26.04.2019, 12:25
Қараулар: 86
«НҰР-СҰЛТАН» Каспийге жол тартты

«НҰР-СҰЛТАН» Каспийге жол тартты

Кеше  «Орал  «Зенит»  зауыты» АҚ  жасаған «Нұр-Сұлтан»  кемесі  Шаған  өзені  айлағында  суға  түсірілді. Кәсіпорын  осымен  отызыншы  кемені  жасап шығарды. Кеме  Қазақстан  Республикасы Ұлттық  қауіпсіздік  комитетіне  қарасты  Шекара  қызметінің тапсырмасымен  жасалды.  Кемені  басқару  жүйесі, орнықтылығы,  жүзу  жылдамдығы  бұрынғыдан  да  жетілдіріле  түсті  және заманауи  қару-жарақ  орнатылды.

Кемені суға түсіруге арналған салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры – ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Дархан Дильманов, «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы, «Қазақстан инжиниринг» АҚ өкілдері және ҚР Қарулы күштерінің  ардагерлері  қатысты.

–  Бірлік мерекесі күні қарсаңында өңіріміздің мақтанышына айналған «Зенит» зауыты Каспий теңізінде ел шекарасын қорғайтын тағы бір кемені жасап шығарды. Әскери кемені шығару – отандық өндірісіміздің дамуының көрсеткіші. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген индустриальды-инновациялық бағдарлама ауқымында өндірісіміз дамуда, халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, жаңғыртылып отыратын «Зенит» зауыты жыл сайын кеме шығарады. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастырудың маңызы зор екені мәлім. Бұл бағытта тынымсыз тер төккен «Зенит» зауытының ұжымына алғыс айтамын. Әскери кеме ашық аспан аясында еліміздің теңіздегі шекарасын қорғауға қызмет етеді, –  деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Дильманов отандық зауытта жасалған әскери кемелер мен катерлердің сапасы мықты екенін, көршілес Ресей Федерациясы, Иран, Әзербайжан мемлекеттері жоғары бағалап отырғанын айтты.

Салтанатты шарада «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев ҚР ҰҚК төрағасының 2019 жылғы 23 сәуірдегі бұйрығымен «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен, зауыттың бас технологы Тимур Траисов, №6 цех бастығының орынбасары Николай Хамко ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

2006 жылдан бері қолданысқа енгізілген 0030 «Барыс» жобасы бойынша шығарылған шекаралық «Нұр-Сұлтан» кемесі Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жеткізіледі. Әскери кеме әуе күштерімен және басқа да техникалармен бірлесіп, мемлекеттік шекарасының аумақтық суын және құрлықтың қайраңын күзету, контрабандалық әрекеттерді, қарақшылықты және заңсыз балық аулауды тойтару, ұстау, тексеру, су асты диверсанттарымен күресу қызметін атқарады. «Нұр-Сұлтан» кемесінің ұзындығы – 42, ал ені – 7,8 метр. Тәулігіне 4 тонна су өңдейтін тұщытқыш қондырғысы бар. Экипаж мүшелері үшін бағыт-бағдар беру жүйесі, байланыс жабдықтары мен штурмандық құралдар орнатылған. Әскери кеме биіктігі 3-5 метрге жететін, 7 балдық толқын кезінде де теңіз бетінде еркін жүзе алады. Бес балдық толқында барлық тапсырманы мүлтіксіз орындауға қабілетті. Экипажда 27 адам қызмет етеді және медициналық каютада екі маман болмақ.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар