26.04.2019, 12:32
Қараулар: 84
Бішкектегі Қадыр кеші

Бішкектегі Қадыр кеші

Бішкек қаласында Алықұл Османов атындағы Қырғызстан Республикасының ұлттық кітапханасында ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған кеш өтті.

Белгілі әнші-композитор, Қ. Мырза Әли атындағы қордың директоры Донеділ Қажымовтың айтуынша, «Рухании достук – келечекке алтын көпүрө»  атты кешті қордың өкілі, Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін қырғыз тіліне аударған Атантай Акбаров жүргізген. Шараға Қырғызстандағы қазақ диаспорасы, қырғыздың әдебиет өкілдері қатысты. Бішкекке Қазақстанның өнер делегациясын Қазақстанның халық әртісі, ақынның көзкөрген жолдасы Нұрғали Нүсіпжанов бастап барған. «Құрмет» орденінің иегері, әнші, композитор Донеділ Қажымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Дәукенова, белгілі әнші Дәуренбек Мерғалиевтер Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Қырғыз астанасында өткен Қадыр Мырза Әлидің шығармашылық кешінде ақынның туған жері Сырым ауданының атынан әнші, халықаралық ән байқауларының лауреаты Бекей Қанатов барып, өнер көрсетті. Қазақ пен қырғыздың әдеби әріптестігі, екі елдің рухани байланысы жөнінде phD доктор, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, филология ғылымдарының докторы Әлия Бияздықова, ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Саят Қамшыгер әдемі әңгімелеп берді.

Шара соңында қырғыз ақындары Нұрпайс Жарқынбай, Гүлсара Момынова, Рамис Рысқұлов қазақ елінің өнерін паш еткен өнерпаздарға ризашылығын білдірді.

Бауыржан    ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.