6.05.2019, 23:01
Қараулар: 60
Ер – елінің қорғаны

Ер – елінің қорғаны

Кеше Орал шаһарындағы №5517 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күні мерекесі мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Аталған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, Ұлы Отан және тәжік-ауған соғыстарының ардагерлері, ішкі істер құрылымдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлері қатысты.

Салтанатқа орай сап түзеген әскерилер мен ардагерлерді өңір басшысы құттықтап, Отанымыздың тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет атқарып жүрген жауынгерлерге сәттілік тіледі.

– Осыдан 27 жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен елдік пен  егемендігіміздің тірегі – Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің негізі қаланды. Мемлекет тағдырының ең бір шешуші кезеңінде Тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен қауіпсіздігіміз нығая түсті. Қарулы күштер сапында қызмет ету, әскери борышын өтеу – жоғары мәртебе әрі асқан жауапкершілік. Сіздер мемлекетіміздің тәуелсіздігі, азаматтарымыздың конституциялық құқығы, қоғам құндылықтары мен қауіпсіздігінің және жайлы өмірінің кепілісіздер. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Ұлттық ұлан қатарындағы кіші сержант Берікжан Қалиев Ақтөбеде әскери борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапса, биылғы жыл басында осы әскери бөлімнің сержанты Эльдар Жұмагелдин, қатардағы жауынгерлер Данил Челнаков пен Айбек Абдулаев, кинолог маман Салауат Янсуфин Орал қаласында жоғалып кеткен 5 жасар баланы тауып, атаанасына аман-есен табыстады. Бүгінгі күн – осындай батыл іс-әрекеттері арқылы Отанымыздың тыныштығын, әрбір тұрғынның қауіпсіздігін қорғаған өздеріңіздей азаматтарды ұлықтайтын күн. Кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, негізгі адами міндет – халыққа адал қызмет ету. Отан қорғаушылар күні – өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген  азаматтар үшін ерекше мейрам. Біздің қаһарман бабаларымыз қашан да ержүрек, намысшыл, адал азамат тәрбиелеуді өздері-нің қасиетті борышы санады. Сондықтан да бұл мереке – қайсар мінезді батыр бабаларымыздың даңқты дәстүрлерінің жалғасын тапқан күні. Тәуелсіз Қазақстан халқының және оның Қарулы күштерінің абыройы мен даңқы арта берсін! – деді Алтай Көлгінов.

Содан кейін өңір басшысы қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған міндетін абыроймен атқарып жүрген бір топ әскерилерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын табыстап, алғысхаттармен марапаттады.

Мерекелік шараға қатысушылардың алдында әскери бөлімнің сарбаздары сап түзеп, алаңда салтанатты шерумен жүріп өтті.

Сондай-ақ осы күні әскери бөлім қаладағы мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндеріне, студент жастарға арнап ашық есік күнін өткізді. Келушілер әскери бөлімнің техникалары мен қару-жарақтарының көрмесін тамашалап, жауынгерлер ботқасынан дәм татты.

Менжан  ӘБДІРАХМАНОВ,

соғыс ардагері:

– Мен 17 жасымнан бастап әскерге алынып, екі бірдей соғысты бастан өткердім. Жеті жыл өмірім майдан даласында өтті. Соғыстан аман келген соң да ел игілігі үшін жұмыс жасадық. Қазір 93 жасқа келдім. Құдайға шүкір, отбасымда 10 ұл-қыз өсірдім. Олардан тараған немере-жиендер де жетерлік. Бүгінгідей бейбіт заманда тату-тәтті ғұмыр кешуіміз қан майданға қатысқан немесе тылда еңбек еткен миллиондаған жандардың арқасы деп білемін.

Бүгінгі заманның жастары сабақтарын жақсы оқып, білім алып, елінің  ертеңі үшін аянбай еңбек етсе екен деймін.

Рысбек   ТАБЫНБАЙ,

қатардағы  жауынгер:

– Мен өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласынан әскер қатарына алынған едім. Бүгінгі таңда осы №5517 әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеудемін. Әскерге келген алғашқы кездері қиындықтар болғанын жасырмаймын. Әсіресе, әскери тәртіпке үйрену қиынға соқты. Қазір шыңдалып, үйреніп кеттім. Әскерге келіп, сарбаз атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл жерден өзіме көптеген достар таптым. Енді аз уақыттан соң әскери борышымды өтеп, отбасыма ораламын. Артымнан ерген екі інім бар. Алдағы уақытта олардың да сарбаз атанғанын қалаймын. Әскерден соң өз мамандығым  бойынша спорт саласында қызмет жасасам деймін.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.