3.05.2019, 14:00
Қараулар: 96
Шолпан – жыр, Шолпан – ғұмыр

Шолпан – жыр, Шолпан – ғұмыр

«Еліңді айт» дегенде, қасиетті туған топырақтың киесі мен тарихи жадымызда хатталған қазақтың өрісі ру, жүз, ұлт тұтастығының иесі бола білген ерлеріміз ойымызға оралатыны белгілі. Бұл ұлттық ментальдіктің санадағы көрінісі болса, ұлттық демократияның дауысы дидактикалық поэзия, тәлімді терме арқылы «әулетімнің анасы, ел-жұртымның панасы…», «әйел де болса тек заты, бұрымдының бекзаты…»  болып халықтың үні, пайымы танылды. «Халық айтса, қалып айтпайтындығын» қазақ тұрмысында апа-қарындастарымыз өнегелі істерімен дәлелдеп те жүр. Солардың бірі, әрі бірегейі –  Ақжайықтың ақмаңдай қызы, ақын, қоғам қайраткері Шолпан Қыдырниязова.

Шолпан Батырқызының есімі жалпы жұрттың жадында айтыскер ақын ретінде жаттаулы. Ол негізсіз де емес. Он жеті жасында «Облыс ақыны» атағын алып, 51 рет сөз додасына түскен Шолпан Батырқызы соның 29-ында 1-ші орынды иеленген. Әрине, ол кездегі айтыс кеңестік заманның талаптарына сай өткізілді десек те, бір анық нәрсе, асыл өнеріміздің жел өшірген іздей болып жойы-лып кетпей, тәуелсіздігімізбен табысуына сеп болғандығы. Бұл турасында ақын «Атадан қалған мұра айтыс еді» ой-толғамында:

«Білгенге ел сенімі салмақты екен,

Өр халқым пейіліңнен самғап кетем.

«Өнер алды қызыл тіл» деген  халқым,

Өлтірмей ұрпағыма жалғап кетем», – деп өмірлік ұстанымын өлеңмен әдемі жеткізе білген.

Шолпан Батырқызының суырыпсалма ақындық қыры есімі ел-ге танылған күннен бүгінге дейін белгілі бір дәрежеде сөз болғаны белгілі. Мүмкін, алда өлкетану әде-биетімен байланысты арнайы зерттеу нысанына да айналар. Мұны келер күннің еншісіне қалдыра отырып, өзгені қайталамай, өзіміз байқаған жекелеген детальдарға тоқталып өтейін.

Біріншіден, Шолпан – айтыстарында суырыпсалмалық өнер иесіне тән дәстүрлі машықтарды терең меңгерген ақын. Ақынның сөз қақтығысуларындағы жеңіс санының басым болуы да айтыста сөз қолдану тәсілін шебер меңгер-гендігінде жатыр. Бұл жөнінде М. Әуезов айтыс туралы зерттеу ең-бектерінде былай деген болатын: «Әрбір жеке ақындар айтысының бас-басына өзіндік өзгешеліктері болғанмен, солардың көбіне ортақ бірнеше жалпылық мазмұн, мотивтері де бар. …Мұндай айтыс атаулыға ортақ, сондай үнемі кездесетін жайға тоқтайық. Қай мазмұнға арнап айтысса да, жеке ақындар айтысында ең алдымен айтыстың бас геройы – ақындардың өздері туралы сөз қозғалады».

Мұны Шолпан ақынның ақтө-белік Елеусіз Кенебаевпен айтысу барысындағы сәтті шумақтарынан көре аламыз.

«Шабытым Ақ Жайықтың ағынындай,

Екпінім жанартаудың жалынындай».

Немесе:

«Ұқтырған жырмен мұңын, зарын дағы,

Қазақтың қаһарман ұл, дарындары.

