3.05.2019, 14:06
Қараулар: 171
Теміржанның американдық техникалары

Теміржанның американдық техникалары

Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округіне қарасты Қызылбас елді мекеніндегі «Теміржан» шаруа қожалығы өз меншігіндегі егістік жердің ылғалын жауып, дән себетін қолайлы кезеңді күтуде. Осы көктемде елімізде теңдесі жоқ американдық техника алуға қол жеткізген шаруалар жердегі мол ылғалды жақсылыққа балап, егіннен мол өнім алуға үмітті.

Менің әкем 2000 жылдардан бастап шаруашылықпен айналысқан. Ол кезде қожалық меншігінде тек 100 гектер жер мен азын-аулақ мал болған. Кейін Ержан Хайыров атты досымен бірігіп, осы шаруа қожалығын құрған. Егістік жер көлемін жылдан-жылға үлкейтіп, жаңадан техникалар алған. Бүгінде қожалық меншігінде 4500 гектар жер, бес «К-700», үш «ДТ-75» тракторы, үш отандық және бір «Джон дир» комбайны бар. Биылғы жылы 1200 гектар жерге күнбағыс, 1800 гектарға жаздық бидай сепкелі отырмыз. Ісіміз оңға басса, алдағы уақытта тағы да 4000 га жер алу жоспарымызда бар, – дейді қожалық иесі Теміржан Си-сенғалиев.

Осыдан бес жыл бұрын өмірден озған әкесінің ісін бүгінде ұлы Те-міржан жалғауда. Бала кезінен әкесіне ілесіп, шаруаға бейімделген ол 16 жасынан бастап техника тілін меңгеріп, егін егудің қыр-сырына қаныққан. Бүгінгі таңда қожалық иелігінде 100 бастай ірі қара, 200 бастай қой малы бар. Ірі қарадан алынған төлдері бордақылауға қойылып, етке өткізіледі. Егін егу мен мал өсіруді қатар қолға алған шаруашылықта 10 адам, ал науқан кезінде 15 шақты адам жұмыс істейді. Шеттен келетіндер жоқ. Бәрі де өз ағайын-туысы немесе ауылдастары.

Қожалық биыл АҚШ-тан «CASEI 450» маркалы резеңке табанды тракторымен егін егуге арналған заманауи кешенін сатып алған. Айта кетейік, мұндай қуатты тех-никаға қожалық еліміз бойынша алғашқы болып қол жеткізіп отыр.

Америкада жасалған тракторды «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыру қоры арқылы он жылға лизингке алған. Аталған трактордың ерекшелігі, басқару жүйесі толықтай аутоматтандырылған. Ал резеңкеден жасалған шынжыр табаны топырақты мейлінше аз тапайды екен. Егістік кешеннің құрамына 24 метрді қамтитын тырмасы, 12 текше метр тұқым салғыш тіркемесі және 13,7 метрлік дән сепкіші кіреді. Алдағы уақытта бұл техниканың жер жыртатын құрылғысын да алуды жоспарлап отыр.

Біз шаруашылыққа барғанда техниканы шығарушы американдық компанияның Украина еліндегі «Great Plains» филиалынан арнайы келген мамандар қожалық жұмысшыларына жаңа техниканы іске қосу және оны басқаруды үйретуде екен. Филиал мамандарының айтуынша, бұл техника, негізінен, Қазақстан еліндегі егін шаруашылығына арналып, Америкада жасалған заманауи кешен. Себебі тиімділігі мол заманауи техникаға біздің елден сұраныс көп екен. Тракторға тіркелетін құрылғы бір мезетте бірнеше жұмысты атқара алады. Яғни жыртылған жерді қопсытып, дән сеуіп, артынан тырмалап өтеді. Бұл кешен күшімен тәулігіне 200-300 гектар жерге дән себуге болады. Қазақстан еліне соңғы үш жылда дәл осындай үш кешен әкелінген болса, олардың барлығы біздің өңірдегі қожалықтардың иелігінде.

Бүгінде егістік басында жұмыс қыза түскен. Жұмысшылардың бір тобы егістегі ылғал жабуды аяқтап жатса, қалған шаруалар қыстақ басындағы техникаларды сайлауда. «Алған шетелдік техникамыз алғашқы рет сынаққа түскелі тұр. Биыл қыста қар қалың түскеннің арқасында жердің ылғалы мол. Топырақ температурасы қалыпты жағдайға келген соң дән себу жұмыстарын бастаймыз. Жаз айлары жауын-шашынды болса, мол өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз», – дейді қожалық иелері.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Тасқала ауданы