3.05.2019, 14:09
Қараулар: 113
Ерсары батыр

Ерсары батыр

Орал – Ақтөбе тасжолымен сапар шексеңіз, әйгілі Аңқаты өзеніне таяған тұста жол қапталындағы «Ерсары» деген жазу көзге оттай басылады.

Бұл – Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округіне қарасты Ерсары аталатын шағын ауылға апарар бұрылыстағы сілтеме белгі. Ерсары ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан.

Атақты Сырым батырдың заманында халқының азаттығы үшін қолына қару алып, атқа қонған кескекті ерлердің бірі, тарихи тұлға Ерсары батыр Бекетайұлының есімін иеленген аталмыш ауылда бүгінде 21 түтін бар. Мұндағы жергілікті тұрғындардың үлкендерін айтпағанда, жас балаларына дейін Ерсары батыр жерінде дүниеге келгендерін мақтаныш тұтады.

Ерсары батырдың Ерсары Аңқаты деп аталатын өзеннің жағасында, бүгінде Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енген Жұмағазы қазірет – Дәдем ата зираты маңында жерленгенін ұрпақтары әуелден білетін. Танымал журналист, араб қарпінде жазылған ескерт-кіштерді зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы осыдан 2-3 жылдай уақыт бұрын батырдың құлпытасындағы ескіше жазуды оқыды. Онда «Байбақты Шолан тайпасы Ерсары Бекетайұлы опат болды 1812 жылы 55 жасында. Бұны қойған баласы Мұқас мырза» деп жазылған екен. Сондай-ақ Қазбек Құттымұратұлы өзі редакторлық ететін «DANAkaz» тарихи-танымдық журналында Ерсары батырдың Орынбор мұрағатынан табылған, «Ерсары бин Бекетай» деп арабша жазылған мөрін де жариялады. «Ерсары батыр туралы деректер М. Вяткиннің «Сырым батыр» еңбегінде кездеседі. Әбілсейіт Мұқтар, Жәнібек Исмурзин сынды тарихшылардың Сырым қозғалысы, өлке тарихы туралы еңбектерінде де Ерсары батыр там-тұм айтылып қалады. Тарихи тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық қызметі туралы арнайы еңбек әзірге жоқ» деп жазды Қазбек Құттымұратұлы.

Ерсары Бекетайұлы – белгілі тарихи тұлға Сырым Датұлының аталас ағайыны екен. Байбақты Шолан батырдың кенже ұлы Даттан Сырым туса, Ерсары – Датпен бірге туған Түкіштің немересі, яғни атақты Шолан батырдың шөбересі болып келеді. Тарихшы Жәнібек Исмурзин «DANAkaz» журналында жарияланған «Шолан батыр туралы не білеміз?» атты мақаласында «Отан тарихынан ойып орын алуға лайықты тұлғалардың бірі Шолан батыр мен оның ұрпақтарының ел үшін атқарған ерлік істері орасан» деп жазған еді. Бүгінгі таңда Жәнібек Аллаярұлы жалпы Шолан ұрпақтары жайлы, соның ішінде Ерсары батыр туралы да айтарлықтай мол мұрағаттық деректерді жинақтаған.

Ата-бабалардан жеткен шежіре деректері Ерсары Бекетайұлын асқан батыр әрі бай, атақты мерген, найзагер болған деп баяндайды. Жаугершілік заманда Аңқатының жағасында болған бір соғыста Ерсарыға найзаның салған жарасынан өмірмен қоштасуға тура келеді. Сонда Ерсары батыр «мені осы жерге қойыңдар!» деп қазіргі жерленген жеріне найзасын шанышқан екен. Сол кезде қасында болған бауыры Елтоқ батыр:

Қайырлы болсын, Ерсеке-ау,

Найзаның кірген жарасы.

Алланың жазған тағдыры,

Болған іске не шара,

Аман-сау болғай арттағы,

Он екі ата Байұлы

Сұлтансиық баласы – деп Ерсарыға жұбату айтқан деседі…

Бүгінде байбақты руының Шолан тайпасынан тарайтын Түкіш ата ұрпақтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында игілікті істі қолға алды. Олар тарихи тұлға Ерсары батыр Бекетайұлының жерленген жеріне кесене тұрғызатын болды. Осы мақсатта «Ерсары батыр» қоғамдық қоры құрылды.