Сал Мұхит, ер Исатай ұрпағымын,

Даңқы өшпес Махамбеттің Нарындағы» – деп келетін жолдар М. Әуезов айтқан «айтыстың бас геройы – ақындардың өздері туралы сөз қозғауы», яғни қарсыласқа алынбас асудай болып састыра сөйлеуі. Бұл – айтыста айта білген, қолдана білген айтыскерге олжа әкелер бұрыннан желісі үзілмеген тәсіл. Шолпанның мұны кәсіби деңгейге жеткізгендігін айтыстарын парақтасаңыз, көз жеткізу аса қиын емес. Айтыста аталмыш тә-сілді қолданамыз деп даурықпа, даңғазашыл кейіпкерге айналып кеткендер қаншама. Ішкі мәдениеті мықты, сөзді саралап таңдай білетін Шолпан ақын сынды сөз зергерлері ғана бұл сыннан абыроймен шыға алмақ.

Шолпан Батырқызының айтыстары туралы сөз қозғау бір айтыскердің шығармашылығы хақындағы әңгіме деген түсініктен шығып, дұрысында, бір дәуір айтыс өнерінің көрсеткіші деңгейінде қарастырылуы қажет. Мұны ақынның республикаға есімдері танымал айтыскерлер Қатимолла Бердіғалиев, Аяз Бетбаев, Тынышбай Рахимов, Манап Көкенов, Айтақын Бұлғақов, Әсия Беркенова, Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Қонысбай Әбілов тағы басқалармен айтыстары дәлелдей алады.

Шолпан Батырқызы өзінің өмір дерек естеліктерінде еңбек жолын мектеп бітірген жылы Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетінің редакциясында жұмыс істеуден бастағанын, әрі бұл жылдар үлкен өмір мектебі болғанын «Қаратөбем, қасиетті құшағың…» атты 2015 жылы жарық көрген кітабында ерекше тебіреніспен жазады. Тұлға болып қалыптасу, сөз өнерін шыңдау қадамдарында аудандық газетті басқарған редакторлар Ғилаж Наурзин, Самат Ба-тырғалиев, Қамалғали Зинуллин, сол кездегі тілші қызметкерлер Ғаббас Жәнібеков, Жәрдем Қуа-нышалиев, Мақсот Ерғазиев, Орнаш Құлниязов, Қайыржан Хасанов сынды ағалардың тәлімі орасан болғанын автор былайша атап өтеді. «Мен шыншылдықты, жазған мақалама сын көзбен қарау-ды, мақала арқылы халықты тәр-биелеуді, қоғамдық дұрыс пікір қалыптастыруды ағалар мектебінен үйрендім, сол үшін қарыздармын… Мүмкін, менің газетке еңбегім сіңе қоймаған болар, газет-тің маған еңбегі зор», –  дейді.

Аталмыш кітапты оқығанда, автордың шығармашылық қуаты мен қазақ деген ұлттың болмысын қайта танығандайсың. Қазақ ауди-ториясына айтыскер ақын болып танылған Шолпан Батырқызы жазба поэзия мен прозада да қарымды қаламгерге айналғанын осы кітапта көрсете алған. Кітаптың бі-рінші бөліміне топтастырылған өлеңдерінде тақырыбы мен идеясы күні жетіп туғандығын аңғар-татын поэтикалық нәрі жетік жырлар баршылық. Әсіресе, ақын ша-бытының шарқайрағына айналған туған жер, адами құндылық қасиеттер толысқан пайымның жемісі екендігін сәтті жазылған шу-мақтар мен тармақтар көрсетіп-ақ тұр. Туған жер Қаратөбеге арналған циклді өлеңдер ішінен мына бір шумақтарға назар аударсақ:

«Құндақтаған киесімен төрінің,

Туған жерім – асқақ ойым, өр  үнім.

Ол тұтаста мен тұтаспын,  тұлғамын,

Қаратөбем – ажырамас бөлігім»

* * *

«Саған деген көңілімді қарашы,

Сезінбеймін атауыңның  қарасын.

Туған жерім – жарқыраған  жанарым,

Жанардағы сенсің – қарашық.

Адамзат баласы үшін туған жердің орны ерекше екендігін ақ сөй-леген ақын жырларын оқи отырып келісесің, ойыңды, бойыңды бөлек бір тәтті күй билеп, қиялың өскен орта көгіне қалықтап кетеді.

