3.05.2019, 14:14
Қараулар: 118
Қауіпті қиылыс!

Қауіпті қиылыс!

Орал қаласының екінші  жұмысшы шағынауданындағы М. Өтемісов пен Көкшетау көшелерінің қиылысына  жылдамдықты баяулататын «жасанды кедергі» де, бағдаршам да орнатылмаған. Соның салдарынан аутокөліктер  жиі соқтығысуда. Жолға жаяу жүргіншілер белгісі қойылса да, аутокөлік жүргізушілері жылдамдықты шектен тыс асырып, адам өміріне қауіп төндіруде.

Аталған екі көшенің жай-күйін көруге барғанымыз сол еді, арада бір минут уақыт өтпестен, «Nissan» мен «Hyundai» аутокөліктерінің қақтығысына куә болдық. Сол маңда тұратын Геннадий Филиповтың айтуынша, дәл осы қиылыста аптасына кемінде  үш-төрт  аутокөлік  соқтығысатын  көрінеді.

— Бұл көшелерге өткен жылы тасжол төсеген болатын. Жол қалай тақтайдай тегіс болды, содан бері аутокөліктердің соқтығысуы жиіледі. Осыдан екі-үш күн бұрын аутокөліктер түйісіп, электр бағанын қиратып кетті. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, әлі жөнделген жоқ, сол күйі жатыр.Үш айда 42 жол-көлік оқиғасы орын алған осы көшелерге  жылдамдықты баяулататын «жасанды кедергі»  ме, бағдаршам ба, әйтеуір, екеуінің бірін орнату керек қой. Әйтпесе, аутокөліктер жаяу жүргіншілер белгісіне қарап жатқан жоқ, қатты жылдамдықпен  жүйткіп өтеді. Бір күні адамды қағып кетсе, оған кім жауап береді?! — дейді Геннадий Филипов (суретте).

Аталмыш қос көшенің қиылысында тұратын Нүрия Ахатова осыдан екі ай бұрын екі аутокөлік түйісіп, үйінің іргесін құлатып кете жаздағанын айтады. «Демалыс күні түскі асымызды ішіп отырғанымызда,  бірдеңе дүрс ете түсті. Барлығымыз шошып, дереу сыртқа шықтық. Шарбақтың сыртында екі аутокөлік  соқтығысып, біреуі менің үйімнің бұрышына келіп түйіскен. Қайта тым қатты келіп соғылмаған ғой, әйтпесе, үйімізді ортасына түсірер еді. Күніге бұл көшеден мектеп оқушылары өтеді. Ешкім зардап шекпей тұрғанда,  жылдамдықты баяулататын «жасанды кедергі» мен бағдаршам қою керек», — дейді ол.

Осы көшенің жас тұрғыны  №36 жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Әсет Көпжасаров та аталған көшелерге тезірек бағдаршам қойылса екен дейді. Өйткені жаяу жүргіншілер жолынан өткенде,  өміріне қатты алаңдайтынын айтады.

— Апта сайын неше түрлі жол-көлік оқиғасының куәсі боламыз. Аутокөліктер   соқтығысуының алдын алудың бір ғана амалы бар ол – жылдамдықты баяулататын «жасанды кедергі» немесе бағдаршам қою, — дейді такси жүргізушісі Бауыржан Қайырғалиев.

Күнара орын алатын осы қиылыстағы  апаттан әзірге адамдар дін аман. Бұған жауапты құзырлы мекеме бұл мәселені тез арада шешіп, тұрғындардың талап-тілегін ескереді деген сенімдеміз…

P/S:    Бет қатталып жатқанда, тұрғындар уатсап желісі арқылы жеңіл аутокөлік пен мотоцикл қақтығысының суретін жіберді. Айтуларынша, мотоцикл жүргізушісі қатты зардап шеккен. Бұдан бөлек тағы бірнеше аутокөлік соқтығысқан.

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар