26.04.2019, 12:31
Қараулар: 127
“Жайықтан ұшқан аққу жыр”

“Жайықтан ұшқан аққу жыр”

Дәл осындай атаумен 24 сәуірде Теректі аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Ақжайық ауылында, Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының, “Құрмет” орденінің иегері және Қазақстан Республикасы Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жас мерейтойына орай  облыстық  Ақұштап оқулары байқауы өтті.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов бастаған топ Қадыр Мырза Әли айтқандай, «ақ қыз, ақ апа, ақ әже» Ақұштап Бақтыгерейқызын дәстүр бойынша ақ ұсынып, қарсы алды. Қызыл кілеммен жүріп өткен ақын апаларына 12 ару гүл шоқтарын ұсынып, ілтипат көрсетті. Оркестрдің орындауындағы күйлер ақын жерлесімен мақтанатын халықтың ыстық ықыласын паш етті. Мектеп ішіндегі қонақтар үшін арнайы дайындалған “Әдеби аялдамада” шәкірттер Жайықтың мақтанышы — Ақұштап ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Кезек тосынсыйға да келіп жетті. Ақжайық мектебінде Ақ Жайықтың  ақ шағаласы атанған ақын құрметіне дәріс кабинеті ашылды. Жаны нәзік Ақұштап Бақтыгереева барлық тілеулестеріне алғысын айтып, меймандарға арналған мектеп кітапшасына ақжарма тілегін жазды. Кабинеттің ішіндегі дүниелерді мұқият тамашалаған жұртшылық мектеп музейін де назардан тыс қалдырмады.

Мектептің мәжіліс залына жиылған халық Ақұштап Бақтыгерей-қызының әсерлі әңгімесін тыңдау үшін тағатсыздана күтіп отыр еді. Облыстық “Ақұштап оқуларының” ашылу рәсімінде аудан әкімі Әділ Жоламанов ақынға қамзол кигізіп, ақ жаулық жауып, гүл шоқтарын ұсынды.

Ақжайық ауылының жас ақыны Айбек Әбілқалым Ақұштап Бақтыгерееваға арнауын оқыса, әнші Гүлнұр Қаражанова Ақұштап ақынның өлеңіне, Ілия Жақановтың әніне жазылған “Оралдың ерке самалы” әнін шырқады.

Облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған осы өлең-өнер бәйгесіне әр ауданнан өрендер қатысып, бақ сынады. Байқау “Мені оқитын халық бар” (Ақұштап ақын жайында эссе жазу), “Көркем сөз” (ақын шығармаларын мәнерлеп, нақышына келтіре жатқа оқу), “Жырымды саған арнаймын” (ақынға арнау) сынды үш кезеңнен тұрды. Сайыста ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі Айтқали Нәрі-ков, “Жайық Пресс” медиахолдингі бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай, облыстық “Орал өңірі” газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, БҚО мектепке дейінгі, жалпы орта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыс-тық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина, БҚО филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлдай Ержанова, БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Азамат Мамыров, БҚО филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев, “Дарын” қосымша білім беру орталығының директоры Гүлсім Дүйсенғалиева қазылық етті.

Облысымыздағы өлең құдіретін түйсініп, сезінетін шәкірттердің басын қосқан байқауда “Жырымды саған арнаймын” кезеңінде Шұғыла Ғұмар (Сырым ауданы), Гауһар Азаматова (Бәйтерек ауданы), Айгерім Бауыржанова (Қаратөбе ауданы) дипломмен марапатталды. Ақырыс Романқызы (Тасқала ауданы), Әдемі Кункакова (Қазталов ауданы), Балсұлу Мәдениетова (Теректі ауданы) ІІІ орынды иеленді. ІІ орын Жұлдыз Тантыбаева (Жәнібек) мен Дархан Мақсотовқа (Шыңғырлау) бұйырды. І орынды Қазталов ауданының өрені Асұлан Есмағұлов алды. Бас жүлдеге Жаңақала ауданының оқушысы Ізбасар Бахитов ие болды. Ақынның өлеңдерін жатқа оқыған “Көркемсөз” бөлімінде Айсәуле Мұқадес (Ақжайық ауданы) дипломант атанды. Жанерке Ерменова (Ақсай қаласы), Айзада Жайлыбаева (Теректі ауданы), Даяна Нұрланқызы (Қаратөбе ауданы) ІІІ орын, Фатима Әділова (Жәнібек), Гүлназ Асқарова (Қазталов) ІІ орын, Жібек Досымова (Орал қаласы) І орын, Ерсұлтан Құрмашев (Жаңақала) бас жүлдеге ие болды. “Мені оқитын халық бар” эссе жазу кезеңінде Ділнәз Зағыппар (Сырым ауданы), Жансая Мұрат (Бәйтерек ауданы), Дана Гатаулина (Жәнібек ауданы), Алия Баймурзина (Жаңақала ауданы) диплом алды. Аида Оразова (Қазталов ауданы), Жанел Бақытова (Ақсай қаласы), Сәуле Дүйсенбаева (Тасқала ауданы) ІІІ орын, Гүлсана Мақсотова (Ақжайық ауданы), Шұғыла Амангелді (Теректі ауданы) ІІ орын, Ақнұр Миханова (Орал қаласы) І орын, Гүлмайра Ерғожина (Қаратөбе ауданы) бас жүлденің тұғырынан көрінді. Тасқала ауданынан келген Інжу Қалбаева мен Ақсай қаласының тұрғыны Жанар Өмірзақова аудан әкімі Әділ Жоламановтың арнайы жүлдесімен марапатталды. Марапаттау кезеңінде әр әділқазы мүшесі ақынға зор денсаулық, оқушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. “Назерке” би ансамблі бишілері “Қаражорға”, “Ана жүрегі” билерін мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Шара соңында Ақұштап Бақтыгерейқызы өлеңдерін оқып, әдебиет  әлеміне  жол  тартқан  ұл-қыздарды алғашқы  жеңіс-жүлделерімен  құттықтап, алда  талай  асу-шыңдарды бағындыруға негіз болар қажырлы  ізденіс  тіледі.

Аягөз  АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.