29.04.2019, 22:11
Қараулар: 155
Қайыңдының қызғалдақты алқабында

Қайыңдының қызғалдақты алқабында

Сәуір таңы ағарып атқанда Орал шаһарынан Қайыңдының қызғалдақты алқабын бетке алып, жолға шықтық. Қазталов ауданы Қайыңды ауылында «Ұлы даланың қызғалдағы» II халықаралық «Қызғалдақ» этномәдени фестивалі өткелі жатыр.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында еліміздің көрікті орнын насихаттау, ішкі туризмді дамыту және табиғатты аялау арқылы ел тұрғындарының туған жерге деген патриоттық сезімін қалыптастыру – фестивальдың негізгі мақсаты.

Таңғы шақтағы тәтті ұйқыларын қиып, бізбен бірге сапарға шыққан 7-8 жолаушының ішінде балалар да бар екен. Әрине, жолаушылардың дені – аталмыш ауданның тумалары. Көктемгі табиғаттың сұлу шағында дүбірі жер жарып, туған жерлерінде ұйымдастырылып жатқан «Қызғалдақ мерекесінен» қала алмаған.

– Қызғалдақ фестивалі былтыр алғаш рет ұйымдастырылғанда тамашалай алмай қалып, өкініп едік. Енді биыл бұл шараның дәстүрлі түрде жалғасын тауып жатқанына қуаныштымыз. Қайыңды – туып-өскен жеріміз ғой. Ауылда тұрған кезімізде қызғалдақтың шыққанын жыл сайын барып тамашалаушы едік. Бүгінгі шара үшін жұмыстан бір күнге арнайы сұранып келе жатқан жайымыз бар, – деді жігіт ағасы жасынан асыңқыраған азамат.

Қазақы әдеппен жөн сұрасып, әңгімелесе келгенде бұл кісі жұмыс барысындағы іссапар кезінде бұрын да танысып-біліскен адамымыз болып шықты. Ағамыздың негізгі мамандығы агроном екен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда Қайыңды ауылдық округінде әкім болып қызмет атқарған.

– Қазір шара өтетін жердің өзінде қызғалдақ өсетін алқап 15 гектардай тұтасқан аумақты алып жатыр. Әрі қарай да бөлек-бөлек шоғырланған қызғалдақ  алаңқайлары бар. Гүлді алқаптың жалпы аумағы өте үлкен. Қайыңды даласының қара топырағының өзі мамық секілді борпылдақ қой. Бұл – қызғалдақтың өсіп-өнуіне өте қолайлы табиғи мүмкіндік. Қызғалдақтың ең түпкі тамырында домаланған пиязшығы болады. Гүлді жұлған кезде пиязшығы топырақ астында қала береді  де, келесі жылы сол жерден қызғалдақ қайта шығады. Біз сол пиязшықты қазып алып, үй маңына отырғызып та көрдік. Келесі көктемдерде ауламызда қызғалдақ жайнап тұрып еді. Көктемде қар еріп, жер жылына бастағанда, қызғалдақтың өскіні түпкі тамырдан топырақ бетіне қарай көтеріле бастайды да, күн алғашқы шуағын төккенде-ақ жердің бетіне топырақты жарып шығады. Осы шақтағы қызғалдақтың өсу қарқынының күштілігі сондай, бұл кезде көк көтеріліп үлгермей жатады, – деді әңгімесін жалғаған үзеңгі жолдас танысымыз.

Ағамызбен бірге келе жатқан зайыбы Ләззат апайдың мамандығы да биолог болып шықты.

– Өзім де Қазталов ауданының тумасымын. Бостандық ауылында дүниеге келгенмін. Тұрмысқа шыққаннан кейін Қайыңды даласындағы қызғалдақтардың қалыңдығына таң қалып, табиғаттың сұлулығына сондай қатты сүйсіндім. Гүлді алқапқа шыққанда қызғалдақтың қалыңдығынан аяқ басар жер болмайтын. Қайыңдының осындай сұлу даласына Ресейдің көршілес облысының губернаторы тікұшақпен арнайы ұшып келіп қонатын.

Қазіргідей арнайы шара ұйымдастырылмаса да, құшақ-құшақ гүлге көміліп қалатын сол кезеңдеріміз «қызғалдақ мерекесінің көкесі» еді-ау. Теріп әкелген қызғалдақты солдырмай суға салып, үйіміздің ішін бір аптаға дейін жұпар аңқытып қоюшы едік. Табиғаттың сұлулығы адам жанына ерекше шабыт сыйлайды ғой. Әдебиетпен ісі жоқ біздің тұңғыш ұлымыз бала күнінде отбасымызбен қызғалдақ тере барғанда «Туған жерім – Березиннің алқабы» деп басталатын бес-алты шумақ өлең шығарғаны бар, – деп күліп алды Ләззат Карлқызы.

Емен-жарқын әңгімелесе отырып, Орал қаласынан 350 шақырымдай қашықтықта орналасқан Қайыңдының қызғалдақты алқабына қалай жетіп қалғанымызды аңдамай да қалдық.

Жасыл далаға тігілген жұмыртқадай аппақ отаулар алыстан менмұндалап көз тартады. Шара өтетін жерге ағылып жатқан көлікте қисап жоқ. Жайын жолға түсіп, гүлді алқапқа беттеген сәтте көлік ішінде отырып-ақ, қызғалдақты даланың жұпар ауасын жұтып үлгердік. Думанды дала көркіне көз тоймайды. Түлеп те, торланып та үлгерген көшелі аттарға, құйрық-жалы төгіліп, ауыздығын қарш-қарш шайнаған бесті айғырларға тақым артқан бозбалалар топты жұрттан қашығырақ жерлермен олай да бұлай желдіріп өтеді. Біреуі отырса, екі-үшеуі соңынан жаяу жүгіріп, митыңдатып есекке мінген жас балалар да мәз-мейрам. Жиырма шақты киіз үйді шеңбер жасай дөңгелете тіккен, ортасына алтыбақан мен сахна орнатылыпты. Темір тұлпарымызды қаз-қатар «қаңтарылған» көліктердің тұсына жайғастырып, шара өтетін алаңқайға ендік. Бірімен бірі есендесіп көріскен жұртшылықтың жүздерінен жайдары көңіл, көктем шуағындай жылылық еседі. Далалық жағдайда тамақтану үшін арнайы қарастырылған орында буы бұрқыраған қуырдақ пен кәуаптың саудасы қызып-ақ жатыр.

Фестивальды тамашалауға еліміздің Атырау, Маңғыстау өңірлерінен, сондай-ақ көршілес Ресейден мәдениет саласының өкілдері келген.

Жұртшылықтың қарасы көбейіп, шараға шақырылған қонақтардың бас-аяғы жиылған кезде облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтау сөз алып, фестивальды салтанатты түрде ашты.

– Күннің нұры төгіліп тұрған бүгінгідей жаймашуақ ауа райында, Тәңірі берген табиғаттың көктемгі сұлу шағында бас қосып отырмыз.

Баршаңызды «Ұлы даланың қызғалдағы» II халықаралық «Қызғалдақ» этномәдени фестивалінің ашылуымен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтаймын! Елбасымыздың жарияланғанына екі жыл толған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының түпкі мақсаты – өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртып, бабаларымыз қалдырған ұлы мәдениетті дүние жүзіне паш ету. Осындай мақсат-мұратпен қабылданған бағдарламаны біздің өңіріміз де абыроймен атқарып келеді. Бүгінгі мерекенің өзі әлемге тараған қызғалдақ гүлінің отаны біздің ел екендігін жас ұрпаққа ұғындыру, өткен тарихты дәріптеу арқылы «Бұл – біздің қазақ елі, Ұлы дала елі» деген мақтаныш сезім ұялатуды мақсат тұтып отыр. «Қызыл кітапқа» енгізілген, өте сирек кездесетін гүлдің бұл түрін жұлмай, аялап аман сақтау, оның жайқалып өсіп, таралуына жағдай жасау керектігін ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Бүгінгі шараның басты мақсаты да осы. Ұлы даланың тағылымды мерекесі көп болсын! – деді Ғабидолла Абдоллаұлы құттықтау сөзінде.

Аудандағы мектеп оқушыларынан құралған 300 домбырашының қатар отырып, даланы әсем әуенге бөлеп, күмбірлете күй төгуі, 300 оқушының мың бұралып, «Қызғалдақ» биін билеуі, сондай-ақ мектеп мұғалімдерінен құралған 300 адамдық хордың патриоттық әндерді шырқауы шараның салтанатын айрықша арттыра түсті. «Гүлдер әуені» атты концерттік бағдарламада гүл, қызғалдақ тақырыбындағы әндер шырқалды. Фестивальға алыстан ат арытып арнайы келген елімізге танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан мен Мұрат, сондай-ақ жергілікті өнерпаздар жұртшылыққа шат-шадыман көңіл күй сыйлады.

Фестивальдың бірінші күніндегі мерекелік қызықтар «Қызғалдақ түні» атты концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Бұл шараны елімізге танымал «Назар аудар!» әзіл-сықақ театрының мүшелері жүргізгенін айта кетейік.

Биылғы фестивальда «Ұлы даланың жеті қырын» негізге ала отырып, «Нағыз қазақ – домбыра» – домбырашылар шеруі, «Ұлы даланың жеті ауылы», «Шеберлер» ауылы, «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» – зергерлік бұйымдар көрмесі, «Шебер қолдар – сиқырлы бұйымдар» – ағаштан жасалған бұйымдар көрмесі, «Сұлулықтың символы» қызғалдақ бұйымдар көрмесі, аудандардың киіз үйлерінен «Достық» ауылы, «Қызғалдақ калейдоскопы» – пікірталас алаңы, «Ғасырлар пернесі» – ұлттық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды.

«Өңір берекесі» жәрмеңкелер ауылында қолөнер көрмесі өтсе, «Ұлттық-спорттық ойындар» ауылында садақ ату, қазақша күрес, қол күресі, арқан тарту және аударыспақтан мықтылар анықталды. «Көктем көркі – қызғалдақ» фотобелдеуінде шарадан естеліктер, «Бейбітшілік» ауылында өзге ұлттардың тұрғылықты қоныстары, салт-дәстүрлері, мәдениеті бейнеленді.

Екі күнге ұласқан дала мерекесіне 5 мыңға жуық адам қатысып, Қайыңдының қызғалдақты алқабында өткен ұлттық нақыштағы айрықша шараның куәсі болды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»