26.04.2019, 12:30
Қараулар: 93
Иммундау апталығында екпе алыңыз!

Иммундау апталығында екпе алыңыз!

Биылғы  24-30  сәуір  аралығында  Дүниежүзілік денсаулық  сақтау  ұйымының бастамасы  бойынша Еуропа аймағында, соның ішінде елімізде «Алдын алу. Қорғау. Иммундау» ұранымен иммундау апталығы өтуде. Осыған орай облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Департаменттің бас маманы Жұлдыз Кәрімованың айтуынша, өңірдегі 1133 ата-ана түрлі себептермен перзенттеріне жұқпалы ауруларға қарсы екпе алдырмай отыр. Олардың көпшілігі діни көзқарастарына байланысты екпеден бас тартады. Облыста қызылша ауруы бойынша 69 оқиға тіркелсе, соның 28-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілуде. Сәуірдің 1-інен бастап 40 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлерді және 9-10 айлық сәбилерді қызылшаға қарсы екпемен егу басталған.

Мамандардың баяндауынша, бұрын қызылшаға қарсы екпе алған ұл-қыздың ағзасы бұл аурудың жұқпасына қарсы тұра алған. Қызылша энцефалиті науқастың интеллектуалды даму бұзылысына, эпидемиялық паротит ауруының асқынуы ұлдарды бедеулікке, күл ауруы өлім жағдайына соқтырады. Туберкулез инфекциясы егілмеген кезде мүгедектікке ұшырататын ауыр түрдегі туберкулез ауруының қаупі он есе артады.  Ал, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Татьяна Новокрещенованың сөзінше, бұрын дүниеге келген нәрестені туберкулезге қарсы екпемен егу міндетті болса, қазір бірінші кезекте ата-анасының келісімін алу керек. Осыған байланысты бұрын нәрестелердің 98,5%-ы жұқпалы өкпе ауруына қарсы егілетін болса, бүгінде бұл көрсеткіш 96%-дан аспайды.

Иммундау апталығы аясында облыстың барлық тұрғыны тұрғылықты жері бойынша емханаларға барып, тиісті екпе ала алады. Әркім өзінің учаскелік дәрігерінен қандай екпелер жасау керектігін нақтылауы керек. Жалпы, кез келген жұқпалы аурудың алдын алып екпе алу, сол аурумен ауырғандарды емдеп жазудан оңай әрі  арзанға  түспек.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар