30.04.2019, 10:03
Қараулар: 113
«Жыр жазамын жүрегімнен»

«Жыр жазамын жүрегімнен»

Айтыс аламанында ылғи қара үзіп, үзеңгілестерін мойындатқан, бүгінде ел ардақтысына айналған Шолпан Қыдырниязова ақындық қабілетімен бала күнінен танылған. Ақынның дуалы ауыз лебін, баба тәмсілін сіңірген қарлығаш қанатты сөздері әлі күнге кеңінен таралуда. Айтыскерлігі қайраткерлігіне ұласып, ағартушылық, ұстаздық, баспасөз саласында, мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен, әсіресе, облыстық тілдерді дамыту басқармасының қаз тұрып, тізгінін ұстап, қазақ тілінің абыройы асқақтауына ұйытқы болғаны – бөлек әңгіме.

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын, қоғам қайраткері Шолпан Қыдырниязованың 70 жылдық мерейтойына байланысты Қадыр  Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Жыр жазамын жүрегімнен» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

– Елімізге танымал ақын Шолпан Қыдырниязова «Тілден асқан байлық жоқ!» деген берік ұстанымынан еш айныған емес. Саналы ғұмырын туған халқының мәдениеті мен тілінің абыройын асқақтатуға арнаған ақынның мерейжасы құтты болсын! Облыстық тілдерді дамыту басқармасының негізін қалап, мемлекеттік тіл саясатын нығайтуда, еліміздің іргесі нық болуына аянбай еңбек етті. Барлық күш-жігерін төл тіліміздің мүддесіне жұмсады. «Адалдық ақ жаулығын арқалаған» ақылшы апамыз қандай сатыға көтерілсе де, қарапайым болудың, елмен бірге қоян-қолтық жұмыс жасаудың үлгісін көрсетті. Зейнет жасында да сөз зергері көптің қошеметіне бөленіп, асыл жар, аяулы ана, ардақты әженің өнегесін нақышты нақылымен жеткізіп жүр, – деген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Шолпан Батырқызына ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Студенттердің «Жырым сенсің» композициясымен ашылған шығармашылық кеште ақынның сөзіне жазылған «Қоскөл», «Ақбақай –  ән өлкем», «Қара өлең», «Ақтайсай – аңсағаным» әндері шырқалды және өлеңдері оқылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, 2003-2007 жылдары облыс әкімі болған Нұрғали Әшімов, Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Бақтығали Мұсабековтің құттықтау лебіздері бейнероликтен көрсетілді.

– Ақындық қабілеті мен адами болмысы ерекше Шолпан Батырқызына азулы айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев «Ойлаған елдің қамын, ердің қамын, Үйде ана болсаңыз, түзде – ерсіз» деп жыр арнап еді. «Ұлтымның тілі, ділі, мәдениеті» деп тынымсыз еңбек еткен қайраткерлерімізді ұлықтау – елдігіміздің белгісі. Көрнекті қаламгер Асқар Сүлейменов «Ақылды жетілдіруге болады, бірақ сананы ешқашан жетілдіре алмайсың» дегені бар. Яғни, сана адамға туабітті даритын қасиет екен. Ұлағатты ұстаз болсын, қоғам қайраткері болып еңбек етсін, айтыскер ақын ретінде ақиқатты айтсын, Шолпан Қыдырниязованың өмірлік жолын «санамен өрілген парасат» деген ұғыммен пара-пар деп бағалаймын,  – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы  Болат  Жексенғалиев.

Қаламгерлік қасиеті ерен Шолпан Қыдырниязованың нақылдары әлеуметтік желілерде, мерзімдік басылымдарда кеңінен таралып, кейін «Менің тәрбие сағатым» жинағына топтастырылып, жарық көргені мәлім. Мәдени шарада аталған басылым толықтырылып, «Анадан – ақыл, әжеден – әдеп» атты тағы бір жинағы жарияланғаны хабарланды. Жаңа жинаққа ғылыми тұрғыда баға беріп, алғысөз жазған академик, педагогика ғылымдарының докторы, шешендіктанушы Абат Қыдыршаев, жинақтың құрастырушысы Гүлжайна Бисенғалиева және автор сахнада басылымның қанатқақты рәсімі ретінде кітап сыртына әдіптелген лентаны қиды.

Наурыз айында облыстық тілдерді дамыту басқармасы Шолпан Қыдырниязованың шығармашылығын насихаттау, дарынды балаларды қолдау мақсатында облыстық «Алтын қалам» байқауын ұйымдастырған. Байқау қорытындысында эссе жазудан бас жүлде алған Қазталов ауданындағы А. Оразбаева атындағы мектеп оқушысы Жанаргүл Қазбек, шығарма бағыты бойынша жеңімпаз атанған дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы облыстық №11 мектептің мектеп-интернат кешенінің оқушысы Ақгүлім Ерболова сахнада марапатталып, өз туындыларын оқуға мұрсат алды. Шарада Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов ақын Дариға Мұштанованың сөзіне музыкасын жазған Бақтығали Мұсабековтің «Ақ  Шолпан»  әнін  шырқады.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.