23.04.2019, 11:32
Қараулар: 78
Госпитальдың тағдыры алаңдатады

Госпитальдың тағдыры алаңдатады

Күнделікті өмірде қоғамдағы қауіпсіздікті сақтауда құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Тәртіпті қатаң қадағалайтын жандардың жұмысы қашанда қарбаласқа толы. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес.

Сондықтан да мемлекетіміз аталмыш сала мамандарына ерекше көңіл бөліп келеді. Қаламыздың қақ ортасында орналасқан облыстық полиция департаментіне қарасты госпиталь бірнеше жылдан бері құқық қорғау саласының қызметкерлеріне медициналық көмек беріп келеді.

Осыдан жетпіс бір жыл бұрын Ленин көшесі, 170-үйдің екінші қабатында үш-ақ кабинетпен ашылған бөлімнің тарихы тереңде. Әр жылдары П. Черменин, З. Скуратович, Қ. Есқалиев. М. Жәнішев бас дәрігер болып қызмет жасаған іргелі мекеме емхана және 45 кереуеттік стационардан тұрады. Жетпіс жылдан аса уақыт құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлеріне қалтықсыз қызмет көрсетіп келе жатқан стационардың таратылып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қосылатындығы жөніндегі хабар бізге жайсыз тиді. Өйткені ел тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген азаматтардың денсаулығы бәрінен де маңызды. Госпитальда құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлерін, ардагерлерін және отбасы мүшелерін олардың тұрғылықты жерлеріне қарамастан емдеу және оңалту бойынша әр түрлі жұмыстар жасалып келеді. Бұл жерде басы ауырып, балтыры сыздап келген  ауруларды емдеудің толық циклі қамтылған. Госпитальға облыс бойынша құқық қорғау құрылымдарының 15 999  қызметкері және 2376 зейнеткер бекітілген. Олардың қатарында ауған соғысының және Чернобыль апатының зардабын жоюға қатынасқан ардагерлер де бар. ҚР Ішкі істер құрылымдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде госпитальдың облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайтындығын білдік. Әзірге госпиталь тағдыры бір шешімге келген жоқ. Бірнеше жыл осы салада еңбек еткен зейнеткер ардагер ретінде госпитальды жабуға болмайтындығын баса айтқым келеді. Өйткені, біріншіден, қызметкерлер мен зейнеткерлерді ауруханаға жатқызу тәртібі әлдеқайда оңай. Екіншіден, ішкі істер құрылымдары, қаржы полициясы, қылмыстық атқару жүйесі, прокуратура, ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» әскери қолбасшылығы бөлімдері, өрт сөндіру мекемесінің қызметкерлері жүз мыңдаған адам госпитальдан ем алып жүр. Олар қаладағы емханадағыдай апталап, айлап кезек күтпейді. Госпиталь, әсіресе, аудандағы қызметкерлер мен зейнеткерлер үшін тіптен қолайлы. Кейбірі келген күні немесе ертеңіне бірден госпитальға жатып, емін алады. Туысының үйіне барып немесе пәтер жалдап уақыт өткізбейді. Уақытымен қаралып, кезексіз анализдерін тапсырып, қажет болса, емдік курсын алып, емделіп шығып, қайтадан сапқа тұруы үшін госпитальдың алар орны ерекше. Ертеңгі күні жалпы ауруханаға жатып емделуге портал кезегін күту, анализдерін тапсыру үшін немесе тар шеңберлі дәрігер мамандарға қаралу үшін апталап уақыт жоғалту құқық қорғау құрылымының қызметкерлеріне қиындық тудырары сөзсіз.

Полиция департаментінің ардагері ретінде өзім де госпитальдың игілігін көріп жүрмін. Дәрігерлердің айтуынша, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің арасында асқазан, бауыр, жүрек, остеохондроз, жүрек-қан тамырлары ауруларының созылмалы түрлері жиі кездеседі екен. Жұмыс барысында жарақат алып қалған тәртіп сақшыларына да госпиталь дәрігерлері шұғыл көмек көрсетеді. Жыл сайын медициналық тексерістен өтетін сала қызметкерлерінің денсаулығы госпиталь дәрігерлерінің жіті назарында. Созылмалы ауруы бар науқас қызметкерлерді уақытымен госпитальға жатқызып, емдейді. Аталған ерекшеліктердің бәрі де құқық қорғау саласының қызметіне жасалған арнайы жеңілдіктер деп есептеймін. Госпитальда 17 медицина қызметкері жұмыс жасайды. Бұл жердегі кадр тұрақтылығының өзі емдеу жұмыстарының ойдағыдай ұйымдастырылып келе жатқан-дығын айғақтайды. Бірнеше жылдан табан аудармастан сол жерде жұмыс жасап келе жатқан, қалыптасқан ұжым болғандықтан,  олар бізге жақсы таныс. Құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің денсаулығын сақтауда өзіндік орны бар госпитальдың тағдыры сол сала қызметкерлерінің көзге көріне бермейтін тынымсыз  жұмысын жақсы түсінетін ардагер ретінде мені қатты алаңдатады. Ең бастысы, дәрігерлер өз міндетін адал атқарып келеді. Дәрі-дәрмекпен, медициналық құрал-жабдықпен қамтулары да көңілімізден шығады. Сондықтан бұл мәселені сарапқа салып, адамдарға алаңсыз жұмыс жасауға, бейбіт өмір сүруге, тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етіп отырған құқық қорғау құрылымы қызметкерлерінің тынымсыз жұмысын ескеріп, госпи-тальды сол күйі қалдыру жөнінде оң шешім қабылданғанын қалаймыз. Қазақстандағы тарихы бай, көне медициналық мекемелердің біріне айналған госпитальдың осы кезге дейін атқарған жұмыстары құмға сіңген іздей болып, жоғалып кетпесе екен деп тілейміз.

Байғали  САДЫРОВ,

облыстық  полиция департаментінің  ардагері,

Орал   қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар