23.04.2019, 11:38
Қараулар: 92
Балауса ем алуға барады!

Балауса ем алуға барады!

Круглоозерный жалпы орта білім  беретін мектебінің ұжымы аталмыш ауылдың кішкентай тұрғыны Балауса Медеттің еміне қаржы жинау мақсатында «Жақсылықпен жүректі жылытайық!» атты концерт ұйымдастырды.

Қайырымдылық шарасына арнайы қатысқан Круглоозерный кентінің әкімі Кенесары Нұршиновтың айтуынша, 8 жасар Балауса Медеттің Самара қаласына барып, ем-дом алуына көлемді қаражат қажет болған екен. Ауыл тұрғындары, жергілікті мекеме-ұйымдар мен кәсіпкерлер, кент әкімдігі және мектеп ұжымының бас біріктіруінің арқасында қысқа мерзім ішінде қажетті қаржы артығымен жиналып, кішкентай балғынның отбасына табысталды.

– «Көп түкірсе, көл» демекші, мектебіміздің 2-сынып оқушысы Балаусаның қиын жағдайына бейжайлық танытпай, ұстаздар мен шәкірттер қауымы болып көмек қолын созуды жөн деп шештік. Мектеп оқушыларының өнерлері ортаға салынған бүгінгі концертке кіру үшін билеттер сатылған болатын, сатылымнан түскен қаражат Балаусаның отбасына табысталды, – дейді Круглоозерный ЖББОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Таслима Құсайынқызы.

Кішкентай Балаусаның анасы Ботакөз Өтегенова қиын жағдайда қолұшын созған ауылдың барша тұрғынына аналық алғысын жеткізді. «Қызымның бірнеше диагнозы бар. Соның негізгісі – целиакия (асқазан-ішек жолдарының ас қорытатын түгінің жетілмей қалуы) бойынша арнайы диеталық тағам алуға ай сайын 40-50 мың теңге қаражат кетеді. Одан бөлек орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы, дамуындағы ауытқушылықтар, гидроцефалия деген диагноздар қойылды. Осы кезге дейін екі рет емдеу курсына барып қайттық, нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Қызымның бойынан оң өзгерістер байқалады. Балаусаның денсаулығын жақсарту үшін кем дегенде тоғыз ем-шара курсын алуымыз керек. Алдағы аптада Самара қаласындағы кезекті ем-шара алу курсына қажетті қаражатты жалпы ел болып жинап берді. Осы іске үлес қосқан барша жанға алғысымды білдіремін, жасаған жақсылықтарыңыз сауапқа жазылсын!», – деп ризашылығын білдірді Балаусаның анасы.

Ботакөз Өтегенованың айтуынша, қызының денсаулығына шұғыл түрде қаражат қажеттігі туралы «Орал өңірі» газетіне жарияланғаннан кейін Зашаған кентінен ерлі-зайыпты кәсіпкер келіп, 50 мың теңге табыстапты. Круглоозерный кентінің тұрғындары және мектеп ұжымының күшімен 322 мың теңге, жанашырлық танытқан жомарт жандар тарапынан 548 мың теңге жиналыпты. Балаусаның анасы артылған қаражатты депозитке салып, алдағы уақыттағы ем-шараларға жұмсамақ.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.