23.04.2019, 12:14
Қараулар: 113
Істе жауапкершілік, сапа, мерзім қаперден шықпасын

Істе жауапкершілік, сапа, мерзім қаперден шықпасын

Жылдағысынша, биыл да Ақжайық ауданында қолға алынып жатқан құрылыс аз емес. Ауқымды істерді қашанғыдай, ықтиятты, сапалы жүргізудің маңызы зор. Өткен сенбіде жұмыс сапарымен аудан орталығы – Чапаевта болған облыс әкімі Алтай Көлгінов тиісті сала жетекшілеріне, еңбек ұжымдарына осыны қаперге салды.

Өңір басшысы аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовпен бірге ең алдымен тоғыз жолдың торабындағы ауылға басты кіреберіс жолдың басталып жатқан орташа жөндеуімен танысты. Құны 87,9 млн. теңге бұл жобаны «ЖайықСити» ЖШС-ның құрылысшылары орындайтын болады. Олармен әңгіме барысында Алтай Көлгінов көлік ағынына ыңғайсыздық тудырмауы үшін 1,6 шақырым кіреберіс жолда белгіленген жұмыстың мерзімінде тындырылуы керегін айтты.

Содан кейін ол бүгінде апатты жағдайда болып есептелген, 1961 жылы салынған Абай атындағы мектеп-гимназия ғимаратын көрді. Ақжайықтықтардың мақтанышы болып табылатын бұл озық білім ұясы үшін жаңа ғимарат көтеру жөніндегі жұрттың тілегі қабыл болғалы отыр. 100 орындық интернатымен қоса 300 орындық мектеп-гимназия құрылысына республикалық бюджеттен 1 млрд. 275 млн. теңге қаржы бөлінді. «АлТим» ЖШС-ның құрылысшылары келер жылдың қыркүйегінде нысанды пайдалануға беру үшін бүкіл тәжірибелерін пайдаланбақ. «Балаларымыздың, яғни болашағымыздың қамы үшін аянбау керек», – деді олармен әңгімеде облыс әкімі. Ауыл ардагерлері Алтай Сейдірұлына тұрғындардың өтінішіне сай ауылдарды газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ тиісті бағдарламаларға сай тұрғын үйлердің салынуы секілді бағыттар үшін қуаныштарымен бөлісті. Жайықтың аудан орталығы тұсынан қалқымалы көпір де орнатылмақ.

Әр жылдың өз жүгі, міндеті бар. Соның бірі – Азынабай – Тайпақ  суландыру жүйесін қайта құру. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау аяқталды, бірсыпыра су арналарын жөндеу мәселесі де басты назарда тұр. Өңір басшысы жүздесу барысында осыған байланысты міндеттерді атап көрсетті. Ол күрделі жөндеуді қажет ететін Чапаев №1 орта мектебінің ғимаратында болды, ауылдық округтің Жайық елді мекеніндегі ауыз су құбырының жүргізілу барысымен де танысты.

Жалпы, желісінің ұзындығы 9,727 шақырым бұл құрылыс сегіз айда тәмамдалмақ.

Болат   ЕСҚАЛИЕВ,

Ақжайық  ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.