29.04.2019, 22:01
Қараулар: 96
Жарқ етіп сөнген жас ғұмыр

Жарқ етіп сөнген жас ғұмыр

Қол күресінен Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер болған жерлесіміз Сүйесін Құмаровтың қыршынынан қиылып, қапияда қаза тапқанына да, міне, бір жыл өте шығыпты.

Әкеден 4 жасында айырылса да, анасының қайтпас қайсар мінезінің, берген саналы тәрбиесінің арқасында қанаты қатайып, торықпай өскен ұлы үнемі:

«Анашым, әлі-ақ мен сіздің қолыңызды жылы суға саламын, сәл шыдаңыз. Енді бәрін өзім жасаймын!

Сіз тек қуанып, тілеуімді тілеп отырсаңыз болғаны» деп анасын жігерлендіретін. Анаға осыдан артық қандай бақыт керек. Ошағының отын өшірмей, әулетінің тұқымын жалғайтын перзент сүю – әр ата-ананың арман-тілегі емес пе?! Алладан сұрағаны қабыл болып, Мұсақұл ұрпағынан тараған текті әулеттің шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келгенде, марқұм әкесі: «Ізімді жалғар ұл келді, бұйыртса, Қазақстанның чемпионы болады», – деп бекер қуанбаса керек.

Әке арманын орындағысы келді ме, Сүйесін мектепте жүріп-ақ қол күресін жанына серік етті. Тәжірибелі бапкер Нұрхат Нысановтың көзіне түсті.

Бұл қадамы нәтижесіз болған жоқ. Аз ғана уақытта облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Өкінішке қарай, бар болғаны 18 жасында сары құрлықтың байрақты бәсекелерінде бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілгенін әке жарықтық көре алмады.

2017 жылы Алматы қаласында өткен ел чемпионатында бағы жанған Сүйесін Құмаров Бішкекте өтетін Азия біріншілігіне жолдама алды. Ел ішінде намысты қолдан бермеген саңлақтың ендігі мақсаты Азияны бағындыру еді. Аталған дүбірлі додада жеңіске жету, әрине, оңай емес. Алайда ел абыройын асқақтатып, көк байрақты биікке желбірету Сүйесінге бұйырыпты.

Қаратөбе ауданының тарихында Сүйесін Құмаровтың есімі қол күресінен Азия чемпионатының тұңғыш жеңімпазы ретінде алтын әріппен жазылды. Туған жердің даңқын асырып, азаматтың жүгін абыроймен арқалап, туған елінің Туын көкке шарықтатқан оның осы жеңісі жерлестерін шат-шадыман қуанышқа бөледі. Бұл сәт Сүйесіннің спортта бағындырған шыңдарының ең биігі еді. Әйтпесе, спорт тарихында екі-ақ жылда Азия чемпионатынан қола, үш жылда күмістен алқа тағу екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ еді. Кейін 2018 жылы Ақмола облысының Шортанды қаласында өткен Азия біріншілігінде екінші мәрте күмістен алқа тақты. Бұл облыс жұртшылығы үшін алтынға татитын жеңіс болды. Әттең, осы сайыста қарсыластарын ойсырата жеңіп, топ жарған Сүйесін соңғы айналымда қолынан жарақат алды. Қас қағым сәтте иық сүйегі морт кетті. «Нақ сол жерде қолға сынып кететіндей салмақ та түспеген еді, қарсыласын сабырмен, қырағылықпен танып, соған сай қарсы әрекет жасайтын спорт шебері қашанда сауатты  қимылдайтын еді», – дейді кейін сайыс бейнежазбаларын сан мәрте қарап шыққан жаттықтырушысы. Иә, өкініш өзекті өртейді. Кейін сол жарақаты бітісіп болмай, ақыры аяғы орны толмас өкінішпен аяқталды…

2013-2017 жылдары Қаратөбе ауданының әкімі болған Асхат Шахаров сол кездері жас спортшылардың тырнақалды жетістіктерін бағалап, қолдау білдіріп, болашақтарына зор сеніммен қараған бірден-бір азамат еді. Асхат Шахаров басшылыққа келген кезден бастап ауданда қол күресінен арнайы бөлім ашылып, бұрын кенжелеп келген дәл осы спорт түрі жақсы жолға қойылған болатын. Кейін дүбірлі додаларда топ жарған інілеріне ағалық қамқорлығын аямаған ел ағасының азаматтығы әлі күнге спортшы өрендердің есінде.

Сол спортшылардың арасында Сүйесін де болатын. Үнемі осы азаматтарға қарап бой түзеп, спортта өзіне үлгі тұтатын.

«Өзің үшін өмір сүргің келсе, біреу үшін өмір сүр» деген қағиданы берік ұстанған саңлақ ұл аз ғана ғұмырын елінің абыройына, аяулы анасы мен егіз қозыдай тете өскен апатайына арнады. Оның әр сайыста жеткен жетістігі мен бағындырған белесінің артында – елі,  әке рухы, ана тілегі тұрды.

Ендігі жердегі ана арманы – елінің абыройын асқақтатқан алтын ұлдың атын есте сақтау шараларының ұйымдастырылғаны, оның ел есінде сақталғаны. Бұдан басқа қолдан келер шара да, жұбаныш та жоқ…

Индира   МАРАТҚЫЗЫ,

Қаратөбе   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар