3.05.2019, 14:12
Қараулар: 80
Әлемді мойындатқан ӘНШІ ЕРЖАН

Әлемді мойындатқан ӘНШІ ЕРЖАН

Ресейде өткен «Голос дети» ән байқауында талантымен талайды тамсандырып, өнерімен баршаны тәнті еткен жерлесіміз, әнші балақай Ержан Максим апта басында елге оралды.

Ардақты ұлды Орал әуежайынан БҚО мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі, Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов бастаған лауазымды тұлғалар, Ержанның тума-туыстары мен ұстаздары, сыныптас достары, жалпы жанашыр жандар қарсылап алды.

– Оралды, отбасым мен достарымды қатты сағындым. Менің әр жеңісіме қуанып, үнемі салтанатты түрде қарсылайтын, құшағымды гүлге толтыратын тілектес жандарға алғысым шексіз. Ал сайыс көңілімнен шықты. Дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орын бұйырғанымен, барша халық мені қолдайтындықтарын, шын жеңімпаз деп танитындықтарын білдіріп жатыр. Маған үлкен тәжірибе бергені, біраз шетелге өнерімді мойындатып, атымды танытқаны үшін байқауға ризамын, – дейді Ержан бізбен әңгімесінде.

Әнші балақайдың анасы Гүлмира Әлібек ұлының өнерін дамыту, талантын шыңдау бойынша жан-жақтан, тіпті Италия, Ұлыбритания секілді іргелі мемлекеттер тарапынан да ұсыныстар түсіп жатқандығын айтып өтті. Бірнеше күн бұрын арнайы қабылдаған ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ержанға арнайы грант бөлінетіндігін айтып, оның отбасына елордаға қоныс аудару туралы ұсыныс білдірген.

Ержанның өзі БАҚ өкілдеріне берген сұхбат барысында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына көшкісі келетіндігін айтқан еді. Бұл мәселеге қатысты анасы Гүлмира «Барлық ұсыныс-шақыртуды отбасымызбен ақылдасып, ой елегінен өткізуіміз керек. Ержанға музыкалық кәсіби білім міндетті түрде қажет. Бірақ қай қала, қандай оқу орнын таңдау туралы асықпай ойланып барып шешеміз», – дейді.

Айта кетейік, Ержан Максим ресейлік «Голос дети» таланттар сайысында танымал әнші-продюсер Валерий Меладзенің тобында өнер көрсетті. Ақтық мәреге дейін шашасына шаң жұқтырмай жеткен жерлесіміз финалда дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынға орнықты. Дегенмен Қазақстандағы ғана емес, өзге елдегі көрермендердің сайыс нәтижесіне көңілдері толмай, басым көпшілігі нағыз жеңімпаз ретінде Ержанды танитындықтары туралы әлеуметтік желіге жарыса жазуда.

Аяужан    КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.