Бірінші шумақта ақын танымдық тұрғыда оқырманына туған жердің төл баласына махаббаты шексіз екендігін образды түрде құдды адами іс-әрекет қалпында көрсетуге талпынған. Мұны шумақтың бірінші жолындағы «Құндақтаған кие-сімен төрінің» сөз саптауындағы анасындай құндақтаушы туған жер болып тұрғанын барлай қарасақ, көруімізге болады. Шумақтың екінші және төртінші жолдары «асқақ ойым, өр үнім», «ажырамас бөлігім» болып, сын есімнен жасалған метафоралық тізбек тізіп, шумақтың мазмұны мен қуатын асырып тұр.

Екінші шумақта ақын әңгімелесуші кейіпке енген туған жердің назарын аударту мақсатында «Саған деген көңілімді қарашы» дей отырып, оқырманын да елең еткізеді. Мұндағы сөз қолданыс қыз-меті жағынан троптың бір түрі кейіптеу болып тұр. Осы шумақта-ғы тағы бір авторлық ізденіс бірін-ші, екінші, үшінші жолдардағы ұйқас қызметін атқарып тұрған «қара» сөзінің әр сөз табында қайта-лана берілуі. Бірінші жолда «Саған деген көңілімді қарашы» етістік, екінші «Сезінбеймін атауыңның қарасын» сын есім, төртінші «Жанар-дағы сенсің – қарашық» зат есім.  Мәтіндегі «қара» сөзінің түрленуі ақынның сөз ойнату тәсілін шебер меңгергендігін көрсетумен қатар, жырлап отырған тақырып ныса-нына көңіл күй реңкін танытады. Осылайша туған жерге деген махаббаттың құдіретімен «Қаратө-бе» топономикалық атау мағы-насы орбитасынан шығып, көздің қарашығына айналып ақынмен тұ-тасып кетеді.

Алқалы топта алты алаштың сөзін сөйлеген ақын Шолпан айтыс сахнасынан алыстағанымен, құдайдың берген мінезі, ата-ана-ның тәрбиесі, өмір мектебінің арқасында күнделікті өмірде де сол кісілігін, турашылдығын, ақ сөй-леуін жоғалтқан емес. Айтыста «халқым үшін жан пида» деп, сындарлы күндері жастардың тілімен айтқанда «сынып қалатындары» қаншама?! Әкім-қара қатысқан жиындардың шаршы тобында Шолпан Батырқызының руханият көз-дерінің негізгі арналарына қарай қаржыны бөлдіру үшін тауып айтып, иландыра сөйлеп отырғанын көріп көңілің марқаяды, ел анасын көргендей боласың.

Шолпан Батырқызының және бір ерекшелігі, табан астынан тауып сөйлейтін тапқырлығы, талайлар талғаусыз сөйлеп Қыдырния-зованың қалжың қанжығасына бөктеріліп бара жатқандарын білмей де қалғанын ел айтып жүр. Со-ның біріне кезек берер болсақ, апамыздың облыстық тіл басқар-масын басқарып жүргенде орын алса керек. Бірде уызынан тілге жарымаған бір бастық Шолпан Қыдырниязованың алдын ала жазып берген құттықтау сөзін дүйім жұрттың алдында дұрыс оқи алмай, әбден масқарасы шығыпты. Үлкен бастық түшкірсе, «жәрекімалласы» дайын тұратын кішілер бар кінә құттықтау хатты дайындаған Қы-дырниязовада жатыр депті. Әлгі «ит ашуын тырналап аладының» керімен Шолпанға бар өкпесін айт-са керек. Сонда шапа-шапта есе жібермейтін Шолпан Батырқызы: «Сізді сүріндірген «керуен» сөзінің ішінде тіліңіз келмейтін, айтылымы қиын бір спецификалық әріп жоқ. Енді сізге  керуеннің суретін салып бермесем, басқа амал жоқ» деп, телефонның тұтқасын қоя салыпты.

Халықтың аузында хатқа түскені бар, түспегені бар «Шолпанның шымшымалары» аталып кеткен қаншама қағытпалар, қыран-топан күлкіге бөктеретін қалжыңдар жетерлік. Қалжыңның өзі халықтың арасына тез тарайтын бүгінгінің ауыз әдебиеті. Жұрт кәдесіне жарайтынын жинақтасақ, олжа сол болар еді. Әдемі әзіл, шымыр шымшыма астарында үлкен мән жатыр. Тарихи тұлға бейнесі де, тарихи шындықтың көркем әдебиеттегі ық-шамдалған көрінісі де, ұлттық ар-ман-мұраттың тоғысқан жері де – осы шағын жанрлардың бойында. Мұны бейпіл сөздермен шатыстыруға еш болмайды. Сондық-тан жинақтауда да аса білімдарлық, кәсіби деңгей қажет. Әйтпесе, шөп те шөп, шалан да шөп болып кетері анық.

Жақында Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ұлт ұлаға-ты» атты жаңа жобаның тұсауке-сері өтті. Жобаның мақсаты – қас-терлі халқымыздың бойындағы адамгершілік ізгі қасиеттерді, ұлт ұлағатын жас ұрпақтың санасына сіңіру, ұлтты сүю, ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеу, өлкемізге танымал тұлғалардың өмірден көрген ой-түйіндерін тәрбие құралы ретінде қолдану. «Ұлт ұлағаты» жо-басының алғашқы қонағы Шолпан Батырқызы жастармен кездесу барысында өзінің «Менің тәрбие сағатым» атты соңғы шыққан кіта-бының жазылу тарихы жөнінде: «Осыдан бес жыл бұрын әлеуметтік желіге алғаш тіркелген кезде он-дағы жүгенсіздікті, әдепсіздікті, ойына келгенін жаза салатын жауапсыздықты көріп шошынып едім. «Өзі ұялмаған кісінің бетін шиедей қылады» дегенді қазақ тегін айтпаған ғой. Өркөкірек, тілемсек, анайылықтан алдына жан салмайтын жастарды көріп, жаным жараланып қалады. Бетпақтыққа бет бұрған бұл қоғамды түзетудің бір емі – біз секілді өмір көрген үлкен адам өз өнегесімен кейінгі ұрпаққа тәрбие беруі керек деп ойладым. Өзімнің әжелік үлгімді, үлкендік жолымды көрсетейін деп, «Менің тәрбие сағатым» деп өзекжарды ойларымды жаза бастадым… Қа-зіргі жастар көбінесе әлеуметтік желіде отырады. Олардың барлығы кітап оқи бермейді. Сондықтан да ойларымды қысқа-нұсқа жазып, әлеуметтік желіде маған тіркелген 5 мыңға жуық достарыммен бөлі-сіп отырамын» деген болатын.

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» екендігін өнегелі ісімен танытып жүрген Шолпан Батырқы-зы «Менің тәрбие сағатым» атты кітабында: «Әке – төр, ана – бесік, ұл – қуат, қыз – шуақ. Ұлың қуатты, қызың шуақты болса, төрің қуатты да шуақты болады. Ұлдың қуаты әл кетіп, қартайғанда, қыздың шуа-ғы жүзіңнен әр тайғанда керек. «Жетілгенше алдыңа, жетілгесін артыңа қара», – деп отырушы еді әжем. Ұлт тірегі – ұлдарым, тәрбие тіні – қыздарым, жетілгесін артқа қарайлап жүрмісіңдер? Қамшы-ның сабындай қысқа ғұмырдың жастығы өтеді, қарттығы жетеді, дүние – кезек» деп әлеуметіне әлеуметтік желі арқылы оймақтай ой салып жүрген жайы бар.

Есіміне заты сай руханияты-мыздың жарық жұлдызы Шолпан Батырқызы жұртына «Жазира», «Ерке құс», «Елігі еркін даланың», «Қос қанат», «Қаратөбем, қасиетті құшағың…» «Менің тәрбие саға-тым» атты поэзиялық шығармалар ұсынып, Шолпан – жыр аталса, халқына жасаған адал еңбегі ба-ғаланып, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қыз-меткері, «Ерен еңбегі үшін» медальдары, «Құрмет» орденін иеленіп, өнегелі өмір жолымен Шолпан – ғұмыр атанды.

Азамат   МАМЫРОВ,

Батыс   Қазақстан   инновациялық-технологиялық университетінің   доценті,   филология ғылымдарының   кандидаты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.