3.05.2019, 13:55
Қараулар: 84
Ержанның бағындырар биігі алда

Ержанның бағындырар биігі алда

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов ресейлік «Голос. Дети» тележобасының жүлдегері, миллиондаған көрерменді өз өнерімен тәнті еткен жас жерлесіміз Ержан Максиммен кездесті.

Жас әнші жүздесуге анасы Гүлмира Әлібекпен бірге келді. Өңір басшысы өз сөзінде Ержан Ерболұлының тұтас еліміздің мақтанышына айналып, халықтың шынайы сүйіспеншілігіне ие болғанын атап өтті.

Өз кезегінде Гүлмира Әлібек облыс әкіміне өңіріміздің мәдениетіне, соның ішінде өнерге деген жанашырлығы үшін жас әншінің өнерін бағалап, Мәскеуге сапары кезінде демеушілер табуға көмектескені үшін алғыс айтты.

– Ержан қанша дегенмен әлі бала ғой. Сіз қоңырау шалған сайын көңілі асқақтап, қуанышы қойнына сыймай кетеді. Әу бастан-ақ Ержанға, біздің отбасымызға ерекше көңіл бөліп келе жатқаныңызды білеміз. Сізге отбасымның атынан зор алғыс айтамын, – деді жас таланттың анасы.

Емен-жарқын әңгіме барысында жас өнерпаз өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті. Келешекте Димаш Құдайбергенмен бірге ән шырқағысы келетінін және өнердегі ағасымен телефон арқылы хабарласып тұратынын жеткізді.

Облыс басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясында Ержан Максимнің орындауындағы Муслим Магомаев пен Геннадий Козловскийдің «Синяя вечность» әні көрермендерге ерекше әсер еткенін тілге тиек етті.

– Ассамблея сессиясынан кейін халық әртісі Әлібек Дінішевпен кездесу кезінде өнер майталманы талантына жоғары баға берді. Енді осымен тоқтап қалмай, өнеріңді өрге домалату үшін тәжірибелі, кәсіпқой мамандармен жұмысыңды әрі қарай жалғастыра бер. Біз өз тарапымыздан қолдан келген көмекті аямаймыз, – деді өңір басшысы.

Жылы жүздесу барысында Алтай Сейдірұлы Ержан Максимге шығармашылық табыс тілеп, жергілікті қолөнер шебері жасаған домбыраны сыйға тартты.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар