23.04.2019, 12:12
Қараулар: 87
Ресей суына тәуелділік азаяды

Ресей суына тәуелділік азаяды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазталов ауданына жасаған сапары барысында Киров – Шежін каналына барып, Қараөзенге су жіберетін гидрожүйені іске қосты.

Бұл күнді тарихи сәт деп толық айтуға негіз бар. Осы жерде Жайық пен Еділдің сулары тоғысып жатыр. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында осы күнге қол жеткіздік. Міне, ендігі мақсат – осы судың игілігін көріп, мал шаруашылығын дамыту. Канал бойында орналасқан шаруашылықтар жүгері, көпжылдық шөп егу сияқты жұмыстарды жүзеге асыруы қажет, – деді Алтай Сейдірұлы.

«Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, Жайық суы қазіргі күнде 5 текше-секунд жылдамдықпен Қараөзенге құйылып жатыр.

Айта кету керек, Ресейден келетін суға тәуелділікті азайтуды мақсат еткен бұл жобаның құны  2 401,726 млн. теңгені құрайды. Қаражат облыстық бюджеттен қаралды. Ұзындығы 180 шақырымды құрайтын канал облысымыздың оңтүстігінде орналасқан төрт ауданның аумағынан өтеді. Канал бойындағы 130 мың гектар жер суланып, 22 тоған толуда. Олардың әрқайсысы 10 мың шаршы метр аумақты қамтымақ.

Өңір басшысы Ақпәтер ауылының маңындағы канал қақпасында ауыл тұрғындарымен және шаруашылық жетекшілерімен кездесті. Кездесуде канал бойында орналасқан Талдықұдық, Ақпәтер ауылдық округтері тұрғындары атынан еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов облыс әкіміне осындай ауқымды жоба үшін алғыс білдірді. Ал Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков көгілдір отынмен қамту жұмыстары туралы баяндап, алдағы күндері жүзеге асатын жобаларды  таныстырды.

Ат басын Ақпәтер ауылына бұрған облыс әкімі кәсіпкер Самат Хасановтың туған ауылына тарту жасаған фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты аясында бой көтерген ФАП-ты салуға кәсіпкер 16 млн. теңге қаражатын жұмсаған. Кәсіпкермен және ФАП қызметкерлерімен кездескен өңір басшысы ауыл жанашырына ризашылығын білдірді.

Одан соң облыс әкімі «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы» тасжолының 157-192-шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Күре жолдың жөндеу жұмыстарына жауапты «КазАвтоЖол», «Юнисерв» ЖШС-лардың басшыларымен кездескен әкім жөндеу жұмыстарына 500 млн. теңге бөлінетіндігін жеткізіп, жоспарлы жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы