3.05.2019, 13:57
Қараулар: 54
«Алтын ордаға таласуға толық құқымыз бар»

«Алтын ордаға таласуға толық құқымыз бар»

Хадиша  Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында «Ұлы  даланың  руханияты  –  ұлт  болашағының  негізі»  атты  аймақтық  ғылыми-тәжірибелік  конференция  өтті.

Конференцияға М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков пен аталмыш университеттің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Дәулеткерей атындағы оркестрдің дирижері Қырымгерей Қажымов, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстары мен өңіріміздегі орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысты.

– Біз нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді дұрыс пайымдауымыз керек. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Әрбір ұлт тарихи тамырымен мақтанады» деп бекер айтқан жоқ.

Рухани жаңғыру ана тіліне деген құрметтен басталады. Рухани жан дүниесі бай ұрпақ қана елдік мәселелерге бет бұрып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда еңбек етіп, қадір-қасиетін сезе алады. Күллі әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық пен өз ұлтымыздың бай мәдениетін білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамдағы рухани мәселеге келсек, кей тұстарда күйзелетіндей жағдайға жеттік. Бүгінгі идеологиялық ахуалдың біраз тұстары ойландырмай қоймайды. Ұлттық дамудың негізгі шарты ұлтты танудан басталады, – деді конференцияда «Берік рухани иммунитет қажет» тақырыбында баяндама жасаған Абат Қыдыршаев.

Бұдан кейін мінберге көтерілген Мұрат Сабыр тарих, тіл, әдебиет үшеуі егіз ұғым екенін айтып, кез келген адам өз ұлтының тарихын жете білуі керектігін жеткізді.

– Әлихан Бөкейхан атамыз: «Қазақтың тарихы қазақ әдебиетінде» деген. Жалпы, Алтын ордаға біз де үміткерміз. Қазақтар да Алтын орданың мұрагері. Өйткені Алтын орданың 40 пайызы Қазақстанның жерінде жатыр. Соңғы астанасы Сарайшық та біздің елімізде екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Алтын орда халқының 90 пайызы қыпшақ болған деген деректер бар. Яғни қыпшақтардың мұрагері біз болғаннан кейін Алтын ордаға таласуға толық құқымыз бар. Енді қыпшақтар қайдан шықты, қайдан келді деген сұрақтар туындауы мүмкін. Қыпшақтар бесінші ғасырда Алтайға ең бірінші қоныстанған. Орталық Азия мен Еуропаның жартысында қыпшақ тілі үстем болғанын тарихи деректер көрсетіп отыр, – дейді  Мұрат  Бөкенбайұлы.

Конференция барысында, сондай-ақ Тұяқбай Рысбеков, Мұрат Сыдықов, Қырымгерей Қажымов, Жаңабек Жақсығалиев түрлі тақырыпта баяндама жасады.

Басқосудан соң мұғалімдер секцияға  бөлініп,  дәріс  тыңдады.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.