26.04.2019, 12:26
Қараулар: 165
«Бірегей»

«Бірегей»

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы қолға алған «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіби музыкант, әнші, режиссер Мақсот Омарғалиевті еске алуға арналған «Бірегей» атты кеш өтті.

Батыс Қазақстан облысы ғана емес, еліміздің мәдениетіне жарқын із қалдырған жандар-дың бірі де бірегейі – Мақсот Константинұлы алғашқы еңбек жолын 1968 жылы Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған. Бір жылдан кейін Орал қаласындағы музыка училищесіне вокал мамандығы бойынша оқуға түскен ол 1973-1984 жылдары Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның солисі, кейін директордың орынбасары қызметін атқарды. 1984-1988 және 2003-2005 жылдары БҚО халық шығармашылығы орталығының директоры, 1988-1992 және 2005-2011 жылдары Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры қызметін атқарып, 1992-2003   жылдары облыстық мәдениет басқармасына басшылық етті. 2011-2017 жылдары облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

Әдемі баритон дауысты әнші «Ұшқын», «Думанконцерт»», «Жайық толқыны», «Ән қанатында» және «Гүлдерайым» жастар ансамбльдерінің құрамында өнер көрсетіп, бірқатарының іргесі бекіп, қанаттана түсуіне ұйытқы болған. Сондай-ақ қазақ халқының ұлттық музыкасын насихаттау мақсатында құрылған «Орал сазы» фольклорлықэтнографиялық ансамблін бүгінгі таңда бүкіл ел біледі. Көптеген өнер ұжымы, кітапханалар мен музейлер, басқа да мәдени ошақтардың жұмыс жасауына сүбелі үлесін қосқан, айрықша  ұйымдастырушылық қабілетімен, ең бастысы, мол адамгершілігімен ел есінде сақталған атпал азамат 2017 жылы дүниеден озды.

Жүректі жылытқан еске алу кеші барысында көзкөргендер естеліктерін айтып, облысымызға белгілі өнерпаздар Мақсот Константинұлының жақсы көрген әндерін әуелете шырқады. БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев қиын-қыстау жылдары облыс көлеміндегі бірқатар кітапханаға жабылу қаупі төнгенде Мақсот Омарғалиевтің табандылығының арқасында бұл мәселе шешілгендігін, соның нәтижесінде республика бойынша біздің өңіріміз шалғай жатқан аудан-ауылдарына дейін кітап қорын сақтап, жұмысты жүйелі жүргізіп отырғандығын айтып өтті. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева Мақсот Константинұлының шын талантқа туған ұл-қызынан артық қамқорлық танытатын шынайы жанашырлығы мен аса жоғары адами келбеті туралы сыр шертсе, белгілі өлкетанушы, зерттеуші Жайсаң Ақбай мәдениет майталманына айналған азаматтың алғашқы қадамдары жайында әңгімеледі. Мәдениет саласының ардагері Светлана Анищенко бар ғұмырын өнер саласына арнаған жанның өңір мәдениеті үшін атқарған елеулі еңбегін, Мақсот Константинұлының қарындасы, ұстаз Сәуле Омарғалиева «Жастардың менен, менің жастардан үйренерім көп» деп, үнемі қайнаған ортадан табылған аға бейнесін сағынышпен еске алды.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.