3.05.2019, 18:15
Қараулар: 131
Көлік кептелісі реттелмек

Көлік кептелісі реттелмек

Бүгін Бәйтерек ауданына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Ержан Құдайберген, Кеңес Абсатиров, Михаил Чирков және Геннадий Шиповских жұмыс сапарымен келді. Депутаттардың ауданға қарасты Краснов округіне жасаған сапарын облыс әкімі Алтай Көлгінов бастап жүрді.

Алдымен облыс басшысы Самара — Шымкент тасжолы бойындағы «Сырым» шекара бекетіне барып, өткізу жолағын кеңейту жұмысы құрылысымен танысты.

— Өңірдегі ең ірі шекара бекетінде қазір жағдай қиын. Еліміздің батыс қақпасы арқылы енетін тауар тасымалы үшін бұл үлкен кедергі. Мәселенің тиімді шешімі Елбасының тікелей қадағалауында. Биыл басталған жол өткелін кеңейту жобасына республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұрын күніне 100-ге жуық жүк көлігі өтетін болса, биыл тек сәуір айында шамамен 800 жүк көлігі шекара сызығын кескен. Олар екі жолақты жол арқылы өтіп үлгере алмай, үлкен көлік кезегі орын алуда. Өткізу жолағының енді 10 жолаққа кеңейтілуі әрі инфрақұрылымының жетілдірілуі мәселені түбегейлі реттеп, экономиканың қарқынды дамуына ықпал етпек, — деген Алтай Сейдірұлы жұмысты сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Жоба алдағы қыркүйек айында толық іске қосылуы тиіс.

Одан әрі облыс әкімі Краснов ауылдық әкімдігінде ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Ауыл ақсақалы Иван Митичкин мәдениет үйін, кіреберіс жолды күрделі жөндеу мәселесін көтерсе, өзге тұрғындар пошта қызметінің сапасына көңілі толмайтындарын алға тартты. Ауыл клубын арнайы барып көріп, жөндеу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан Алтай Сейдірұлы биыл Самара — Шымкент күре жолының шекарадан бері 18 шақырымы жөнделетінін алға тартты.

Облыс басшысының сапары одан әрі «Мар-Эль» шаруа қожалығында жалғасты. Шаруашылықта көктемгі егіс,  дала жұмыстарын пысықтаған аудан шаруалары саладағы өзекті мәселелерін талқылап, Мәжіліс депутаттарымен пікір алмасты. Мал тұқымын асылдандыру, агрошикізатты өңдеу, өңірдегі ет пен сүтке деген сұранысты толықтай өтейтін мүмкіндік алу, мал азығын дайындау, ауыл шаруашылығы  техникасын жаңғырту, өзге де келелі мәселелерге  депутаттар түсінік беріп, мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

Нұржан  Дүзбатыр,

Бәйтерек  ауданы