23.04.2019, 11:28
Қараулар: 126
Студенттер пара беретінін мойындайды

Студенттер пара беретінін мойындайды

«Ақ Жайық  –  адалдық  алаңы»  жобасы аясында  мониторингтік  топ  мүшелерінің  жоғары оқу  орындары  мен колледж  студенттеріне  жемқорлық  деңгейі  жөнінде  жүргізген сауалнама  нәтижесінде  Жәңгір  хан атындағы БҚАТУ-дың  7,3%, ҚАЗИИТУ-дың 1,9% студенттері  пара  бергендерін  көрсеткен.  Пара  мөлшері  5  мың  теңгедан басталып, 200  мың теңгеге  дейін  жеткен. Ал  М. Өтемісов атындағы  БҚМУ-дың  студенттері  пара  мөлшері  1000 теңге және  торт  түріндегі  кондитерлік өнім  деп  белгілеген.

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күрес агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлімдеді.

– Барлық ЖОО-ға тән жемқорлық жағдайы рейтинг, сынақ, емтихан тапсыру кездері мен дипломдық жұмысты қорғау, гранттар мен жеңілдіктерді бөлу және диплом қорғау кезінде орын алған. ҚАЗИИТУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенттері сыбайлас жемқорлық жатақханаларда орындарды бөлуде және бір оқу орнынан екінші оқу орнына ауысу жағдайларында орын алатынын көрсетті. 13,3% ҚАЗИИТУ және 47,9% Жәңгір хан атындағы БҚАТУ респонденттері ЖОО-лардағы жемқорлық оқытушыларды жұмысқа қабылдау және оқыту сағаттарын бөлу кезінде орын алады деп есептейді. Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық  және Құрманғазы атындағы музыкалық саз колледждерінің студенттері  оқу процесі барысында жемқорлыққа тап болған.

Оқуға түсерде студенттер музыкалық колледжге 150 мың теңге, Еуразия колледжіне 20 мың теңге пара бергендерін көрсетті, — дейді Болат Исақов.

Оның айтуынша, жүргізілген сауалнамада «Мақсат» медициналық колледжінің студенттері химия, дене шынықтыру және отолорингология пәндері жемқорлықпен байланысты деп белгілеген. ҚАЗИИТУ-дан 10,2%,  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың  студенттері 17,2% жоғары білім беру жүйесіндегі жемқорлықты жою мүмкін емес деп есептейтін көрінеді. Өздері  оқитын оқу орнында жемқорлық жағдайын қалыпты деп 16,4% Жәңгір хан атындағы БҚИТУ, 12,9% М. Өтемісов атындағы БҚМУ және 16,9% колледж студенттері көрсеткен.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар