29.04.2019, 22:29
Қараулар: 159
Қайта жасалған қылмыс қанша?..

Қайта жасалған қылмыс қанша?..

Өткен  жылдың қаңтары мен  биылғы  наурыз  айлары  аралығында  бас  бостандығынан айыру орындарынан  418 батысқазақстандық  босап  шыққан. Олардың  73-і,  яғни 17,46 пайызы  қайта  қылмыс жасап, темір  торға  тоғытылған.  Бұл  туралы  облыстық қылмыстық-атқару жүйесі  департаментінде  облыс  әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұловтың  төрағалығымен өткен  консультативтік  кеңесші  құрылымның  отырысында айтылды.  Жиынға  облыстық  қылмыстық-атқару  жүйесі департаментінің,  облыстық  полиция  департаментіне қарасты  тергеу  басқармасының,  облыстық  ішкі  саясат,  білім, денсаулық  сақтау, дін істері  басқармаларының  басшылары  қатысты.

– Сотталғандарды әлеуметтендіру бірнеше кезеңнен тұратын өте ауқымды әрі маңызды жұмыс.

Бірінші кезеңде сотталушыларды түзелу жолына түсіру, яғни бостандыққа даярлау, екінші кезеңде жазасын өтеген соң, әлеуметтік бейімдеу және бұрынғы сотталғандардың қоғамдық көзқарастарын өзгерту. Сотталғандар қылмыстық жазаларын өтеп, бостандыққа шыққан кезде түрлі кедергілерге тап болып жатады. Сол себепті олардың бостандықтағы өмірі, жұмысқа орналасуы, әлеуметтік бейімделуі сияқты мәселелері жан-жақты шешілуі тиіс. Бұл, ең алдымен, қайта жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін қажет. Мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар, жалпы қоғам болып бірлесіп, сотталған азаматтарға көмек көрсету жайын пысықтауымыз қажет, –  деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Облыстық қылмыстық-атқару-жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Манарбек Ғабдуллин аумақтық пробация қызметтерімен сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробация бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.

– Еліміздегі қылмыстық жазаны ізгілендіру мақсатында жылдан-жылға қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза бойынша сотталғандардың саны артып келеді. Пробацияның мақсаты – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады. Бұл міндеттер пробация қызметкерлеріне жүктелген. Ағымдағы жылдың үш  айында облыстық пробация қызметі 2390 сотталушыға қатысты жүзеге асты. Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде осы үш айдың ішінде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қайта жасалған қылмыстар саны азайды, – деді Манарбек Серікқалиұлы.

Облыстық ҚАЖД пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы, әділет майоры Ләйла Ахметқалиеваның мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында пробациялық есепте тұрған 171 сотталған жұмысқа орналасса, 432 сотталғанға бір жолғы еңбекақы берілген. 150 адамға медициналық және 1200 адамға психологиялық көмек көрсетілген. Облыс аудандарында сотқа дейінгі пробация қызметіне 12 сотталған жүгінген. Жалпы, қазіргі таңда БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерінде 1091 сотталушы жазасын өтеуде.

Консультативтік кеңесші құрылымның отырысында бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар сотталған азаматтарда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға және радикалданудан бас тартуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру барысы да назардан тыс қалмады.

Кеңесте сөз алғандар бостандыққа шыққан сотталғандарды әлеуметтендіру, олардың туған-туыстарымен үзілген байланыс-тарын қалпына келтіру, түзету мекемесінде алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. Бас бостандығынан айыру мекемелерінде теолог мамандардың тапшылығы, мекеме жанындағы Орал колледжінде қосымша тігінші және ас-паз мамандығын ашу, кешкі мектептегі компьютерлерді жаңалау, кітапхана қорын молайту және т. б. шешімін күткен мәселелер талқыланды. Режімдік мекеменің өндірістік базасына кәсіпкерлерді көбірек тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі туралы да айтылды.

Жиынға қатысқан «Ауғанстан ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Пимонов Орал қаласы мен аудандарда «Кітап сыйла!» акциясын ұйымдастырып, түзету мекемесіндегі сотталғандарды көркем әдебиетпен қамтамасыз ету туралы ұсынысымен бөлісті. Ардагер жауынгердің бұл ұсынысын құптаған облыс әкімінің орынбасары Ғ. Оспанқұлов пен кеңес мүшелері жеке кітапханаларындағы кітаптарды сыйға тартатынын жеткізді. Бұдан соң кеңес мүшелері түзету мекемесі өндіріс цехының, шағын наубайхананың, кешкі мектеп пен Орал колледжінің жұмысымен танысып, жұмыспен қамтылған сотталғандармен тілдесті.

Бауыржан  АБДУЛЛИН,

«Еңбек» РМК «Еңбек-Орал»  облыстық  филиалының  атқарушы  директоры:

– Түзету мекемесі жанындағы наубайхана цехы іске қосылғалы жеті жылдан асты. Қазір цехта 12 сотталған азамат тұрақты жұмыс істейді. Тәулігіне орта есеппен 1100 бөлке нан пісіріледі. Қаладағы түзету мекемелерін күнделікті жаңа піскен нанмен қамтамасыз етіп отырмыз. Бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды және шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарды жұмыспен қамту бағытында жұмыстанамыз.

Сергей  КУЗНЕЦОВ,

РУ-170/2  мекемесінде  жазасын  өтеуші:

– Түзету мекемесі жанындағы Орал колледжінде дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Газэлектрдәнекерлеуші қажетті мамандықтың бірі. Болашақта бостандыққа шыққан соң кәдеге жарап қалар деп ойлаймын. Оған қоса компьютер үйреніп жатырмыз. Әзірге ең негізгі бағдарламаларды ғана меңгерудеміз. Колледжде жаңа мамандықтар ашылса, білім алғысы келетіндердің қатары  артады  деп  ойлаймын.

Азамат  ИПМАҒАНБЕТОВ,

Орал колледжі  директорының  оқу  ісі  жөніндегі  орынбасары:

– Ағаш өңдеу шебері және газэлектрдәнекерлеуді мамандығы бойынша 55 сотталған білім алуда. Олармен жоғары санатты мұғалімдер, әлеуметтанушылар, психологтар мен тәрбиешілер жұмыстанады. Сотталғандардың арасында тігінші және аспаз мамандығы бойынша білім алғысы келетіндер көп. Сондықтан қазіргі таңда облыстық білім басқармасының және облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығымен бірлесіп, осы аталған мамандықтарға мемлекеттік лицензия алу бойынша  жұмыстанып  жатырмыз.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар