6.05.2019, 23:05
Қараулар: 104
Қос мерекеге арналған марафон

Қос мерекеге арналған марафон

Өткен апта соңында Орал қаласында Отан қорғаушылар күні мерекесі мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған көктемгі жартылай марафон өтті.

Шаған өзені бойында орналасқан қалалық мәдениет және демалыс саябағына бұл күні келушілердің қарасы көп болды. Марафонға қатысуға ниет білдірген мыңға жуық өңір тұрғыны өз күштері мен төзімділіктерін сынауға асықты.

Дүбірлі додаға арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаппай жүгіруге қатысушыларды алдағы мерекелерімен құттықтап, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортты дамыта түсуге шақырды. Сондай-ақ өңір басшысы еліміздің әрбір тұрғынының спортпен шұғылдануы үшін мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғандығын, соның нәтижесінде барлық аудан-ауылдарда спорт алаңдарын салу қолға алынып жатқандығын айтты.

Өткізілген жартылай марафонға қатысушылар 5, 10 және 21 шақырым қашықтықты шапшаңдықпен бағындыру керек болды. Спорттық шараға келушілердің көбі кәсіби спортшылар қатарынан болмаса да, бар күш-жігерін көрсетуге тырысып бақты. Жылда дәстүрлі түрде өтетін марафонға жастармен қатар зейнет жасындағы қала тұрғындары белсенді қатысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, бұл күнгі жаппай жүгіруге 800-ден астам өңір тұрғыны тіркелген. Сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Сырым, Шыңғырлау аудандарынан да спортшылар белсенді қатысқан.

Ерлер арасында 5 шақырымдық марафонды алғашқы болып Мәди Аманғалиев бағындырса, әйелдер арасынан Наталия Панова озық келді. 10 шақырымдық қашықтықта ерлер арасында Шабдан Гамзат, әйелдер арасында Аяулы Сисемалиева мәре сызығын бірінші болып кесті. Ең шапшаң әрі төзімділерді анықтаған 21 шақырымдық жүгірісте атыраулық Айдын Шалқар мен Ләззат Төлепбергенованың бағы жанды.

Марафонға қатысып, жеңімпаз атанғандарға медальдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Галина   САМОЙЛОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар