26.04.2019, 12:34
Қараулар: 89
Шұңқыркөл зиратының құпиясы

Шұңқыркөл зиратының құпиясы

Өткенде белгілі өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаев хабарласып, «Италиядан келген археолог ғалыммен бірге Оралға жақын маңдағы көне құлпытастарды қарап қайтайық» деген ұсыныс айтты.

Жан-Лука Бонора – философия докторы (Ph.D), археолог, Италиядағы Болония университетінің профессоры. Қазақстанда, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс беріп жүргеніне де бірнеше жыл болыпты. Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да үш апталық курс оқу үшін Оралға келген екен.

«Құлпытас қараймыз» деген соң әдеттегідей тас бетіндегі мүкті қырып тазалайтын темір сымды щетканы, бор, пышақ, т. б. асай-мүсейді ала шықтық. Айболаттың күрегін іле кеттік. Негізі бұл сапарды ұйымдастырған БҚМУ-дың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, жағырапия ғылымдарының кандидаты Қажымұрат Ахмеденов екен. Өте зиялы, өз саласының білікті маманы, бөкейлік Қажымұрат Мақсұтұлын бірер жыл бұрын Айболат таныстырған болатын. Сонымен, жоғарыдағы төртеуміз, жас ғалым Уәлихан, аудармашы Владислав деген жігіт бар, тартып кеттік.

Қаладан ұзап, жаңа көпірмен Жайықтың сол жағына, бұқар бетке шықтық. Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір ауылдық округінің тарихи атауы – Мәмбетбай, советтік ныспысы – Социализм болған шағын ауылы облыс орталығының іргесінде, тіке тартса, 15-20 шақырымдай жерде орналасқан екен. Күре жолдан оңға бұрылып, қалың тоғайды аралап, егіс алқабын жағалап, қара жолмен құйғытып келеміз. Кешікпей сай-сала басталып, суы мол көлге айналды. Қалтарыстарда әлі ерімеген қар көрінеді.

– Әне, құлпытастарды көріп тұрмын, – деді Жан-Лука орыс тілінде. Көзі қырағы екен, күн асты қарауытып тұрса да, жоғары жағы үшкірленіп, ерекше жасалған құлпытасты бір шақырымдай жерден байқапты.

Аумағы кемінде 0,5 гектардай болатын әжептәуір үлкен, кезінде терең ормен қоршалған көне қорымда он шақты құлпытас тікесінен тұр. Сынып түскен немесе түбімен қопарылып құлаған құлпытастар да байқалады. Жоғарғы жағы дулығаның басындай үшкір біткен, биіктігі 2 метрдей құлпытас келген жанның назарын бірден өзіне тартады екен. Құбыла бетте тұрып Құран сүрелерін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштаған соң бірден ерекше құлпытасқа тарттық.

Төменгі бөлігі төрт қырлы қашалған ескерткіштің күнбатыс бетіне бір-бірінің үстіне шырша тәрізді орналастырған үшбұрыштарға марқұм туралы мәліметтер жазылған. Құлпытасты қызғылт сары мүк басыпты. Мүкті қырнап тазалап, мәтінін оқу үшін сөмкемнен щеткамды шығара бергенімде, Жан-Луканың жан дауысы шықты:

– Не істегелі жатырсыз?! Тиіспеңізші! Бұл деген – сіздің тарихыңыз ғой! Темір щеткамен ысқылағанда неше ғасыр тұрған ескерткіш бүлініп қалады ғой!

– Тазаламасақ, мәтіні оқылмайды ғой.

– Сонда да тиіспеңізші! Пожалуйста! – Шетелдіктің жалынышты даусынан соң өзіміз ыңғайсызданып, щеткамызды сөмкеге қайта жасырдық. Мүк басқан көне ескерткішті сипалап, айналдыра қарап, негізгі мәліметтерді оқығандай болдық. «Кердері руы жабағы тайпасы… Жантөре баласы Қабыл офат болды 25 жасында 1872 жылы…»

