6.05.2019, 23:08
Қараулар: 89
Жат жердің топырағы бұйырған

Жат жердің топырағы бұйырған

Ұлы Жеңіс жолында талай боздақтарымыз қыршынынан қиылса, кейбіреуі туған жеріне мүгедек болып оралып, бірқатары хабарсыз жоғалды. Ұлы Жеңістің жария болуына  бір ай қалғанда отбасына «қарақағаз» келген  батысқазақстандық Даян Тыпошевтың жерленген жерін табу үшін немере жиені  Сабина Өтегенова бірқатар мемлекеттің тарихи мұрағат құжаттарын ақтарған. Ақыры бауырын Венгрия елінің Йена қаласындағы бауырластар зиратынан тауып, бейітінің  басына белгі орнатыпты.

Әкем жеті ағайынды. Жетеуі де ұл болған. Қазталов  ауданының бұрынғы Краснов ет  совхозында дүниеге келіп, еңбек еткен. Әкемнің арғы атасы Нысанбай ауқатты, есепсіз төрт түлік жиған жан болыпты. Ауыл маңындағы көпір бұрын «Нысанбай көпірі», зират «Нысанбай зираты» деп аталушы  еді. Сол  түп  атамыз Нысанбайдан Қалыш, Қалыштан Тыпош,  Тыпош атамыздан жеті ұрпақ өрбіген. Мен әңгімелегелі отырған Даян әкем Фариттің інісі, Тапош атамыздың ұрпағы, Ұлы Отан соғысы басталғанда әулеттің алты ұлы әскерге шақыртылып, майдан шебіне аттаныпты. 1944 жылы Даян ағам ауыр жарақат алып, елге оралады. Өмірмен қоштасар алдында туған жері мен ата-анасын бір көруді тағдырына жазған шығар, бірнеше айдан кейін жарақаты жазыла келгенде майдан даласына кері шақыртылады. Сол кеткеннен оралмаған. 1945 жылы 20 наурызда қаза тапқандығы туралы «қарақағаз» келеді. Одан өзге бес бауыры 1945 жылдың мамыр айында Жеңіспен елге оралған. Әкемнің бауырлары жиналған  кезде Даян ағамды жиі әңгімелейтін. Ол ірі денелі, кең жауырынды және әзіл-қалжыңға жақын жан деуші еді. Оны көріп-білген қариялар да Даян ағамның үйленіп, артынан ұрпақ қалдырып үлгермегеніне күйініп отыратынын еститінмін. Ағам бозбала шағында Мәншүк есімді арумен шаңырақ көтермек болған. Алайда сұм соғыс сол бақытты күнге жеткізбеді. Мәншүк “қарақағаз” келсе де сенгісі келмей, соғыс аяқталғанда біраз уақыт жолын тосыпты, — дейді оралдық тұрғын Сабина Фаритқызы.

2009 жылға дейін Тыпошевтар әулеті жат жерде қалған ағаларының қайда жерленгенін білмеген. Ұстаздық қызметінен зейнетке шыққан Сабина апамыз Даян ағасын іздеуге түпкілікті кіріседі. Алдымен ресейлік «Мемориал» сайтына, халықаралық «Қызыл ай» қоғамының Алматы қаласындағы республикалық филиалына, Ресей Қорғаныс министрлігінің Орынбор әскери комиссариатына сұраныс жібереді. Іздеу жұмыстары сәтті жүріп, оның 21-атқыштар дивизиясының 326-атқыштар полкінде мерген болғандығы, сондайақ 1915 жылы дүниеге келіп, 1945 жылдың 20 наурызында қаза тапқандығы, Венгрияның Фельше-Туберлук елді мекенінде жерленгендігі туралы жауап келеді. Бұл мәліметті алған соң Сабина Фаритқызы Алматы қаласындағы Венгрия Республикасының елшілігіне хабарласып, бауырластар зиратының қайда орналасқанын нақтылайды. Осындай іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Венгриядағы Йена қаласының маңындағы бауырластар зиратында Отан үшін шейіт болған Кеңес әскерлерімен бірге жерленгендігін анықтайды. 2013 жылы Орал қаласының Жеңіс алаңындағы ҰОС боздақтарына арналған мемориалдық тақтаға есімін жаздыртады. Бес жыл өткен соң 2018 жылы жауынгердің бауыры Радус Латфуллин Йена қаласына жол тартады. Оны Йена қаласының әкімшілік қызметкерлері қарсылап, 20-ға жуық Кеңес әскері жерленген  бауырластар зиратына алып барған. Боздақтардың бірен-саранында ғана есімі жазылған ескерткіш болмаса, дені белгісіз әскерлер екен. Радус Латфуллин Йена мэріне РФ Қорғаныс министрлігі мен Орынбор әскери комиссариатының мұрағатынан алған барлық құжатты көрсетеді. Содан Йена қаласындағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарында қаза болған боздақтарды еске алуға арналған мемориалдық тақтаға Даян Тыпошевтың де есімі жазылады. Радус Латфуллин зиратта Кеңес әскерлерінің есімдерінің арасынан Е.  Мураков және Калий Шанкубаев есімді боздақтардың зиратын кездестіріпті. «Мүмкін біз секілді қазақстандық бауырлары іздеп жүрген шығар» деп суретке де түсіріп алған. Радус ағамыз жуырда тағы да Венгрияға жол тартпақ. Мақсаты – майдан даласында от кешіп, ажал құшқан бауырына туған жерінің бір уыс топырағын апару. «Сонда ғана жауынгер бауырымның жаны жай табар» дейді ол.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ"

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.