26.04.2019, 12:29
Қараулар: 76
Мемлекеттік қорға 48 сыйлық тапсырылды

Мемлекеттік қорға 48 сыйлық тапсырылды

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай облыстық құрылыс басқармасында жиын өтті. Кездесуде мемлекеттік қызметтің дамуына әдеп жөніндегі уәкіл институтының қосар үлесі, сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдары, еңбек заңнамасын сақтау мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Жанар Жұмағазиеваның айтуынша, бүгінде облыста екі мыңнан астам мемқызметші жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – ер-азаматтар. Мемлекеттік қызметшілердің арасында «Болашақ» бағдарламасының – 13, ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 11 түлегі  және 400-ден астам қызметкердің екі және одан да көп жоғары білімі бар. 2018 жылы мемлекеттік қызметшілерге берілген үш миллион теңге тұратын 48 сыйлық арнайы мемлекеттік қорға тапсырылған. Сыйлықтардың ішінде қымбат бағалы кеңсе құралдары, яғни 54 мың теңге тұратын шетелдік брендтің бір қаламсабы, 22 мың теңге тұратын қаламсаптар жиынтығы, құны 50 мың теңге болатын «Георгий Победоносец» мүсіні секілді сыйлықтар бар екен. Сондай-ақ былтыр әдеп жөніндегі кеңесте облыс бойынша 10 мемқызметшіге қатысты іс қаралып, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін жауапқа тартылған. Олардың арасында теміржол көлігінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін, әріптестерінің көзінше қарама-ғындағы қызметкерлерге дөрекілік танытқан немесе қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа жол беру фактісі бойынша тиісті шара қабылдамаған басшылар  бар.

– Мемлекеттік қызмет саласында отыз жылдан астам еңбек еттім. Бүгінде зейнеткермін. Мемлекеттік қызметкер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазір елімізде барлық сала қарқынды дамып келеді. Мысалы, құрылыс, жол саласын алайық, республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, аз ғана уақыттың ішінде тұрғын үйлер, тасжолдар салынып, тапсырылуда. Жасалған жұмыстардың нәтижесі бірнеше жылдан кейін бағаланатыны белгілі. Сондай кезде кей тұрғындар билік басындағы шенеуніктер туралы жағымсыз пікірлер айтып жатады. Мұндай жағдайды болдырмас үшін олар тұрғындармен жиі кездесіп, ортақ мәміле үшін мән-жайды баяндаудан қашпауы керек. Мысалы, «Омега» шағынауданындағы көпірдің құрылысын алайық. Облыс басшысы Алтай Сейдірұлы жиі қадағалап, тұрғындарды құлақтандырып тұрады. Соған сәйкес тұрғындар да жасалып жатқан жұмыстың барысын сезініп, жағымсыз бос әңгімеге жол бермейді. Кез келген сала да осы бағытта жұмыстанулары қажет, – деді саналы өмірін мемлекеттік қызметке арнап, бүгінде зейнетке шыққан  Ғалым  Орынғалиев.

Сондай-ақ жиында «Адалдық алаңы» кеңсе жетекшісінің орынбасары Орынбек Насимуллин аталмыш кеңсенің жұмысына тоқталса, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалы басшысының орынбасары Болат Жексенғалиев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  аясында  ойын  түйіндеді.

Гүлсезім    БИЯШЕВА,

«Орал    өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.