6.05.2019, 23:00
Қараулар: 194
Отан қорғаушыларға – құрмет

Отан қорғаушыларға – құрмет

Бүгін, 7 мамыр  Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына  27 жыл толды. Кеше осынау айтулы мереке қарсаңында облыс әкімдігінің «Нұр-Сұлтан» мәжіліс залында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов мерекелік шараға арнайы шақырылған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, Қарулы күштер құрамында қалтқысыз қызмет етіп, ел тыныштығын күзетіп жүрген сардарлар мен сарбаздарға облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.

– Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен құрылып, қалыптасты. Тәуелсіздік жылдарында егемен еліміздің ұлттық қауіпсіз-дік стратегиясы айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданып, Қарулы күштерді дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Осы стратегиялық құжаттарға сәйкес, 2030 жылға қарай әскеріміздің жауынгерлік әлеуетімен Қарулы күштеріміздің қуаты 1,5 есе артуы тиіс. Арнаулы операциялар күшінің мүмкіндіктері 3 есеге артады.

Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасына сай таяу жылдарда қару-жарақ пен техниканың барлық түрінің 70 пайызы, ал жекелеген санаттар бойынша 100 пайызға дейін жаңартылады. Жақында ғана «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты жергілікті «Зенит» зауытынан шыққан «Нұр-Сұлтан» әскери кемесін суға түсірдік. Еліміздің теңіз шекарасы беріктігін сақтайтын тағы бір кеменің Батыс Қазақстан облысында жасалуы біз үшін зор мақтаныш. Және оған астанамыз «Нұр-Сұлтан» қаласы атауының берілуі үлкен мерей.

Әскери қызмет қауіп-қатерге толы. Әскерилер бұл жолды саналы түрде таңдап, жауапкершілікті сезініп, Отанға қызмет етуді басты борышы санайды. Олар үшін патриотизм мен туған өлкеге деген сүйіспеншілік жай ғана жылтыр сөз емес, өмірлік ұстанымы. Ұлы Отан соғысы жылдарында 40 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Алты батысқазақстандық  «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Майданға біздің облыстан аттанған 76 635 жауынгердің әр екіншісі қайтып оралмады. Қаһармандардың ерлігі мен батырлығы әрдайым біздің жадымызда.

Бүгін біздің ортамызда осы жылдың 27 наурызында әскери міндетін орындау кезінде қаза тапқан жерлесіміз, капитан Сырым Мәсәлімнің ата-анасы мен жары отыр. Біз Мәлкей аға мен Нәзия апаға көңіл айтып, Отанына  адал, ержүрек азамат тәрбиелегені үшін басымызды иеміз, – деді Алтай Сейдірұлы. ҚР Президентінің 2019 жылғы 29 сәуірдегі №32 Жарлығымен әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Сырым Мәсәлімнің «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі ата-анасы мен зайыбына табысталды.

Жеңіс үшін жан алысып, жан беріскен аға ұрпақтың жанқиярлығы, ұлтжандылығы, туған жерге адалдығы  кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сұрапыл соғыста кеудесін  от пен оққа тосып, елге қорған болған, бүгінде қатарлары жыл санап сиреп бара жатқан ардагерлерге деген құрмет еш уақытта бәсеңдемек емес. Отан қорғаушылар мерекесі мен Ұлы Жеңіс күнінің қатар жүруі – жеңімпаз ардагерлер мен Отан қорғаушылардың бүгінгі буыны арасындағы даңқты дәстүрлер сабақтастығының айқын дәлелі.

Бірінші және екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, есімдері аңызға айналған даңқты батысқазақстандықтар туралы әңгімелеп, жас ұрпақты тәрбиелеуде майдангерлердің отансүйгіштігін, антқа адалдығын, қаһармандығын, қайсарлығы мен табандылығын үлгі тұту қажеттігін айтып өтті.

Біздің қоғамда әскерилер мен тәртіп сақшыларына деген құрмет қашан да жоғары. Салтанат-ты жиында облыс әкімі А. Көлгінов ҚР Қарулы күштерінде, Ұлттық қауіпсіздік қызметінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында, облыстың ішкі істер, прокуратура құрылымдарында және сот билігінде абыройлы қызмет атқарып жүрген бір топ азаматты марапаттады. Сонымен қатар еліміздің қаржы құрылымындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін БҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбековке «Қаржы қызметінің үздігі» медалін табыстады.

Мәлкей   ИМАНҒАЛИЕВ:

– Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұлым Сырым Мәсәлімнің Отан алдындағы еңбегі ескеріліп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі отбасына табысталды. Жиында сөз алған ардагерлеріміз ата-әкелеріміздің отансүйгіштігі мен ұлтжандылығын үлгі тұтуға шақырды. Отан қорғауды басты парызы санап, елге қорған болып жүрген азаматтардың көп екеніне сенемін. Барша батысқазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, балаларымыз аман болсын!

Жоламан  ӘБДІРАХМАНОВ,

БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлімше бастығы,  сержант:

 – 7 мамыр –  ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Төл мерекеге орай салтанатты жиынға шақырып, құрмет-қошемет көрсеткен ел ағаларына рақмет. Мерзімді әскери борышымды өтеген соң, келісімшарт бойынша әскери қызметке орналастым. Тоғыз жылдан бері Қарулы күштер қатарында қызмет етіп келемін. Жас жауынгерлер еліміздің қорғаныс саласын нығайту жолында қажырлы еңбек етуге дайынбыз. Жерлестерімді, соның ішінде ер-азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен шын  жүректен  құттықтаймын!

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар