30.04.2019, 10:06
Қараулар: 68
Тең құрбысының алды болғандар

Тең құрбысының алды болғандар

Техникалық және кәсіптік мамандықты таңдаған жастар арасынан үздіктерді анықтау мақсатында үш күнге созылған «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионаты өз мәресіне жетті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» танылғандарды облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов марапаттады.

Ғабидолла Абдоллаұлы қарқынды даму тән Қазақстан экономикасы үшін арнаулы орта білімді мамандық иелері аса қажет екендігін, қазіргі таңда жоғары білім алуға тырысатын үрдіс өзгеріп, нарық сұранысына сай мамандықты таңдау басымдылыққа ие екендігін айтып өтті. Кәсіптік-техникалық салада тер төгуге бел буып, еңбек нарығының қажеттілігіне сай таңдау жасаған жастарға алғысын білдірген Ғабидолла Абдоллаұлы жас мамандардың деңгейлерін анықтап, өз білім-біліктерін екшеуге мүмкіндік беретін сайыстар, тәжірибе алмасу алаңдарын көптеп ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды. Шара барысында өңірлік чемпионаттың әр саласы бойынша қолдау білдірген әлеуметтік серіктестер – «Евенеева» ЖШС директоры Балзия Евенеева, «Эльдивино» мейрамханасының директоры Виктор Чудинов, «Авдеева» ЖК басшысы Таисия Авдеева облыс әкімі орынбасарының алғысхатымен марапатталды.

Сарапшылардың жан-жақты сараптауы нәтижесінде «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік чемпионатында озық шығып, республикалық деңгейде өңір намысын қорғайтын білімді де білікті жастар анықталды:

  • Дәнекерлеу технологиясы бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Арман Сәлімжанов;
  • «Сандық (цифрлық) бағдарламамен басқару станогындағы токарьлық жұмыстар» бағыты бойынша аталмыш колледждің студенті Өмірбек Нығметов;
  • Электрмонтаждау бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжінен Думан Мақсот;
  • «Кірпішті қалау» аталымы бойынша Шыңғырлау колледжінің студенті Мирас Нұрланов;
  • «Сылақтау және декорациялық жұмыстар» жөнінен Орал политехникалық колледжінен Серікқали Қажғалиев;
  • «Құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары» бойынша аталмыш колледж студенті Сағындық Зияденов;
  • «Ағаш шеберлігі ісі» бойынша политехникалық колледж намысын қорғаған Марлен Сатыбалдыұлы;
  • «Дизайн және киімдерді үлгілеу» ісі бойынша Орал «Сервис» технологиялар колледжінен Гүлфат Қарабалина;
  • Шаштараздық өнері үздік деп танылған осы колледж студенті Гүлнұр Тайырова;
  • Аспаз ісі бойынша Сервис және жаңа технологиялар колледжінен Айбек Әділбекұлы;
  • «Наубайхана ісінен» аталған колледж студенті Ләззат Жұмабекова;
  • Кондитерлік өнімдер бойынша осы оқу орнының тағы бір талапты жасы Анна Иванова;
  • Мейрамхана сервисі саласында мықтылығын танытқан Сервис және жаңа технологиялар колледжінің студенті Алтынбек Талапов;
  • «Аутомеханик» құзыреттілігі бойынша Амангелді Иманов атындағы жол-көлік колледжінен Сұлтанбек Ұспанов;
  • «Жеңіл аутокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету» саласы бойынша біліктілігін танытқан осы колледж студенті Павел Шлапак;
  • «Дизель қозғалтқышын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» аталымы бойынша Амангелді Иманов атындағы жол-көлік колледжінен Ғаділжан Мәмбеталиев;
  • «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларының слесарь-жөндеушісі» мамандығы бойынша Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті Рамазан Құрақбаев;
  • «Графикалық дизайн» бойынша Жоғары аграрлық-техникалық колледжден Марсель Шайхиев;
  • Веб-дизайн бойынша шеберлігін танытқан Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Дмитрий Гутарев;
  • «CAD инженерлік графикасы» саласында Жоғары аграрлық-техникалық колледж абыройын асқақтатқан Никита Смирнов;
  • Ветеринария саласы бойынша аталған колледжден Жомарт Байзолла;
  • «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзыреттілігі бойынша Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Айгерім Тұрсынова;
  • «Медициналық және әлеуметтік күтім» саласында біліктілігін дәлелдеген Батыс Қазақстан медициналық колледжінің студенті Диляра Жұмашева.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.