– Бүгінгі рухани тұрғыдан жаңғыру кезеңінде өткен бабаларымыздың ерлік істері келер ұрпақтың жадынан өшпесін деген ниетпен тарихта аты қалған Ерсары Бекетайұлының жерленген жеріне кесене тұрғызуды жоспарлап отырмыз. «Жердің аты – бабаның хаты» демекші, Аңқаты өзенінің «Жұмағазы қазірет – Дәдем ата» зиратының қасынан ағып өтетін үлкен бір саласы ежелден «Ерсары Аңқаты» аталған. Ерсары бабамыз осы жерде дүние салып, жерленген. Бұл маңға жақын орналасқан шағын ауыл да «Ерсары» деп аталыпты. Сондықтан заманында елінің азаттығы үшін атқа қонған батыр бабамыздың жерленген жерін қоршаусыз, ескерусіз қалдырмай, ұрпақта-ры болып арнайы белгі тұрғызғанды жөн санадық, – дейді «Ерсары батыр» қоғамдық қорының  өкілі  Нұрлан  Ермұханов.

Қар кетіп, жер аяғы кеңіген шақта Ерсары батырдың жетінші ұрпағы Мұстафа Мәтниязұлы және батырдың ұрпақтарының бірі Науқан Енсапұлымен бірге Ерсары ауылына жол тарттық.

Алдымен Ақ Жайық өңіріндегі айтулы әулие Жұмағазы қазірет – Дәдем атаның мәңгілік мекеніне, мұнан кейін аталмыш кешеннің аумағында, Аңқатының аңғарына жақын жатқан Ерсары батыр қабіріне зиярат  еттік.

Ерсары ауылында сол елді мекеннің байырғы тұрғындары Сатыбалды Алпысов, Мерген Ихсанғалиев секілді ел ағалары өздері білген деректермен бөлісті.

Сатыбалды Балтағалиұлы бүгінде Ерсары ауылы тұрған маңда ертеректе үш үй ғана болғанын айтады. 1957 жылы дүние салған атасы Дүйсенғали қарт және әкесі Балтағали сол үйлерде тұрып, Аңқатының асыл тұқымды малын баққан. 1960 жылдарға таман Украинадан келген жалдамалы құрылысшылар он шақты үй, мектеп салғасын бұл жер «Аңқаты» кеңшарының алтыншы бөлімшесі, кейіннен бесінші бөлімше деп аталады. Ауыл кеңейе келе жетпіс шаңыраққа дейін көбейген кездер де болыпты. Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде осы жердегі сайлау учаскесі де Ерсары деп аталған.

Мерген Әменұлының әкесінен және аталарынан естіген әңгімелері бойынша Ерсары батыр Сырым сарбаздарына қолбасшылық жасаған. Осы маңдағы биік төбелерден қарауыл қарап, жау барлаушыларынан айла асырып отырған екен.

Мерген ағай бізді ауылдан 12 шақырымдай қашықтықтан ағып өтетін Ерсары Аңқатының жағасына алып келді.

Айнала ойлы-қырлы жерлер, бір кездері батырлар жортқан аңғарлы дала… Сандаған ғасыр талай тарихтың куәсі болған Аңқаты қыс бойғы сірескен мұзынан арылған. Көтеріле тасып, буырқанып жатпаса да, майда толқындары діріл қағып, тұнық суы екпіндей ағады. Батырдың ұрпағы Мұстафа аға өзгеше бір байсалдылықпен ақырын жақындап келіп, өзеннің суық  суына  беті-қолын  шайды.

…«Қайырлы болсын, Ерсеке-ау…». Қайырлы емей немене… Арада екі ғасырдан астам уақыт өткенде ұрпақтарының жадында батыр бабаларының ерлік істері қайта жаңғырды. «Аман-сау болғай арттағы, Он екі ата Байұлы, Сұлтансиық баласы…». Ат үстінде жан алысып, жан берісіп шайқаса жүріп, амандығын тілеп кеткен айналайын бабалардың бүгінгі ұрпақтары арада сан-даған жыл отарлық жүйенің жаншуы мен небір зұлмат, нәубетті бастан кешірсе де, тәңірінің алқауымен осы күнге жетті. Бұйырса, сол Он екі ата Байұлы, Сұлтансиық баласы жұмыла жиылып, ерлік пен елдіктің ерен үлгісін насихат қылар ауқымды шарада бас қосып, Ерсарыдай бабаларын лайықты түрде еске алатын күн де жақын!..

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.