақ. Әрине, ата-аналық міндетімізді де ұмытпай, мейірім шуағын төгуге тырысамыз. Қыздарым болашақта әскери қызметті таңдаса, бек қуанамыз, – деді Юлия Жақыпбекова.

Ақмола облысынан әскери міндетін өтеуге келген татар жігіті Ислам Абжанов атқыш ретінде мергендік өнерін жетік меңгеруде. Көзілдірікті жігіт 400500 метр жердегі нысанаға оқты қапысыз тигізеді. Ислам Бурабай ауданындағы  Баянбай ауылындағы 9-сыныпты тәмамдаған соң, Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжде бухгалтер мамандығы бойынша білім алды. Бірақ әскери өмірдің ащытұщысын татуға құлшыныс танытып, Орал қаласындағы «ұландықтар» қатарынан табылады. Әкесі Ринат – ауылдағы мектепте алғашқы-әскери дайындық пәнінің мұғалімі болған. Баласын мергендік өнеріне, әскери дайындыққа ерте баулыпты.

– Әскери бөлімде мылтықпен және аутоматпен атуды үйрендік. Аптасына екі мәрте жаттығу өткізіледі. Қашықтықтағы нысананы

көздегенде денені еркін ұстап, бірқалыпты тыныс алу қажет. Мергендік желдің екпінін, ауаның ылғалдылығын, жалпы алғанда, физикалық заңдылықтың есеп-қисабын жетік білуді талап етеді. Қаруды бөлшектеуге 12, құрастыруға 24 секунд уақыт беріледі. Бұл тапсырманы орындауға әбден машықтандым. Әскери қызмет шапшаң қимылдауға, шымырлыққа, тәртіпті қатаң ұстауға тәрбиелейді. Ұйқыдан таңғы сағат 6.00-де тұрамыз. Төсек жабдығын лезде жинап, денемізді ширатуға кірісеміз.

Тамағымызды ішкен соң, әскери және спорттық бағыттағы дайындықтар басталады. Немесе әр взводтың міндет-миссиясына байланысты сабақ өткізіледі. Бөлімде тәрбиелік шаралар, ардагерлермен кездесу сағаттары жиі өткізіледі, – деді сарбаз.

Еліміздің Қарулы күштері қатарында қызмет ету – әскери шақырылушыға абырой және жауапты міндет. Ұлттық ұланның жауынгерлері Отан алдындағы міндетін қапысыз орындап жүр. Байқағаныңыздай, азаматтық  борышын өтеуге құлшыныс танытқандар үшін әскери бөлімде шыныққаннан кейін бар қиындық лезде артта қалады. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі» деген. Сондықтан өр рухта тәрбиеленген ұрпақ – елдігіміз бен егемендігімізді сақтап қалатын  берік қалқан. Жауынгерлік тәрбиені бала санасына сіңіруді әрбір отбасы ерте ойланса, қуатты армияны нығайтуда ұтарымыз хақ.

Нұртай  ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар