29.04.2019, 22:10
Қараулар: 148
Қазақтың күйеу баласы

Қазақтың күйеу баласы

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп санайтын қазақ халқы ежелден татулық пен ынтымақты, береке мен бірлікті басты мақсат тұтқан. «Ынтымақты елдің ырысы мол» дегендей, бақ-дәулеттің тату елде ғана тұрақтайтынын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Бүгінде Қазақстанда тұратын 130-дан астам ұлт-ұлыстың арман-мұратын ортақ арнаға тоғыстырған бір ғана мақсат бар. Ол – тәуелсіз еліміздегі бейбіт өмірдің негізіне айналған жарасымды бірлігіміз бен берекелі  тірлігімізді көздің қарашығындай сақтау.

Ұлтым неміс болса да, өзімді ешқашан Қазақстаннан бөліпжара алмаймын. Өйткені бұл менің кіндік қаным тамған туған жерім. Арғы аталарым тағдырдың жазуымен қазақ даласына қоныс аударып, кейін осы елде тұрақтап қалған. Мен болсам Орал қаласында өмірге келдім, білім алып, азамат ретінде қалыптастым. Сондықтан мен үшін туған жерден қымбат, қадірлі, ыстық басқа бір мекеннің болуы мүмкін емес, – дейді Геннадий Франк.

Неміс ұлтына тән жинақылық, ұқыптылық, еңбекқорлық қасиеттерді өзі өсіпөнген қазақ халқына қатысты қарапайымдылық, кең пейілділік және бауырмалдық қасиеттермен қатар ұштастырған Геннадий Франктың есімі Жайық жұртшылығына жақсы таныс. Ол – күрмеуі қиын мәселелердің шешімін оңай таба білетін білікті заңгер ғана емес, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Хаймат» этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде қоғамдық тұрақтылық пен татулықты нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген азамат. Әріптестері арасында еңбексүйгіштігімен, жаңашылдығымен, іскерлігімен сый-құрметке бөленген Геннадий Артурұлының қазаққа күйеу болғанына биыл 20 жыл толған екен.

– Жиырма жылдан бері шаңырағымның берекесін келтіріп, отбасымның ұйытқысы болып отырған Жанармен алғаш танысқан күнім әлі есімде. Осы жақында ғана екеуміз бақытымыздың бастауы болған сол бір әсерлі сәтті есімізге алып қойған едік. Зайыбым – Теректі ауданының тумасы. Көп балалы отбасында дүниеге келген, қазақы тәрбие алып өскен ауылдың қызы. Жанардың өзі де, ата-анасы да болашақ күйеу жігіт қазақ болады деп ойлаған. Жанар екеуміз танысқан кезде ол менің неміс екенімді білген де жоқ.

Сұрастыра келгенде, екеуміз бір күнде жарық дүниеге көрінген болып шықтық.

Ол қалжыңдап тұрған шығарсың деп маған сенген жоқ. Келесі кездесуге төлқұжатымды ала барғанда, туған күніміздің тура бір күнде екенін біліп, бір таңқалса, Франк деген тегімнің астындағы неміс деген жазуды көріп тағы таңқалды. Сөйтсем, Жанарда тура сол мезетте «Менің бұл таңдауымды ата-анам құптай қояр ма екен?» деген үрей пайда болған екен. Жарты жылдай жігіт пен қыз болып қол ұстасып жүріп, отбасын құру туралы шешім қабылдадық. Болашақ қайын жұртым алғашында қарсылық танытқанымен, кейін келісімін берді. Бүгіндері біздің отбасымыз екі жаққа да сыйлы. Жанар екеуміз үбірлі-шүбірлі төрт перзенттің ата-анасымыз, – дейді отағасы.

Жиырма жылдан астам уақыт бұрын мұсылман дінін қабылдаған Геннадий Артурұлы қасиетті жұмада ата-бабаның аруағына құран бағыштап, Құрбан айт, Ораза айт мейрамдарын атап өтіп, ораза ұстайды екен. «Мұсылман дінін қабылдау – менің өз шешімім, жан-дүниемнің қалауы», –  дейді Гена-мұсылман.

– Жарасымды отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, перзенттері оның жемісі. Ұл-қыздарымның дүниетанымынан, өмір сүру дағдысынан қазақтың мейірбандығын, қонақжайлығын, кеңдігін көргім келеді. Қайын жұртым ешқашан неміссің деп жатсынған емес, туған баласындай сыйлайды. Өз кезегімде мен де сол құрметке лайық болуға тырысып келемін.

Ер-азаматқа қызметте абыройлы болу үшін отбасындағы жайлылық аса маңызды. Аяулы жарым, балаларымның анасы үйдегі ұсақ-түйек шаруаға мені мүлдем араластырмайды, менің алаңсыз жұмыс жасауыма жағдай жасайды. Қоғамдық жұмыстарды атқаруыма қолғабыс болып, әрдайым менің жанымнан табылады. Сондықтан болар, әр күніміз мерекелі, қолға алған ісіміз де берекелі, – дейді қазақтың күйеу баласы.

– Жұбайым айналасындағыларға жан жүрегі елжіреп тұратын сыпайы, ақкөңіл азамат. Мұқтаж жандарға қашанда қолұшын созуға даяр. Көп балалы отбасындағы тұңғыш ұл болғандықтан, соңынан ерген қарындастары мен інісіне әрдайым қамқор болып отырады. Олардың әрқайсысының отбасы бар, Қазақстанда, Ресейде, Алманияда (Германияда) тұрады.

Мен де жеңгелері ретінде ақыл-кеңесіммен бөлісіп, қолдап отырамын. Генаның әр минуты, сағаты санаулы. Бос уақыты бола бермейді. Сондықтан туған-туыстың амандық-саулығын біліп, араласып-құраласып отыру – менің міндетім. Басымыз қосылғанда бәріміз бір үйдің баласындай татумыз. Лайым, осы бақытымыздан айырмасын, – дейді Жанар Франк.

«Біздің басты байлығымыз қазақстандық қоғамның тыныштық-тұрақтылығы мен береке-бірлігі екенін әр отандасымыз ұғынғаны ләзім», – дейді Геннадий Артурұлы. Қазақстанда адамды түр-түске бөліп, алалау жоқ. Баршамызға Қазақстанның азаматы ретінде тең құқық берілген. Бәрімізге де жоғары білім алып, лауазымды қызметке тұруға жағдай жасалған. Жер бетінің түкпір-түкпірінде ұлтаралық қақтығыстар орын алып жатқанда біздің  көздің қарашығындай сақтайтын зор жетістігіміз осы», – дейді кейіпкеріміз.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.