Қалған ескерткіштердің көбі кердері руының көтермен тайпасына, соның ішінде Шот аймағына жататынын байқадық. 1835 жылы 30 жасында қайтыс болған Орман баласы Мұқаш, 1851 жылы 21 жасында дүниеден өткен Мәлика Тінәліқызы, 1853 жылы 22 жасында бақилық болған Ғабдоллаұлы Ғабдулуахид, 1893 жылы 86 жасында марқұм болған Шомбықұлы Жиенбай, 1878 жылы 92 жасында дүние салған Көркем Елемесқызы, 1850 жылы 73 жасында қайтқан Бәкіш Татырбайұлы… Бұлардың бәрі бір-бір адам, бір-бір тағдыр ғой. Байтөлек қажының баласы Ғабд… 1890 жылы 24 жасында марқұм болыпты. Тастемір Төбетұлына қойылған құлпытастың төменгі жағы сынып, жоғалыпты.

Орал қаласына жақын маңды, Жайық бойын ежелден кердері, тама, табын секілді Жетіру бірлестігіне кіретін рулар жайлағанын білетінбіз. Соның ішінде кердерінің көтермен тайпасы әйгілі Әбубәкір Кердерінің ағайындары болып келеді. Ақынның осы өңірде туғаны тарихтан мәлім.

Көне қорымда көптен адам жерленбегені байқалады. Біздің көзімізге түскен ең «жаңа» құлпытас 1903 жылды көрсетіп тұрды. Жан-Лука Бонора сынған, жерге құлаған ескерткіштің көптігіне таңғалып, «Бұларды біреулер әдейі қиратқан жоқ па екен?!» деген күдігін айтты. Өзі жерде жатқан тас сынықтарын қолына алып, біз әуелі көрген ескерткіштен әдейі сындырылғанын көрсетті. Шынында да құлпытастың төрт бұрышынан қашап көтерілген төрт мүйізшенің төртеуі де сынып, жерде жатыр екен. Италиян археологы орнына қойғанда, үйлесе кетті.

Бұл жердің атауын, тарихын арамызда ешкім білмейді екен. Қандай да бір дерек сұрау үшін бір-екі шақырым алға жүріп, шағын ауылға тап болдық. Бұл Теректі ауданы Жаңаөмір ауылдық округіне қарасты Социализм ауылы екен. Кезінде миллионер Шаған кеңшарының №3 бөлімшесі болыпты. Сұрастыра жүріп 81 жастағы Мыңжасар Байтақов деген ақсақалды тауып алдық.

– Иә, осы өңір, Жайықтың жағасы, негізінен, кердері руы жайлаған жер ғой. Мұнда кердерінің құлтай, жабағы, сатым, құтсиық, көтермен тайпалары көп тұрады. Бұл ауылдың көне атауы – Мәмбетбай. Бір кездері Алдияр ауыл советі деп те аталған. Ал сіздер көрген көне қорымды халық жанындағы көлдің атауымен Шұңқыркөл деп атайтын. Ол көлді атақты Есенгелді байдың көп жылқысы үйездеп тұрған жерінен пайда болған деп аңыз қылатын. Жалпы, осы маңда араб жазулы көне құлпытастар өте көп. Қиөткел, Борғұмаш, Погром, Тоқсанбай, Көкмешіт деген жерлердің бәрінде де зират бар.

Уақытыңыз болса, аралап көрсетуге дайынмын, – дейді 1938 жылы туған Мыңжасар ақсақал.

Бір қызығы, дәл осы ауылдың ішінде Совет үкіметі келместен бұрын мешіт болыпты. Бір тақуа кісі өмірден өтерде «қабірімде бес мезгіл қасиетті құран дауысын есітіп жатайын» деп, өзін осы мешіт қабырғасына жерлеуді өсиет еткен екен. Бүгінде мешіт те, қабір орны да жермен бірдей тегістеліп кетіпті.

Иә, елдің шеті, желдің өтінде тұрған аймақтан отаршылдықтың ізі анық байқалады. Жер-су атаулары өзгертіліп, ата тарих аяусыз жойылды. Туған жеріміздің тарихын тірнектеп жинамасақ, дайын дерек, әзір ақпарат еш жерде жоқ.

«Қазынам бар, қисапсыз шектеледі,

…Алам десең, алдымен зертте мені!» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, іздеген жанға Ұлы даламыздың беретін қазынасы көп-ақ. Бұған Орал қаласынан алты қадам ұзап шыққанда-ақ көрген-білгеніміз дәлел…

Қазбек   ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