29.04.2019, 22:09
Қараулар: 163
Қазақтың келіні

Қазақтың келіні

Ол бала кезінен қазақы салт-дәстүрді көңіліне түйіп, санасына  тоқып өсіпті. Өйткені оның көршілері көп балалы қазақ отбасы еді. Ол көршінің қазақ балаларымен ертелі-кеш бірге ойнайтын. Сол кезде ауладағы ошақтағы үлкен қазанда көрші апа пісіретін бауырсақтың иісін ол әлі ұмытқан жоқ. Аулаға көрпешені жайып жіберіп, көрші балалармен бірге күрең қызыл бауырсақпен шай ішкен күндері де дәл кешегідей санасында сақталып қалыпты.

Біздің кейіпкеріміз Юлия Зұлқашева қазақ балаларымен құлын-тайдай тебісіп, ойнап жүргенінде, күндердің күнінде қазақтың келіні боламын деп ойламаған да шығар… Бірақ шаңырақтың жалғыз гүлі Юлиясының қазақтың келіні болатынын сезгендей, анасы Наталья Михайлқызы: «Мүмкін, сенің жұбайың қазақ болатын шығар» деп жиі айтады екен. Ана жүрегі шынымен де сезді ме екен… әлде сәйкестік пе… кейіпкеріміз Юлия Александрқызы бойжеткен соң өз бақытын қазақ ұлтынан тапты. Басына орамал салып, қазақтың келіні атанды. Оның болашақ жары Азатпен кездесуі де қызық. Екеуі де Тасқаланың тумасы болғанымен, олар бір-бірімен ең алғаш Орал қаласында кездесті. Алғашқы кездескен күндерден-ақ жүректе бүр жарған нәзік сезім махаббатқа ұласты. Бір жылдай қыз-жігіт болып, кездесіп жүріп, отбасы болып, бірге тұруға шешім қабылдады. 2006 жылы Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанда олардың некесі қиылды. Ел егемендігі қарсаңында үлкен өмір сапарына қол ұстасып, бірге аттанғандарын Юлия жақсылыққа балайды. Содан бері олар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл күндері қазақтың бар салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын дайындауды бір кісідей меңгеріп алған Юлия ұл-қызына да қазақы тәрбие беріп жүр.

– Маған қазақы дәстүрмен құда түсіп, сырға салды. Беташар айтылып, қайын жұртыма иіліп, сәлем салдым. Тойдан кейін келін шайда басыма орамалымды тартып, қонақтарға тәтті шай бердім. Сол күндерден бастап мен қазақтың келіні атандым. Біздің отбасылы болуымызға екі жақтан да ешкім  қарсы болған жоқ. Қайта қайын атам «Қанымыз мықты болатын болды» деп қуаныпты. Қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындауды әуелден білетінмін. Бірақ келін болғалы әбден меңгеріп алдым. Қонақтарға ет асып, нан жайып, бауырсақ, қытырлақ пісіріп шай беремін. Жұма күндері «Ата-бабамыздың рухына тие берсін» деп  шелпек пісіремін, – дейді Юлия. Кейіпкеріміздің ашық-жарқын аңқылдақ мінезі де шынымен қазаққа ұқсайды екен. Әп дегеннен-ақ, өзі туралы айтып берген қазақтың келінінің ашықтығы ұнады бізге. Юлияға қазақтың қонақжайлылығы, туыстық байланысты бағалайтыны, үлкендерді құрметтейтіні қатты ұнайды екен.

– Ата-енем үлкен әжемізбен бірге қалада тұрады. Олар қонаққа келгенде төрге шығарып, құрмет көрсетеміз. Қазақ халқы әулеттің үлкендерін ерекше сыйлайды. Ақылын тыңдайды, осының өзі керемет қой, – дейді Юлия Александрқызы.

Кейіпкеріміз тұратын үйді үлкен қайын атасы өзі салған екен. Сондықтан Юлия ұл-қызына: «Бұл үйді аталарың өз қолымен тұрғызған. Сондықтан құрметпен қарап, әр бұрышын таза ұстаңдар» деп үйрететін көрінеді.

Алғаш келін болып түскен жылдары Юлияға үлкен әжесі (қайын атасының анасы) көже дайындауды, құрт жасап, көрпе тігуді үйретіпті. Жүн жуып, көрпе жасауды үйренген кейіпкеріміз қазақтың келіні іс тігуді, тамақ дайындауды, қонақ күтуді білуі керек деп есептейді.   Біз одан «Үйде кім бастық?» деп әзілдей сұрадық.

– Әрине, отағасы – басшы, біз – қосшы. Ол кісінің айтқаны заң. Біз бәріміз жұбайым Азаттың айтқанын тыңдаймыз. Отбасылық мәселелердің соңғы нүктесін қоятын сол кісі. Балаларға қазақтың салтын, дәстүрін білгенімізше үйретеміз. Қызым қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Біз өсіріп отырған балаларымыз қазақтың жақсы азаматтары болып өссе екен деп армандаймыз, – дейді ол.

Юлияның қазақ шаңырағының түтінін түтетіп, қазақтың келіні атанғанына он жылдан асты. Ол шаңырақтың түтіні түзу шығуы үшін жұбайлар бір-біріне қолдау көрсетіп, бір-бірін кешіре білуі керек, бір-бірін түсініп, шынайы кешіре білгенде ғана отбасы сақталады деп есептейді. «Өзімнің орыс екенімді ұмытып кетемін» деп ақтарыла сөйлеген кейіпкеріміз Тасқала ауданындағы Садық Жақсығұлов атындағы мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Олар отбасымен ынтымақ  пен татулықтың символына айналған 1 мамыр мерекесін ерекше атап өтеді екен.

«Қазақтың келіні болған қиын емес пе?» деген сұрағымызға Юлия: «Мен қазақ елінде туып-өстім. Айтып өткенімдей, көршілеріміз қазақтар болғандықтан, қазақтың  салт-дәстүрі маған жақсы таныс. Сондықтан қиын болған жоқ. Келін болып түскен жеріме тез сіңіп, бәрімен тіл табысып кеттім, – дейді ақ жарқын келіншек.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»,

Орал – Тасқала – Орал

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар