29.04.2019, 22:28
Қараулар: 171
Ғайса ҚАПАҚОВ, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі: «Ассамблеяның мақсаты – ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті нығайту»

Ғайса ҚАПАҚОВ, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі: «Ассамблеяның мақсаты – ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті нығайту»

– Ғайса Хамидоллаұлы, өңіріміздегі татулық пен тұрақтылықты сақтауды, этносаралық бірлікті нығайтуды мақсат еткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қазіргі таңда қанша белсенді мүшесі бар?

–  Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясы – республикамыздың өзге өңірлерінің арасындағы алдыңғы қатарлы, үлгі етуге тұрарлық ассамблеялардың бірі. Ассамблеяның сандық құрамы жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда жалпы саны 21 мыңнан астам мүшесі бар. Оның ішінде 141-і – облыстық ассамблея мүшесі, 14-і – облыстық және аудандық ҚХА кеңестерінің, 239-ы – қоғамдық келісім кеңестерінің, 153-і – ақсақалдар, 158-і аналар кеңесінің мүшесі болса, қалғандары – ассамблеяның ғылыми-сарапшылық тобы мен кафедрасының, М. Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы ассамблея кафедрасының, журналистер клубының, «Ынтымақ» депутаттар тобының, БҚО ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, барлық оқу орнындағы достық клубтары мен «Мейірім» еріктілер қозғалысының  мүшелері.

– БҚО ҚХА-ның жұмысы қандай бағыт-бағдарда жүзеге асады?

– Біз атқаратын іс-шараның барлығы да елдің татулығы мен этносаралық келісімді нығайту, әр түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығын арттыру, жалпы ел көлеміндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталады. Осы бағытта 2018 жылы жалпы саны 300 мыңнан астам шара өткіздік. Ал жұмыс барысында Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ-дарламасы мен облыс әкімі, БҚО бойынша ҚХА төрағасы Алтай Көлгінов бекіткен жылдық жұмыс жоспарын негізге аламыз.

– Қазіргі таңда біздің өңірімізде қанша этнос өкілдері тұрады? Олардың ел дамуына қосар үлесі туралы айтып өт-сеңіз.

– Ақ Жайық атырабын бүгіндері 86 ұлт-ұлыстың үрім-бұтағы құтты қоныс  санап, тату-тәтті  ғұмыр кешуде. Олар 51 бірлестік құрса, соның ішінде 16-сы заңды түрде тіркеуден өткен. Саны бойынша сараптар болсақ, облыс көлемінде 120 мыңнан астам орыс, 11 мыңдай украин, 8 мыңнан астам татар этносының өкілдері тұрады, қалған этностар саны бір-екі мың шамасын құрайды. Әр этностың салт-дәстүрін, өнері мен мәдениеті, тілі мен әдебиетін танытуға арналған «Этностар апталығы»  өткізіледі.

Ал өзге ұлт өкілдерінің өңіріміз үшін атқарып жатқан істері мақтануға да мақтауға тұрарлық. Олар алуан түрлі салада еңбек етіп, еліміздің дамуы жолында тер төгіп жүр. Қайырымдылық іс-шараларынан тыс қалмайтын өзге этнос өкілдері былтыр осы мақсатқа 108 млн. теңгеден астам қаржы жұмсады. Сонымен қатар биыл қазақ тілін жетік білетін басқа ұлт өкілдерінен құралған «Тіл-мұра» қозғалысы жұмысын бастады. Қозғалыс құрамындағы бауырластарымыз мемлекеттік құрылымдар мен меншік иесіне қарамастан, ірі мекеме-кәсіпорындарды аралап, мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүзеге асырылуын, тіліміздің қолдану аясын кеңейтуді насихаттап жүр. Өзге ұлт өкілінің «Неге қазақша сөйлемейсіз?» деп, қазақ тіліне жанашырлық танытып тұрғаны өз тілін меңгеруді қажет деп санамайтын қазақ қыз-жігіттерінің намысын оятады деп ойлаймын. Сондай-ақ қазақ-шешен жастарының бірігуі арқылы құрылған «Вайнах» достық клубының жұмысын үлгі етуге болады. Аталмыш клуб қанатына жиылған жастар өз замандастарын теріс діни бағыттан сақтандыру, қиын жағдайға тап болған жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастыру бойынша  біраз  іс  атқарып  үлгерді.

Айта кетерлігі, бұдан біраз жыл бұрын өңірімізге өзге елден келіп қоныстанған этнос өкілдері Қазақстанды екінші Отаны ретінде атаса, қазіргі күні «Қазақстан – менің Отаным» деп, өзі туған өлкені тарихи Отаны ретінде санайтындардың қатары айтарлықтай  артқан.

– Ғайса Хамидоллаұлы, облыстық ассамблея құрамында түрлі кеңестер қызмет атқарады. Олардың негізгі мақсат-міндеттері, қол жеткізген жетістіктері қандай?

– БҚО ҚХА құрамындағы қоғамдық келісім кеңестері облыс көлемінде ғана емес, әр аудан-ауылда, ірілі-ұсақты мекеме-кәсіпорындарда құрылды. Олардың негізгі мақсаты – ел ішіндегі ең өзекті мәселелерді ушықтырмай, өзара талқылау, халық көзқарасына қолдау таныту. Мәселен, облыстық қоғамдық келісім мүшелері тарифтер бағасын тұрақтандыру мәселесін қарастырып, осы мәселе бойынша жазбаша ұсыным дайындап, тиісті құрылымға ұсынды. Ал Аналар кеңесі бала тәрбиесі, жастар арасында отбасы құндылығын ұғындыру, соңғы уақытта жиілеп кеткен ажырасудың алдын алу, қоғамның түрлі саласындағы алуан санаттағы аналар рөлін арттыру бағытында жұмыстанады. Баталы қарияларымызды біріктірген Ақсақалдар кеңесінің де жас ұрпақты тәрбиелеу жолында атқарып жатқан істері мол.

– Ассамблея қызметіндегі жаңашыл бағыттар, қолға алынған жаңа жобалар туралы айтып өтсеңіз?

– Облыстық ассамблея қызметі жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, құзыреттілігі артып келеді. Биылдан бастап әр этнос төрағасының жылдық есеп беру жиындарын өткізе бастадық. Бұл, бір жағынан, этнобірлестіктер қызметін салыстыра отырып саралауға, екінші жағынан, бір-бірінің атқарған жұмыстарымен танысу арқылы өзара тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік деп есептеймін. Сонымен қатар қолданысқа енгізілген жаңа заңға байланысты биылғы жылы әр этнобірлестік аккредиттеуден өтеді. Бірлестіктің ассамблея қызметінің негізгі бағыт-бағдарын жүзеге асыруы, оның пәрменділігі, ел арасындағы беделі мен қажетті уақытта өз этносының өкілдерін ортақ іске жұмылдыра алуы секілді көрсеткіштер қарастырылып, тиісті талап үдесінен шыға алмағандары таратылады. Мұндай сараптамалық аккредиттеуді үш жылда бір рет өткізу жоспарланған.

Қолға алынған жаңа істерге тоқталсақ, биыл «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігі құрылып, оның құрамына облысымыздағы зиялы қауым өкілдері топтастырылды. Бірлестіктің негізгі мақсаты – ел ішіндегі ынтымақ-бірлікті нығайта түсу, бүгінгі таңда Ресейдің Қазақстанға жақын аумағында тұрып жатқан 500 мыңнан астам қазақ ұлтының өкілдеріне бауырластардың ықыласын сезіндіру, олардың елге оралуына, ел аумағында кәсібін ашуына және  басқа да мәселелер бойынша қажетті қолдау-көмек көрсету. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында әр азаматтың туған өлкесіне, өз ортасына деген құрметін арттыру, қамқорлығын нығайту мақсатында «Жақсы көше», «Жақсы ауыл», «Жақсы үй» және «Жақсы өңір» деген бағытта бай-қаулар ұйымдастыруды қолға алдық. Туған өлкені қадірлеудің лайықты үлгісі болсын деп БҚО ҚХА мүшелері Бәйтерек ауданына қарасты Өркен ауылына саябақ салып, оны жасыл желекке толтыру, күтімін қамтамасыз етуді өз  жауапкершіліктеріне  алды.

– Ғайса Хамидоллұлы, облыстық ассамблея жұмысының нәтижесі  қалай  бағаланады?

– Тындырылған жұмыс пен ұйымдастырылған іс-шаралардың тиімділігін анықтау мақсатында біз тоқсан сайын мониторинг жүргіземіз. Жыл сайын осы мақсатқа облыстық бюджеттен 4,4 млн. теңге қаржы қарастырылады. Облыстың ғана емес, әр аудан-ауылдың тұрғындары түгелдей қамтылатын бұл мониторингте этносаралық қатынас жағдайы ғана емес, облыс көлеміндегі саяси әл-ахуал да қамтылады. Алынған қорытындыны сарапшылық топ талдап, терең жұмыстануды қажет ететін тұстар мен өзекті мәселелер анықталады. 2019 жылдың  I тоқсанындағы мониторинг қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысушылардың 95,9%-ы этносаралық қарым-қатынасты қолайлы және жайлы  деп санаса, облыс халқының 97,6%-ы Қазақстан аумағында тұрып жатқан басқа этнос өкілдеріне оң көзбен қарайды, ал 96,5%-ы өздерін қазақстандық деп, Қазақстан атты ортақ Отанның өкілі ретінде санайды екен. Осыдан 15-20 шақты жыл бұрын бұл көрсеткіштер 60-70% көлемінде болғандығын ескерсек, біз атқарып жатқан қызметтің зая кетпегендігіне көз жеткізуге болады.

2020 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады. Мерейлі датаны құр дабырамен емес, лайықты деңгейдегі іс-шаралармен атқару міндетін талқылау үшін алдағы маусым айында облыстық ассамблеяның сессиясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Татулық пен бірлікті сақтау, нығайту бағытында біз атқарар  іс  әлі  де  мол.

Сұхбаттасқан   Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар