3.05.2019, 12:57
Қараулар: 177
Өсімдіктер карантині саласында карантиндік объектілерге қарсы күрес

Өсімдіктер карантині саласында карантиндік объектілерге қарсы күрес

Өсімдіктер карантині — Қазақстан Республикасының өсімдік ресурстары мен өсімдіктерден алынатын өнімдерді карантиндік объектілерден қорғауға бағытталған өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар жүйесін көздейтін, карантиндік объектілердің таралу ошақтарын аңықтау, оқшаулау және жою жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған мемлекеттік іс-шаралар жүйесі болып табылады.

Ал карантиндік объект бұл — Қазақстан Республикасының аумағында жоқ немесе шектеулі таралған, өсімдіктерге және өсімдік өніміне айтарлықтай зиян келтіретін өсімдіктер зиянкестері мен арамшөптердің түрлерін айтамыз.

Осы карантиндік объектілердің Қытай Халық Республикасында 100 ден аса, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде 55 түрі Республика аумағында 15 түрі таралса, облысымызда 5 түрі анықталды. Осыған орай карантиндік объектілерді жою және оқшаулау және бөтен текті түрлерден қорғау тәртібін сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңын басшылыққа ала отырып облыс аумағында карантиндік объектілерді анықтау мақсатында зерттеу және анықталған ошақтарды жою үшін карантиндік шаралар яғни агротехникалық және химиялық улау жұмыстары жүргізіледі. Карантиндік арамшөп түрі болып табылатын — Жатаған укекіре, мәдени дақылдардың түрлеріне орасан зиян келтіреді. Аталмыш арамшөп таралған жерлерде мәдени дақылдардың өлуіне әкеліп соғады, өсімдіктің тамыр жүйесімен топырақтың жырту қабатын құнарсыздандырады. Мәдени өсімдіктердің өнімділігін арттыруда өсімдіктер карантині жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуы үлкен жетістіктерге жеткізеді.

Аталған жұмыстарды облысымызда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы атқарады.

Карантинді арамшөптерді анықтау методикасы бойынша тас жолдар, теміржол айрықтары және суармалы жүйелер зерттеледі. Зерттеу жұмыстарымен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесі айналысады. Бұл мекеменің облыстық және аудандық филиалдары бар. Ағымдағы жылда облыс көлемінде 247,141 мың.га жерде зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Карантиндік арамшөптерді қысқа уақытта толық жою тек агротехникалық шаралармен қатар заманауи тиімді гербицидтермен бірге қолданғанда ғана іске асады. Қазіргі уақытта мемлекеттік жер қорында анықталған карантиндік арамшөп ошақтарында карантиндік шаралар бюджет есебінен жүргізілсе ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің аумағында өсімдіктер карантині саласындағы заңдылықтарға сәйкес меншік иесі өз қаражатты есебінен жүргізуі міндеттелген.

Осыған орай, 2019 жылы мемлекеттік жер қорында бюджет есебінен 1,6 мың.га жерге химиялық улау жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды «Фитосанитария» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы өткізеді. Шаруашылықтарға анықталған ошақ аумағында карантиндік шараларды уақытылы өткізу, карантиндік объектілердің келтіретін зияндылығын түсіндіру жұмыстары аудандық және қалалық аумақтық инспекторларымен әрдайым жүргізілуде.

Сәуір айының үшінші декадасында облыстық әкімдікте карантиндік объектілерге қарсы жұмыстарды ұйымдастыру мәселесі бойынша облыс әкімі орынбасарының басқаруымен штаб отырысы өткізілді. Отырысқа аудандық әкімдіктер, ауылшаруашылық бөлім басшылары, облыстық ауыл шаруашылық басқарма өкілдері қатысты. Штаб отырысында облыс әкімінің орынбасарымен жергілікті атқарушы орган мамандарына карантиндік объектілерге қарсы жұмысты уақытылы  ұйымдастырып, өз қаражаты есебінен химиялық улау жұмыстарын жүргізген шаруашылықтарға тиісті субсидиясын төлеу туралы нақты тапсырмалар берілді.

Шаруашылықтардың карантиндік шараларды өткізбеу салдарынан карантиндік арамшөп ошақтарының өсіп ұлғаюы астық өнімдерін экспортқа шығу потенциалын және сапасын төмендететіндігі белгілі, себебі әр елдің өз фитосанитариялық талаптары бар. Осы талаптарға сәйкес карантинге жатқызылған өнімдерден карантиндік объектілер анықталса, өнімді кіргізуге тыйым салынады. Залалданған өнім жүк иесінің таңдауы бойынша кері қайтарылады немесе сол жерде жойылады. Бұл өз кезегінде шаруашылықтарды қосымша шығынға батырып, тауар экспорттау мүмкіндігінен айырады.

Сонымен қатар фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде Ресей Федерациясымен шекаралас қазақстан-ресей шекара өткізу пункттерінің қасынан фитосанитариялық бақылау бекеттері ашылуда.

Анықтама ретінде: Бәйтерек ауданы аумағында «Сырым», «Шаған», Бөкейорда ауданында «Орда», Бөрлі ауданында «Ақсай», Жәнібек ауданында «Жәнібек», Тасқала ауданында «Тасқала» фитосанитариялық бақылау бекеттері.

Фитосанитариялық бақылау бекеттерінің негізгі міндеттері Еліміздің аумағына карантинге жатқызылған жүкпен бірге карантиндік объектілердің енуін болдырмау.

Сол себепті фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған жүктер кіргізу кезінде ілеспе құжаттармен бірге міндетті түрде экспорттаушы елдің фитосанитариялық сертификаты болуы тиіс. Болмаған жағдайда жүк кері қайтарылады немесе жойылады.

Бұл жұмыстар шаруашылықтардың карантиндік объектілерге қарсы жүргізілген еңбектерін зая кетірмеуге және егістік алқаптарды жаңадан карантиндік объектілердің жаңа түрлерімен залалдануын алдын алуға септігін тигізеді.

Қазіргі уақытта фитосанитариялық бақылау бекеттерінде сараптама өткізу үшін қажетті құрал жабдықтар толығымен сатып алынған. Алдағы уақытта Еліміздің аумағына Ресей елінен жүк тасымалдау кезінде міндетті түрде жүктің карантиндік жағдайы анықталып, фитосанитариялық сертификатпен тасымалдау жүзеге асырылады.

ҚР АШМ АӨК МИК

Батыс Қазақстан облыстық

аумақтық инспекция.

Өсімдіктер карантині және ФББ

жөніндегі мемлекеттік инспекция

бөлімінің басшысы                                                       Ж.Ешмуханов