30.04.2019, 10:05
Қараулар: 88
«Қырдағы ел қуанып, ойдағы ел ойланатын туынды»

«Қырдағы ел қуанып, ойдағы ел ойланатын туынды»

Өткен  аптада  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  ҚР  білім  беру  саласының  үздік  қызметкері,  Қазақстан Жазушылар  одағының  мүшесі, ақын, жазушы  Дариға  Мұштанованың  шығармашылық  кеші  өтті.

Рухани кеш театр фойесіндегі «Күн – көңіл көктем» прологімен басталды. Ақынның өмір жолы, айтыскерлігі, ақындығы, ұстаздығы туралы бейнероликтер көрермен назарына ұсынылып, шәкірттері ұстазына ән арнап, ризашылықтарын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов қаламгерді құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

– Сіз білім саласында талмай еңбек етіп, білікті де іскер басшы болдыңыз. Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы. Алтынсарин белгісінің иегері атандыңыз. Жүрегіңізден өлең төгіліп, оқырманды сүйсінткен «Аңыз болған абысындар» атты прозалық шығармаңыз дүниеге келді. «Ақынның орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде» деген бар. Ал сөз түсінер ағайынды жыр әлеміне жетелеп, ұлттың тұтастығы мен бірлігі төңірегінде толымды ойлар арнасына тоғыстырар сіздей дала перзентіне ел құрметі әрдайым жоғары, – деп түйіндеді  өз сөзін Миржан Сатқанов. Театр фойесінде ақын сөзіне жазылған әндер әуеледі.

Әсерлі, шағын кештен соң дүйім көрермен қаламгердің «Аңыз болған абысындар» қойылымын тамашалады.  Спектакльді театр актрисасы Нұргүл Жұбатова сахналады.  Суретшісі – Мұрат Мәмбетов, балетмейстері – Қарлығаш Қадырбекова. Сазбен көркемдеген Ержан Қажымов.

Туынды соғыс жылдарындағы ауыр кезеңді суреттейді. Сол кездегі ел басына төнген нәубетті өткерген бір үйдің үш келінінің бір-біріне қамқорлығы, адамгершілігі, бауырмалдығы шынайы бейнеленген. Қандай қиындыққа да үшеуі бірлесіп, қарсы тұрады. Жандары ауырып, қасірет тартып, қиналып  жүрсе де, олар  әзілдеп, бір-бірінің көңілін көтереді. Абысындар бір үйдің қыздарындай бір-біріне қолдау көрсетеді. Олардың сүттей ұйыған береке-бірлігі, татулығы жас буынға үлгі боларлықтай-ақ.  Абысындардың үлкені Сақыпжамал – өжет, тез шешім қабылдайтын, бүтіндей бір отбасының ұйытқысы бола білген жан. Екінші келін Сақып бес баласынан айырылып, құсадан ауырып, басын көтере алмай жатқанында, тәуіптің айтуымен  Астраханьға барып, кіші келін Ділданы ертіп, балық аулап келеді. Балық сорпасын ішкен Сақыптың беті бері қарап, жазылып шығады. Қиын сәттерде көп ойланбай тез шешім қабылдайтын батыл келін Сақыпжамалдың рөлін белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әсел Мәмбетова сомдады. Сақыпты Жанаргүл Құрманғалиева, Ділданы Айнұр Вахитова алып шықты.

Соғысқа аттанған азаматтардың ішінен бір қолын беріп,  аман оралған Ділданың жұбайы Айсаны – Теміржан Матаев сомдады. Қойылымдағы жеңге мен қайын іні арасындағы сыйластық, мәрттік те көрерменге ой салды. Тек үш қызымен қалған жеңгесінің қамын ойлаған Айса «Ағамның аты өшпесін, Ділда дүниеге ұл алып келсе, сенің бауырыңа саламын» деп сөз береді.  Кейіннен дүниеге  егіз ұл келіп, шаңырақты шаттыққа бөлейді. Туынды шынайы өмірден алып жазылғандығымен құнды.

Үш абысынмен бірге жылап, бірге күлген көрерменнің ризашылығын Алматыдан арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, белгілі қаламгер-баспагер Мереке Құлкенов дәл тауып жеткізгендей болды.

– Қырдағы ел қуанып, ойдағы ел ойланатын қойылым болды деп есептеймін. Елбасы айтатын «Рухани жаңғыру» дегеніміз, міне, осы. Залда ине шаншар орынның болмауы сөз түсінетін, оны қадір тұтатын халықтың мол екендігін білдіреді. Біз Дариғаны сонау айтыс ақыны кезінен бері жақсы білеміз. Бүгін, міне, өзін жазушылық қырынан танытып отыр. Бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелей жүріп, мұндай әдемі дүниені  жазу оңай емес.

Дариға – сонымен қатар өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын ұстаз. Ұстаз да, ақын да, жазушы да адам тәрбиелейді. Ендеше, осы жолдағы еңбегі жанып, еселене берсін деймін, – деді қаламгер.

Гүлжамал   КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.